• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 22 Қараша, 2022

Экономикаға несие берудегі мәселелер

205 рет
көрсетілді

Экономикаға кредит беруді шешу біржақты қаралатын мәселе емес. Бұл ретте Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тізе қосып жұмыс істеуі шарт. Дегенмен экономикаға несиені ұсынатын басты инс­титут банктер болғандықтан, олармен тікелей жұмыс істейтін агенттік пікірін білу маңыздырақ. Қайткенмен, агенттік банктердің жай-күйін жақсы біледі, оларды қадағалап, тексереді, әрбір қаржы институтының әлеуетінен хабардар.

Әрине, бизнес субъектілеріне тиімді қаржы көзі қашанда қажет. Бірақ Ұлттық банк бірнеше ай қатарынан қатаң ақша-несие саясатын ұстанады. Бұл кәсіпкерлер үшін оңайға соқпайды. Агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, ақша-несие саясатының қатаңдатылуына қарамастан, банктерде несие берудің оң серпіні байқалады. 2022 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша экономикаға 21,1 трлн теңге несие берілген. Оның ішінде, заңды тұлғаларға – 8 трлн тең­ге. Егер жеке кәсіпкерлерге берілген қарыз­дарды қоса есептейтін болсақ, биыл 9 айда бизнес еншісіне тиген қарыз­дың жалпы сомасы – 8,9 трлн теңге.

«Бизнеске кредит беру құрылымында шағын және орта бизнес субъектілеріне берілген кредиттер басым, олар жыл басынан бері 6,8 пайызға, 5,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Осы жылдың 9 айында қарыз алушы саны 167 мыңнан 255 мың­ға өскен. ШОБ кредиттері 2020 жыл­дан бас­­тап оң серпінді көрсетіп отыр. Бұл көп жағ­дайда реттеушілік ынталандыру шара- ларымен және кәсіпкерлерге пайыздық мөл­шерлемелерді субсидиялауға және ке­піл­­мен қамтамасыз ету жеткіліксіз бол­­ған кезде кепілдік алуға мүмкіндік бере­­тін кәсіпкерлікті дамытуды мемле­кет­­тік қолдаудың іске асырылып жат­қан бағ­­дарламаларына байланысты. Биыл «Қа­ра­пайым заттар экономикасы» бағ­дарламасын 2023 жылдың соңы­на дейін ұзарту туралы шешім қабыл­данып, осы бағдарлама бойынша банк­терді қаржыландыру лимиттері кеңейтілді, субсидиялар деңгейі базалық мөлшерлемеге байланыстырылды», дейді М.Әбілқасымова.

Ірі бизнеске берілетін кредиттер 2,7 пайызға, 3,3 трлн теңгеге дейін өскен. ШОБ кредиттерімен салыстырғанда ірі бизнестің барынша баяу өсу қарқыны осы жылғы ірі өтеулермен, сондай-ақ стрес­­тік активтерді төмендету жөніндегі жос­парлар шеңберінде қарыздарды есептен шығаруды жалғастырумен байланысты.

Экономикаға кредит беруге қолдау көрсету мақсатында агенттік реттеушілік сипаттағы жаңа ынталандыру шараларын қабылдаған.

«Банктер капиталының жеткілікті қоры – олардың несие ұсыну белсенділігін арттырудың аса маңызды факторы. Осыған байланысты агенттік ШОБ қарыз­­дары бойынша тәуекел-саралау коэф­фициенттерін 50 пайызға дейін азайт­ты. Бұл аталған сегментке кредит беруді ұлғайтуға ықпал етеді. Банктердің өтімділігіне қысымды азайту және биз­неске кредит беру үшін қосымша қара­жат бөлу мақсатында өтімділік пен қор­­ландыру нормативтерінің мән­дері 1-ден 0,8-ге дейін төмендетілді. Бизнес субъек­тілеріндегі, әсіресе ШОБ-тағы күр­делі жағдайды және сапалы ке­піл­дер­дің тапшылығын ескере оты­рып, жыл­жымайтын мүлік және жер учас­ке­лері, жабдық, дайын өнім және ТМҚ, бола­шақта МЖӘ шарттары мен off-take келісім­шарттары бойынша келіп түсетін ақша қаражаты түріндегі кепілдер бо­йынша өтім­ділік коэффициенттерін арттыру ар­қылы банктердің кепіл саясатына қо­йы­латын талаптар жеңілдетілді», дейді.

Бұдан басқа, рейтингі жоғары қар­жы институттарының кепілдіктері есе­бінен өтімді қамтамасыз ету тізбесі кеңей­­тіл­ген. Біздің ынталандыру шарала­ры­мыз қаржылық тұрақтылықты қам­­тамасыз ету мен экономиканың нақ­ты секторына кредит берудің өсуін қол­дау арасындағы теңгерімді қолдауға бағытталған. М.Әбілқасымованың сөзіне ден қойсақ, осыған дейін экономикаға несие ұсыну банк пен нақты секторларға тән құрылымдық қиындықтарға байланысты тежеліп келді.

«Бұл, ең алдымен, банктердегі пас­сив­тердің әлсіз әртараптандыры­луы және тұрақты ұзақ мерзімді қор­лар­­дың тапшылығы. Нақты сектор кәсіп­­орындарының шамадан тыс кре­диттелуі, кепіл тетіктерінің және дәр­менсіздікті реттеудің тиімділігін азай­татын заңнамалық кедергілер де бас­ты себептер қатарында. Кредит беру­дің сапалы өсуін қамтамасыз ету үшін баға және қаржы тұрақтылығын, фискалдық саясаттың теңгерімділігін, нақ­ты сектор кәсіпорындары мен банк­тердің орнықтылығын қамтамасыз етуге, сон­дай-ақ кепіл тетіктерінің және бан­кроттық институтының тиімділігін арт­тыруға бағытталған дәйекті және үйлес­тірілген макроэкономикалық саясатты іске асыру қажет», деп атап өтті агенттік төрағасы.