• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Сұхбат 24 Қараша, 2022

Тұрысбек Мыятбеков: Сот – әділдік жоқтаушысы

382 рет
көрсетілді

– Еліміз жаңа кезеңнің, жаңа меженің алдында тұр. Күні кеше өз таңдауын жасап,­ Мемлекет басшысына сенім арт­қан халық «Әділетті Қазақ­стан» тұжырымдамасының іске асатынынан үмітті. Ал ха­лық­ты біріктірген осы асқақ идея­ны жүзеге асырудағы отан­дық соттың рөлі қандай?

– Әділетті Қазақстан – қазір­гідей сындарлы кезеңде елді бір мақсатқа біріктірген әлеуеті күшті, болашағы үлкен жос­пар. Бұл тұжырымдаманың алғы­шарты – әділ сот жүйесі. Әділетті мемлекет құру біздің елдігіміздің, мемлекетіміздің іргетасы, не­гізі. Ал оның тиімді жүзеге асуы бәрімізге байланысты. Алып Американың Президенті бол­ған Рональд Рейган «Ең ұлы көш­басшы міндетті түрде ең үл­кен істерді жасайтын адам емес. Ол адамдарды ең үлкен істер жа­сауға мәжбүр ететін адам» деген екен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа идеялар ұсынумен қатар әр саланың жандануына, әр аза­маттың қабілет-қарымын көр­сетуіне барынша қолдау көрсетіп келеді. Отандық соттың бүгінгі жетістігі мен алдағы ілкімді істе­ріне «Әділетті Қазақстан» тұ­жырымдамасында берілген бағыт-бағдардың серпін берері анық. Елімізде азаматтардың құ­қығы мен бостандығын қам­та­масыз ету мақсатындағы жұмыс­тар жыл санап жетілдіріліп жа­тыр. Дұрыс әрі әділ шешім шыға­ра­тын сот төрелігін қалыптастыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Сот жүйесіндегі реформалар елімізде ашық әрі әділетті қоғам құ­руға жол ашып отыр. Сол арқы­лы азаматтардың құқығын қор­ғаудың конституциялық тетік­тері күшейе түсті. Алдағы уа­қытта сот корпусын білікті кадр­лармен жасақтау, сот жұмы­сы­ның сапасын көтеру, судья тәуелсіздігін нығайту, заңдарды жетілдіру бағытында жасалып жатқан реформалар өз жемісін берері анық.

– Жұмысының мәні мен мін­деті тура төрелікке негізделген сот саласы реформадан кенде болып жатқан жоқ. Осы жаңа­шылдықтардың нәтижесі қан­дай? Халық оң өзгерісті сезініп отыр ма?

– Сот төрелігін жүзеге асыру­дағы басты мақсат «Адам құ­қық­тарының сақталуы мен заң үстемдігін қамтамасыз ету». Жалпы, тарихымызға үңілетін болсақ та, халық үшін «төрелік», «әділдік» деген ұғымдар әрқа­шан­да мағынасы терең, маңызы зор ұғым болған. Себебі кең ой­лап, кесек пайым жасаған кемеңгер қазақ осы ұғымдардың артында адам тағдыры, ел тағ­ды­ры тұрғанын жете түсінген. Сон­дықтан да біз үшін «Билер институтының» орны әрқашанда биік, беделді. Дана билеріміздің әділ төрелік арқасында ел ты­ныш­­тығы мен жер тұтастығын сақ­тағанына тарих куә.

Өткеннен сабақ алмай, жар­қын болашаққа жол бастау қиын. Сондықтан да болар Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаев «қара қылды қақ жарған» билер жолын жалғастыруымыз керек деп, Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған саясатында сот жүйе­сіне үлкен жауапкершілік ар­тып отыр. Саланы жаңғырту, жа­ңарту бағытында бұған дейін де ауқымды жұмыстар атқарылған, алдағы уақытта да бұл үрдіс тоқ­та­майды. Өйткені «Тосылған судың тұнығы болмайтыны» сияқ­ты бір шеңберден шықпаған, іл­гері қадам жасамаған салада да тоқырау орын алатыны түсінікті. Осыған орай, сот қызметін оң­тайландыру, ашықтығы мен қол­же­тімділігін арттыру, саланы ха­лыққа жақындату бағытында қол­данысқа енгізілген заң, тәжіри­беге қосылған жобалардың тиім­ділігін халық көріп, біліп отыр.

