Өңірдегі өңсіз өңі ондаған жылдар бойы өзгермей келе жатқан сойылдай мәселенің бірі – бей-берекет шашылған, жаз бойы жаман иісі мүңкіп тұратын, шыбын-шіркей жиналып, құрттап, егеуқұйрықтардың мекен ететін жеріне айналған қоқыс үйінділері.
Далада емес, қалада. Қала болғанда да облыс орталығында. Бұл мәселе сан мәрте көтерілген, әйтсе де сол жабулы қазан жабулы күйінде келеді. Қала тұрғындары наразылық білдіргелі қашан. Көкшетауда қатты тұрмыстық полигоны жоқ. Әуежай маңында ұзақ жылдар бойы қоқыс қабылдаған полигон 2018 жылы әуе айлағының санитарлық тазалығына байланысты қойылатын талаптарға, экологтердің дабыл көтеруіне байланысты жабылып тынды. Оның өзі де жаз бойы ара-тұра өртеніп, жаман иісі мен қою, қара түтіні қаланың үстін қаптай жауып, күннің жүзін көрсетпей жататын. Бұдан кейін қаладан шығарылатын тұрмыстық қалдықтар басқа жерге тасымалданады деген ұйғарым жасалды.
Таңдау Краснояр ауылдық округіне қарасты Элита ауылының сыртындағы бос жатқан алаңқайға түсті. Бірақ бұл да тығырықтан шығаратын төте жол емес еді. Күншығыстан жел соқса, жүрек айнытар жаман иіс қаланы қаумалап алатын. Элита ауылының тұрғындары әуелі өкпе-назын жұқалап айтып көрген. Кейін кәдімгідей өрекпіген дауға айналды. Ақыры полигон жабылып тынды. Жабылғанымен, зардабы қалды. Ала жаздай бірнеше мәрте өрт шалып, қара түтіні қаланың үстін торлап алатын. Иісі даланы да, қаланы да жайлап кетті. Мамандар бұл қалдықтардың табиғи ыдырауы деп түсіндіретін.
– Қажетті сараптама жасалып, полигонды 70 пайыз қалпына келтіруге дайын инвестор да табылған, – дейді қала әкімінің орынбасары Дәулет Жүнісов, – қалдықтарды уақытша орналастыруға жалпы аумақтың 30 пайызын қалдырсақ, Экологиялық кодекстің талаптарын сақтайтын едік.
Бірақ ауыл тұрғындары бұл шешімге үзілді-кесілді қарсы тұрды. Дауды өршітпей, халық саябыр тапсын деп қала басшылары болашақ полигон аймағында қатты тұрмыстық қалдықтарды уақытша сақтау үшін 20 гектар жер телімін бөлу туралы мәселені қарастыруда. Қала әкімдігі амалсыздан тұрмыстық қалдықтарды әуежай маңындағы бұрынғы полигонға уақытша тасымалдай тұру туралы шешім қабылдады. Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Дәулет Жүнісовтың айтуына қарағанда, мәселе тұрмыстық қатты қалдықтардың жаңа полигонын салған кезде ғана түбегейлі шешілмек.
Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы жаңа Экологиялық кодекстің талаптарына жауап беретін полигон салу үшін техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттама әзірлемек. Бірақ бұл бүгін-ертең біте қоятын шаруа емес. Жаңа полигонды салуға кем дегенде 4-5 жыл қажет екен.
Қоқыс өңдейтін зауыттың құрылысы бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Әйтсе де, әлі бір шешімін тапқан жоқ. Былтыр Оңтүстік Кореядан инвестор келеді екен деген хабар тарағанымен жақсылық бола қойған жоқ. Бүгінгі таңда облыс орталығында тұрмыстық қалдықтарды шығарып, тазалаумен үш кәсіпорын айналысады. Олар барлығы 110 мың абонентке қызмет көрсетеді. Осы арада қисынға келмейтін тағы бір есеп бар. Статистикалық деректерге қарағанда, облыс орталығында 165 мың тұрғын бар. Қалған 55 мың адам тұрмыстық қалдықтарын қайда жіберіп жатыр?
