• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 22 Қараша, 2022

Кепілсіз кредит: Сыйақы мөлшерлемесін төмендету кімге тиімді?

308 рет
көрсетілді

Қазақстанда жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) 56-дан 40 пайызға дейін төмендету ұсынылды. Мұндай ұсынысты Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова Алматыда өткен X Қаржыгерлер конгресінде мәлімдеді. 2011 жылдан бері елімізде ЖТСМ барлық банк займдары мен микронесиелер бойынша 56 пайыз болған еді. 2021 жылдың жазында кепілмен берілетін кредиттер үшін ЖТСМ 40 пайызға, ипотека бойынша 25 пайызға, 45 күн мерзімге 50 АЕК сомасына дейін ұсынылатын кепілді микронесие бойынша 30-дан 20 пайызға дейін төмендетілген болатын. Ал кепілсіз тұтынушылық несие және микроқаржы ұйымдарының несиелері 56 пайыз деңгейінде қала берді. Ү.Шаяхметова осы соңғы 56 пайызды да 40 пайыз қылуды ұсынып отыр.

«Экономикаға барлығы 21 трлн теңге кредит берілсе, соның 13 трлн теңгесі – тұтынушы­лық несиелер (ипотеканы қоса ал­ғанда). 8 трлн теңге заңды тұл­ғаларға өндіріс үшін, экономи­каны дамыту үшін берілген. Несиенің бұл түрінің әрдайым төмендеп келе жатқанын да айта кетейік. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ка­питалды есептеу бойынша ша­ралар қабылдап жатыр. Со­ны­мен қатар тиімді ставканы тө­мендету секілді басқа да құ­рал­дар бар екенін айтқым ке­леді. Қазір жылдық тиімді сый­ақы мөлшерлемесі 56 пайызбен рет­теледі, соны 40 пайызға де­йін төмендету керек. Соның нә­ти­жесінде, банктердің маржасы азаяды және бөлшек несие беру бұрынғыдай аса тиімді болмайды. Қазір көбі табыс­ты қолма-қол алғысы келеді. Өйт­кені ақша карточкаға түссе, проб­лемалық займның бар болуы себепті, ақшасы ұсталып қалады. Екінші жағдай – импорттық тұ­тыну тауарларының несиесі. Теле­фон, басқа да құралдар. Біз­дің халық өзінің төлей алатын мүм­кіндігінің шегінде несие алу керектігін біле бермейді. Мүм­кін несие амнистиясы жарияла­нып қалар, не болмаса банк бан­кроттыққа ұшырар, сөйтіп қарызымыз кешіріліп кетер деп үміттенеді», деді банк басшы­сы Қазақстан Қаржыгерлер кон­гресінде сөйлеген сөзінде.

Ұлттық банк дерегі бойын­ша, қыркүйекте тұтынушылық несие қарқыны артты. Азаматтарға базалық ставканың қымбаттауы да кедергі болмай жатқан сияқты. Тұтынушылық несие жылдық мәнде 27,7 пайызға ұлғайып, 7,19 трлн теңге болды. Ипотекалық несие жылдық мәнде 47 пайызға көбейіп, 4,27 трлн теңгеге жетті.

«Халықтың несие жүктеме­сін азайту үшін бірігіп жұмыс істеуіміз керек. Портфелде проб­лемалық займ саны да артып бара жатыр», деді ол.

Телеграмдағы Tengenomika кана­лының жазуынша, тұтыну­шылық займ сыйақысы бойынша тиімді ставканың төмендетілуі банк­тер мен өзге де қаржы инсти­тут­тарының маржасын шектеп, мұн­дай қарыздарды беруде демо­тивациялық әсер ететін болады.