«Жалғыздың үні шықпас» деген дана бабаларымыз. Сот­тағы жобалардың өмірлік болуы, өзін өзі ақтауы тек бізге ғана байланысты емес. Биылғы Жол­дауда да саланың жұмысын жан­дандыруға серпін беретін іргелі тапсырмалар айтылды. Десек те, қазіргі таңда орын алып отыр­ған өте күрделі «әлемдік гео­политикалық» ахуал кезінде, Пре­зидент саясатының нәтижелі болуы еліне жанашыр әрбір аза­маттың, әрбір судьяның, әр­бір сот қызметкерінің нақты жұ­мы­сы мен жауапкершілігіне тәуел­ді екенін айтпай кетуге бол­­майды. Әрбір адам талап қою мен жауапкершілікті өзінен бас­­тауы керек. Сондықтан да жұмы­сымда «Әрбір тұлғаға әділ­дікті қамтамасыз етпей, бү­кіл қоғамның бейбітшілік пен бір­лікте тату өмір сүруіне қол жет­кізу мүмкін емес» деген ұста­нымды басшылыққа алып келемін.

Сотқа жүгінген әрбір тұлға әділдік іздеп келетіні сөзсіз. Егер әділдіктің бар екеніне, төреліктің тура екеніне тараптардың көзін жеткізе алсақ, мақсатымыздың орындалғаны. Еліміздің кез келген азаматы әділдіктің орнайтынына сенімді болған кезде ғана сапалы төрелікке қол жеткіздік деп айта аламыз.

– «Ауыр істің салмағы білек­ке түседі, ауыр сөздің салмағы жүрекке түседі» дейді қазақ. Әр істі таразылаған сайын бі­легіне де, жүрегіне де салмақ түсетін судьялар қызметінің ауыр­лығын төрағадан артық еш­кім білмес. Бүгінгі судьялар­ бетпе-бет­ келетін қандай түйткілдер бар?

– Кез келген істің артында адам тағдыры тұрғандықтан, істі қарау барысында туындайтын мәселе өте көп. Осы ретте, әкімшілік іс­терді қарайтын судьялардың жұ­мысын айтпай кетуге бол­май­ды. Өйткені тәжірибеге енді қосылған әкімшілік соттарда істі таразылаудың тәртібі бөлек. Көп­шілікке түсінікті болу үшін, бұл қиындықтарды салыстыра отырып айтып өткен жөн. Мәселен, аза­маттық істерді қарайтын судья тараптардың берген дәлел­де­мелерін зерттеумен ғана шек­те­леді. Әрі тек осы ұсынылған дәлелдемелердің шеңберінде шешім шығарады. Өйткені соттың өз бетінше дәлелдеме жинақтауға құқығы жоқ. Егер тарап қандай да бір дәлелдемені бірінші саты сотына ұсынбаса немесе сол дә­лелдемені алдыртуға сотқа өті­ніш білдірмесе, ол дәлелдемені жоғары тұрған сот сатылары да қабылдамайды. Соттар тараптың бұл әрекетін процессуалдық мүм­кіндігін жіберіп алды деп бағалап, істе бар дәлелдемелердің шең­берінде ғана саралап, шешім шығарады.

Сол сияқты қылмыстық істерде де судьялар айыптау тарабы мен қорғау тарабының ұсынған дәлелдемелерін зерделеумен ғана шектеледі. Бұл жерде де судья өз бетінше дәлелдеме жи­нақтамайды. Сондай-ақ әкім­шілік құқықбұзушылық істер­де де судья қолдағы бар дә­лел­демелер бойынша соңғы сөзін айтады. Ал әкімшілік істердегі жағдай мүлде басқаша. Мұнда «судьялардың белсенді рөлі» қағидасы басшылыққа алынады. Әкімшілік істі қарайтын судья сотқа арыз түскеннен бастап бел­сенді рөл атқарады, яғни арыздың дұрыс жазылуы, арыздағы та­лап­тың дұрыс қойылуы, азаматтың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін қажетті дәлелдемелер шеңберін айқындау, жинақтау – осының барлығы әкімшілік іс қарайтын судьяның алдында тұрған мәселе.

Түркістан өңіріндегі сотқа жүгінген азаматтардың барлығы құқықтық сауатты, заңнан хабары бар адамдар деп айта алмаймыз. Оларға көп жағдайда істі қарап жатқан судья заңгер ретінде де көмектесуге мәжбүр болады. Оны­мен қоса, әкімшілік істі қа­райтын судья өзінің шығарған сот актісінің толық орындалуын аяғына дейін қадағалауы керек. Толық орындалғаннан кейін ғана іс кеңсеге өткізіледі, ал оған дейін сот актісінің орындалуы судьяның жауапкершілігінде болады. Яғни салыстырмалы түрде айтқанда басқа санаттағы істер бойынша судьялар сот акті­сін орындауға жолдайды да, істі кеңсеге өткізеді, әрі қарай сот ак­тісінің орындалуын қадағалау соттың кеңсе меңгерушісіне жүк­теледі. Осыдан байқап тұр­ға­нымыздай, әкімшілік сот судья­ларының жауаптылығы мен жұ­мысы басқалардан көп. Бірақ нәтижесінде, әкімшілік істі қараған судьяның «мен аза­мат­тың бұзылған құқығын қал­пына келтірдім» деп нық сенім­мен айтуына болады. Себебі аза­мат­тың бұзылған құқығы істі қара­ған судьяның белсенділігі мен біліктілігінің арқасында қалпына келеді.