– Өткен жылы біз жеке сектордағы 300-ге жуық үйді аралап, тек 21-імен ғана шарт жасастық. Тұрғындар барлық қоқысты өртеп жібереміз, сондықтан ешқандай келісім жасамаймыз деп отыр, – дейді «Тазалық» серіктестігінің басшысы Олег Топорков, – Шын мәнінде қала тұрғындары қоқысты жол бойына, қоршаулардың маңына аткөпір етіп төгіп тастайды. Әйтпесе, көліктеріне салып алып барып, көпқабатты үйлердің жанындағы контейнерлік алаңдарды толтырады. Осы бір тәртіпсіздікке тосқауыл қоя алмай отырмыз.
Төлемақы төлеуде де түйткіл аз емес. Қала тазалығымен айналысатын жеке кәсіпкер Әділ Елемесовтың айтуына қарағанда, қала тұрғындары миллиондап қарызын төлемей отыр. Дегенмен де қоқыс алаңдарын тазалауға мәжбүр.
– Жалпы, адамдардың ішкі мәдениеті болуы керек, – дейді кәсіпкер, – тұрғындар қоқыс алаңына ескі тұрмыстық техникаларын, қажетсіз жиһаздарын, құрылыс қалдықтарын тастай береді. Бұл заттар көлемді болғандықтан біздің көлігімізге сыймайды. Салдарынан қалдық алаңдары аткөпір болып шашылып жатады. Бұралқы ит пен мысық та осы жерден тамақ іздеп, шашып тастайды. Қиындық шашетектен. Оның үстіне төлем тарифі де соңғы он жыл бойы өзгеріссіз.
Осы жылдың 1 желтоқсанынан бастап қала тұрғындары қоқыс шығаратын кәсіпорындар қалдықты сұрыптау мен көмуді ұйымдастыру үшін тиісінше 377 теңгеден 438 теңгеге дейін төлем төлемек. Тарифті бекіту кезінде коммуналдық қызметтердің жанар-жағармайға, қосалқы бөлшектерге, жұмысшылардың соңғы уақыттағы сәл-пәл көтерілген жалақысына жұмсалатын нақты шығындар ескерілген.
– Техникаға қажетті қосалқы бөлшектің бағасы өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есеге өсіп кетті, – дейді Дәулет Жүнісов. – Мәселен, 2021 жылдың сәуір айында дизель отынының 1 литрі 187 теңге болса, бүгінде – 260 теңге.
«Тазалық» серіктестігінің директоры Олег Топорковтың айтуына қарағанда, олар соңғы екі жыл бойы тарифті көтеру керек екендігін дәлелдеумен келеді. Әйтсе де, кәсіпкер Әділ Елемесов тарифтің көтерілуін күтпей, өз жұмысшыларының жалақысын орта есеппен 250 мың теңгеге дейін көтерген.
Соңғы уақытта қала тұрғындарының осы бір түйткілді мәселеге байланысты арыз-шағымы өте көп. Осының барлығы шаруаның ретке келтірілмеуінен. Мәселен, қаладағы шағын аудандардың бірінде 13 көпқабатты тұрғын үйдің жанында бір ғана контейнер алаңы бар. Демек, жүктеме өте көп. Қазір мамандардың есептеуіне қарағанда, облыс орталығында ұзын-ырғасы 2 мыңға жуық контейнер тұрғанымен, әлі де кем дегенде 750 контейнер қойылуы қажет. Бүгінде 105 контейнер алаңы ғана заңдастырылған. Қоқыс алаңдарын қоршауға қаражат қарастырылуда.
Қоқыс таситын компаниялар заңнамаға сәйкес контейнер алаңдарын салу, иесіз контейнерлердің құқықтық құжаттарын жасау, ірі көлемдегі қоқыстарды төгуді ыңғайластыру тәрізді мәселелерге байланысты тариф бағасы көтерілсе деп отыр. Тариф көтерілгенімен, тазалық бола қояр ма екен дейді тазалықтың жоқтығынан тақсырет тартқан қала тұрғындары.
КӨКШЕТАУ