«Қазіргі сыйақы ставкасы­мен банктер 30 пайыздан асатын ­кез келген тұтынушылық займнан табыс түсіреді. Шекті ставка ен­гізілгенге дейін микроқаржы ұйымдары аспандап кеткен сый­ақымен несие бере алатын. Банк­тер қазір де тұтынушылық қарыз бойынша жылдық 56 пайызбен несие беру мүмкіндігіне ие. Тиімді ставканы 16 пайызға кеміту халықтың несие төлеу мүм­кіндігін біршама жеңілдетеді. Бұл өте маңызды, өйткені мерзімі өткен және жұмыс істемейтін қарыздардың көрсеткіштеріне оң әсер етеді. Сондықтан ЖТСМ-ның 56-дан 40-қа дейін азаюы несиеге батқан халықтың проблемасын ішінара шешуге көмектесер еді деп ойлаймыз», дейді канал сарапшылары.

Тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев те бұл идея­ны қолдайды. Дегенмен қай­шылықты пікірі бар екенін де жасырмайды.

«ЖТСМ-ны төмендету рас, банктердің несие беруге деген ынтасын төмендетеді. Демек, эко­номика тағы да баяулай тү­седі деген сөз. Екіншіден, несие бо­йынша банк тарапынан ма­құлдаудың азаюы салдарынан лицензиясы жоқ ойыншылар көлеңкелі несие беру үрдісін өр­шітуі ықтимал», дейді ол.

Бұл көзқараспен RiskTakersKZ сарапшылары келісе қоймайды. Олардың сөзіне қарағанда, бізде тауарлар мен қызметтердің 55 па­йыздан астамы несиеге импортталады. Яғни шеттен сатып аламыз. Сондықтан несие берудің азаюы экономиканы баяулата қоймайды.

«Экономика бойынша оқулық­тардан білетініміздей, импорт өсімі қысқа мерзімді перс­пективада ішкі жалпы өнімді (ІЖӨ) төмендетеді. Қайталама әсерлерді ескере отырып, несие берудің төмендеуіне байланысты баяулау 0,1 пайыздық тармақтан аз болады. Алайда экономика­ның баяулауы қатты білінбейді. Біздің бағалауымыз бойынша, тұтынушылық несиелер өсімі келер жылы да жалғасады. Ал банк­терден несие ала алмаған адам­дардың лицензиясыз ойын­шыларды жағалауы туралы тәуекел қашанда бар және он­дай тәуекел үнемі болған. Мысалы, қазірдің өзінде банктен тауы шағы­лып қайтқан тұтынушы мик­ро­қаржы ұйымдарына барады. Ал олардың тәуекел-тәбеті тым жоғары екенін бәріміз де біле­міз. Бірақ онлайн несие беруге тыйым салу және төлем қабілеті төмен азаматтарға несие беру мүмкіндігін шектеу жайлы бастамалар көтеріле бастады», дейді RiskTakersKZ.

Әрине, банктердің бәрі бірдей ойламайды. Оларға ең бірінші кезекте табыс керек. Кепілсіз несие бойынша ЖТСМ-ны 40 пайызға дейін төмендетіп тас­тау нәпақасын тұтынушылық кре­диттен айырып отырған қар­жы институттарына ұнамауы мүмкін. Оның үстіне қазіргі қым­батшылық жағдайында несие көлемінің үлкен қарқынмен өсіп бара жатқанын да көріп отырмыз. Отандық тұтынушыларға ештеңе де шектеу бола алып жатқан жоқ. Базалық ставка – 16 пайыз. Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, қатаң ақша-несие саясаты әрі қарай жалғаса береді. Демек, несие жақын арада арзандамайды деген сөз.

«Қазір команда біздің болжамдарымызды қайта жаңарту тұрғысында жұмыс істеп жатыр. Осы болжамдық раундтың қо­ры­тындысы бойынша деректер мен бірқатар макроэкономикалық фак­торға сүйене отырып, шешім қабылдаймыз. Қажеттілік туындаса, базалық мөлшерлемені тағы да көтеруге әзірміз. Ол шешім­ді 5 желтоқсанда жариялаймыз. Біз қашанда шешім қабылдарда негізгі макроэкономикалық параметрлер бойынша болжамдарды, инфляциялық күтулерді және басқа да факторларды на­­зарға аламыз. Ақша-кредит жағ­­дайларын күшейте отырып, біз ке­лешек күнге көбірек мән береміз. Себебі қазіргі жоғары инфля­циялық күтулер тұрақтап қал­мауы керек», деді Ғ.Пірматов.