– Әкімшілік әділет институ­ты­ның тәжірибеге енгеніне бір жылдан асты. Жаңа сот пен судьялар жұмысы халық кө­ңілінен шығып жатыр ма?

– Әкімшілік істерді қарау – күрделі процесс, онымен қоса сот ісін жүргізудің осы моделі 2021 жылы ғана енгізілді. Яғни сот тәжірибесі әлі толыққанды орныққан жоқ, сондықтан бір­шама қиындықтар әлі де бар. Дегенмен де, сот ісін жүргізудің осы моделі облыс халқы үшін оң нәтижесін беруде, әкімшілік сот толық жұмыс жасап, істер қаралып, шешімдер шығарылып, құқықтар қалпына келтіріліп жатыр.

Жалпы, істерді қарау барысын­да туындаған мәселелер заң шең­берінде шешіледі. Кей кездерде істі қарап жатқан судьяның заңды жетік білмеуінен немесе дұрыс қолдана алмауынан қателіктер орын алатыны жасырын емес. Мұндай қателер жоғары тұрған сот сатысында түзеледі, дегенмен де әрбір судьяның қатесі халықтың сенімінің төмендеуіне алып ке­леді. Сондықтан да заңсыз сот актілерінің алдын алу бағытында шаралар қабылдап жатырмыз. Ол үшін апта сайын Түркістан облысындағы барлық судьяның қатысуымен жедел жиналыстар өткізіліп, кемшіліктер талқы­ла­нып, шешу жолдары айқын­да­лады. Бұған қоса, ай сайын аймақтық семинарлар өткізіліп келеді. Облыстық соттың судья­ла­ры орналасу аймақтарына бай­ланысты топтастырылып жи­нақ­талған аудандық соттардың судья­ларын біріктіріп, сот төрелі­гін жүзеге асыру барысында жіберіл­ген қателерімен жұмыс істеп, әрекет етуші заңдарға енгізілген жаңалықтарды талқылап, сот ­тә­жірибесінің біркелкілігін қалып­­тастыруға бағытталған оқы­ту­­лар­ды жүзеге асырады.

Сонымен қатар жұмыс көрсет­кіштері төмен, заңды қолдануда қателерге жиі жол беретін жеке­ле­ген судьялар сенбі сайын об­лыс­тық сотқа шақыртылып, олар­­мен қосымша оқыту жұмыстары жүргізіліп келеді. Осы жұмыстардың нәтижесінде сот тәжірибесін қалыптастыруда оңтайлы жетістіктерге қол жет­кіздік деп ойлаймын. Мысалы, 2021 жылдың 9 айында аудандық соттардың 74 шешімінің күші жойылып, 96 шешімі өзгертілген болса, биылғы 9 айда 44 шешімнің күші жойылып, 46 шешім өзгер­тілген. Яғни аудандық және оған теңестірілген соттардың аза­маттық істер бойынша жұмыс сапасы 50%-ға жуық жақсарған. Қылмыстық істерге келсек, былтырғы жылдың 9 айында аудан­дық соттардың 32 үкімінің күші жойылса, биылғы есеп беру кезеңінде 16 үкімнің күші жойыл­ған, сәйкесінше бұзылған үкімдер саны 50%-ға жақсарған.

– Халықпен жиі кездесіп, қа­былдаулар өткізетініңізді бай­қап жүрміз. Көпшіліктің сотқа деген пікірі қандай?

– «Көп қайда болса, шын­дық сонда» дейді қазақ. Көпші­лік­ке қызмет етіп жүрген соң, олардың пікірін, лебізін тың­дау аса маңызды. Апта сайын аза­маттарды қабылдау себебім де сондықтан. Қабылдау бары­сын­да заң талаптарын түсіндіріп, қабылдауға келген азаматты то­лық тыңдап, соттарға деген нара­зылық көзқарасын басуға ты­рысамын. Онымен қоса, өзде­ріңізге белгілі, қазіргі таңда Президент Жарлығының не­гі­зінде облыс әкімдері аудан­дар­ға шығып, жергілікті халық­пен кездесулер өткізуде. Облыс­ әкімінің аймақтардағы ха­лық­­пен кездесулеріне тиісін­ше аудандық соттардың төраға­ла­ры менің тарабымнан қаты­суға міндеттелген. Сол жерде төрағаларға жергілікті халық­тың соттарға қатысты туындаған сұрақ­тарына түсіндіру жұмыс­та­рын жүргізіп, жергілікті халық­тың соттарға деген оңтайлы көз­қарасын қалыптастыруға тырысу міндеті жүктелген.

