Астана қаласындағы өртте адамдардың өмірін құтқару кезінде батырлық танытқан Асқар Забикулин қайтыс болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
ТЖД баспасөз қызметінен жазғандай, Асқарды аман алып қалу үшін дәрігерлер бірнеше тәулік бойы аянбай еңбек еткен.
Төтенше жағдайлар министрлігінің ұжымы марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
«Төтенше жағдайлар министрлігінің ұжымы Асқар Забикулиннің туған-туыстарына, жақындарына қайғыра көңіл айтады. Ол өз ісінің маманы ретінде жадымызда мәңгі қалады. Асқар ақжарқын адам, жауапты қызметкер, кәсіби өрт сөндіруші және сауатты маман болды. Әріптестері арасында әділ, өз мамандығын сүйетін қызметкер ретінде құрметке ие», делінген ведомство хабарламасында.
Асқардың артында әйелі мен екі баласы қалды. Төтенше жағдайлар министрлігі марқұм болған өрт сөндірушінің отбасына жан-жақты көмек пен қолдау көрсететінін қосты.
Еске салайық, 16 қарашада елордалық өрт сөндірушілер Астанада өртеніп жатқан пәтерден бес адамды аман алып қалған болатын. Кейін Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлағандай, өртті сөндіру кезінде өрт сөндірушілердің өздерін де күйік шалған. Қазіргі таңда өрттің шығу себебі анықталып жатыр.