Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Ақжол ауылдық округінде су жаңа мұнай жылыту пеші іске қосылды. Пешті «ҚазТрансОйл» компаниясының тапсырысы бойынша Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы жасаған. Бұл – Қазақстанда жасалған алғашқы мұнай жылыту пеші.
Айта кетейік, құбыр арқылы тасымалданатын мұнай өнімдері, әсіресе, қыс күндері қоюланып, қатып қалмауы, құбырдан жеңіл өтуі үшін жылытылып отырады. Мұндай жылыту пештері әдетте әр 100 шақырым сайын орналастырылады. Кейінгі кезде мұндай пешке сұраныс артты, себебі соңғы халықаралық оқиғаларға байланысты шетелдік зауыттар жабылып қалған. Ал елімізде, тіпті ТМД аумағында мұндай күрделі қондырғыны жасайтын өндіріс орны жоқ.
Сөйтіп, Орал қаласында орналасқан «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ қызметкерлері жаңа жобаға кірісіп кетті. Пешті жобалау, дайындау, монтаждау және іске қосу секілді күрделі тізбекті толық өздері атқарып шықты. КСРО кезінде «Металлист» атымен танымал қару-жарақ зауыты соңғы жылдары бағытын кеңейтіп, нарықта сұранысы бар бірнеше жобаны қолға алған болатын. Ал мына PPN-10 мұнай жылыту пеші – Батыс Қазақстан машина жасау компаниясын жаңа қырынан көрсетті деуге болады.
– Біздің пешіміз барлық сынақтан сәтті өтіп, қолданысқа енгізуге қауіпсіз деп танылды. Бұл бүкіл ТМД аумағында теңдесі жоқ ірі жоба. Біз «ҚазТрансОйл» компаниясының тапсырысын алған соң, барлық мүмкіндікті, ресурсты жұмылдырып, осы құрылғыны жасауға тәуекел еттік. Еңбегіміздің нәтижесі күткендегіден де асып кетті. Өндірістік қуаты жоғары, өрт қауіпсіздігі күшейтілген мұнай қыздыратын автоматтандырылған PPN-10 пеші қашықтан басқарылады. Сонымен қатар өртті азоттың көмегімен сөндіретін автоматтық стансамен жасақталған. Бұл пештің пайдалы әрекет коэффициенті 85 пайызға дейін көбейтілген. Сағатына 825 текшеметр мұнай өткізуге қауқарлы, – дейді «БҚМК» АҚ бас директоры Азамат Битурин.
Жаңа пештің ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, «ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының орынбасары Сәбит Арынов және «БҚМК» АҚ бас директоры Азамат Битурин бастаған компания қызметкерлері қатысты.
Ғали Есқалиевтің пікіріне қарағанда, зауыттың жаңа өнімі тек облыстың емес, бүкіл еліміздің машина жасау саласын дамытуға қосқан зор үлес.
– Бүгінде Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы еліміздің мұнай-газ секторы саласына қажетті жоғары технологиялық жабдықтарды әзірлейтін және өндіретін жетекші кәсіпорынға айналды. Мұндай инновациялық жабдықты өндіру біздің өңірде жоғары білікті техникалық кадрлардың жеткілікті екенін көрсетеді. «БҚМК» бұрынғы «Металлист» қару-жарақ зауытының мәртебесін сақтай отырып, өндірістік қуатын арттыру арқылы азаматтық өнімдердің жаңа түрлерін игере алды. «ҚазТрансОйл» АҚ-ның біздің компаниямызға деген сенімі үшін алғыс білдіремін. Мұндай нәтижелі ынтымақтастықтың болашағына зор сенім білдіре отырып, алдағы уақытта тапсырыстардың одан әрі арта түсуіне тілектеспін, – деді облыс әкімі.
Оралдық конструкторлардың бірегей әдістері қолданылып жасалған PPN-10 мұнай жылыту пешінде қазақстандық қамту үлесі шамамен 80%-ды құрайды. Бұл Орал зауытына жергілікті нарықтағы шетелдік аналогтармен бәсекелесуге мүмкіндік береді дейді мамандар.
Батыс Қазақстан облысы