«Партиялық емес байқау орталығы» қоғамдық бірлестігі кезектен тыс президент сайлауын қоғамдық бақылауға қатысты қорытынды мәліметті жариялады.
Орталық төрағасы Төлеген Күнәділов дауыс беру барысындағы республикалық жедел штабтың атқарған жұмысы туралы айтып берді. Оның айтуынша, сайлау күні таңертеңгі сағат 6:00-ден бастап 22 мың байқаушы еліміздің барлық сайлау учаскелерінде, соның ішінде ең шалғайдағы сайлау учаскелерінде бақылау жүргізді. Партиялық емес байқау орталығының республикалық штабының жанынан ахуалдық орталық жұмыс істеді. Оған нақты уақыт режімінде орталықтың өңірлік үйлестірушілерінен дауыс беру барысын бақылау туралы келіп түскен өзекті ақпараттар мен деректерге талдау жүргізілген.
«Барлық байқаушылар учаскелерге кедергісіз жіберілді. Учаскелерге келгеннен кейін байқаушылар сайлаушыларға арналған ақпараттық стендтердің ресімделуін тексерді. Байқаушыларға қысым жасау және олардың жұмысына кедергі жасау туралы шағымдар түскен жоқ», деді Т.Күнәділов.
Дауыс беру барысы мен нәтижелеріне әсер етуі мүмкін бұзушылықтар туралы жаппай хабарламалар болған жоқ. Бірақ бірқатар сайлау учаскесінде жекелеген бұзушылықтар тіркелген. Десе де, ондай жағдайдың алды алынып, жалпы сайлаудың заңдылығы мен ашықтығына әсер етпегенін атап өткен жөн. Байқаушылар дауыстарды санау үдерісі барысында бұзушылықтарды анықтамады.
«Бақылаудың негізгі мақсаты заңнаманың, ашықтық пен объективтіліктің сақталуын бақылау болса да, біздің байқаушыларымыздың бірқатар ескертуі кейбір қоғамдық ұйымдар байқаушыларының сайлау учаскелеріндегі теріс әрекетіне қатысты. Бұл фактілер заңды білу деңгейінің жеткіліксіздігіне немесе тәжірибенің болмауына байланысты. Кейбіреулер әдейі арандатып, комиссиялардың жұмысын жамандауға әрекет жасады. Мұндай әрекеттерді сайлау учаскелерінде де, ақпарат алаңында да кездестірдік», деді Төлеген Күнәділов.
Осы ретте, учаскелердегі ағымдағы жағдайдың объективті бейнесін көрсету мақсатында Партиялық емес байқау орталығының байқаушылары әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жүргізген. «Сайлау күні байқаушылар 3 мыңнан астам жазба жариялады, олар шынайы ақпаратпен кейбір жасанды оқиғалардың мәнін жан-жақты түсіндірді. Күні бойы келіп түскен ақпаратты талдап, жедел тексере отырып, біз әлеуметтік желілер мен БАҚ-тағы өз аккаунттарымызда тиісті мәлімдемелер жарияладық», деді Т.Күнәділов.