Осы жұмыстардың арқасын­­да жергілікті халықтың судьялар­­­дың әрекетіне берген шағымда­ры­ның азаюына қол жеткіздік деп ойлаймын, нақты 2022-жылдың есеп беру кезеңінде 76 шағым түссе, былтырғы жылдың сәй­кес кезеңінде 110 шағым болған, яғни шағымдар саны 46-ға немесе 51%-ға азайған. Сонымен бірге ағымдағы кезеңде сот актілеріне шағым келтіру азайғанын айтып кету керек. Нақты апелляция­лық тәртіппен 2022 жылдың 9 айын­­да алқаға 1036 іс түскен, қал­­дық­ іспен қосқанда барлығы 1220, оның 998-і аяқталған, бұл бар­лық аяқталған істердің 81,8% құ­райды (2021 жылы 1998 тү­сіп, оның 1862 аяқталған, – 962 іс аз түскен). Оның ішінде апел­ля­циялық шағыммен 643 іс түс­кен, бұл бірінші сатыдағы соттармен қабылданған барлық ше­шімдердің 8,9% құрайды, (2021 жылы 972 іс түскен немесе қа­былданған шешімдердің 11,0% құрайды, – 329 шағым аз түскен). Яғни ағымдағы кезеңде сот акті­леріне шағым келтіру 2,1% төмен­де­ген. Бұл көрсеткіштерден сотқа жүгініп жатқан тұлғалардың саны азайғанын көреміз. Біздің пікіріміз бойынша, істің мән-жайларын толыққанды анықтап, сот актілерін тараптарға дұрыс түсіндіру осындай көрсеткіштерге әкеліп отыр.

– Тұрысбек Ерболғанұлы, облыс бойынша бітімгершілік институтын қолдану қандай деңгейде?

– Сотқа жүгінген екі тарапты да қанағаттандыратын, екі тарап та мойындайтын шешім қа­был­дағанда ғана, әділеттілікті ор­натудың биік шыңына жетуге болады. Ал екі тарапты да қана­ғаттандыратын шешім қа­был­дау дегеніміз, ол – екі та­рап­ты татуластыру. Қазіргі таң­да, Жоғарғы сот төрағасы Жа­қып Асанов та соттардан тату­ластыру институттарын кеңі­нен қолдануды талап етіп отыр. Осыған байланысты «Ха­лықаралық Медиация орталы­ғы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облы­сы бойынша өкілдігімен ын­ты­мақ­тас­тық туралы меморандумға қол қойдық. Меморандум аясын­да кәсіби медиаторлардың жұ­мыс­пен қамту орталығының тір­кеуіндегі жұмыссыздарға, зейнеткер, мүгедек, көпбалалы от­басыларға және заңға сәйкес жеңіл­діктерге ие өзге де адамдарға медиация рәсімін тегін жүргізуге қол жеткіздік.

Биылғы 9 айда бітімгершілік институттарын қолданып 1 777 аза­маттық іс қаралса, 2021 жыл­дың сәйкес мерзімінде 1 165 іс бол­ған, яғни биыл бітімгершілікті қолданған істер саны 612-ге кө­бейген. Осы кезеңде 116 әкім­ші­лік іс бойынша медиация қолданылса, 2021 жылғы мұндай істер саны – 9. Яғни бітімгерші­лік институттарын қолдануда да оңтайлы нәтижеге қол жеткізіп келеміз. Бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай да жалғасын табады.

Еліміздің кез келген азаматы әділдіктің орнайтынына сенімді болған кезде ғана, сапалы төре­лікке қол жеткіздік деп айта ала­мыз. Сенімділік қайдан пайда болады? Сенімділік – қолжетімді әділеттіліктен, судьяның беделі мен абыройынан, түсінікті және негізді сот актісінен туын­дай­ды. Сондықтан да күнделікті жұ­мысымды, маған сеніп тапсы­рыл­ған сотта сапалы сот төрелігін қамтамасыз етуге, жергілікті ха­лық­тың сенімін ақтауға, маған жүк­телген жауапкершілікті тиі­сінше деңгейде орындауға арнай­мын.

 

Әңгімелескен

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Түркістан облысы