• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 24 Қараша, 2022

Инфляция үрейін болдырмау шарасы

182 рет
көрсетілді

Ұлттық банктің хабарлауынша, қазір Үкіметпен бірлесіп қолға алған инфляция деңгейін бақылау және төмендету шаралары жүзеге асырылып жатыр. Құжатта өндіріс көлемін ұлғайту, сақтау, тауарлар мен көлік логистикасы, тауарлардың бөлшек саудасы, бағаны бақылау, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеу, жүйелі шаралар сияқты негізгі бес бағыт бойынша жұмыс қарастырылған. Бұдан бөлек, Үкіметтің әлеуметтік маңызы бар өнімдерге бағаны тұрақтандыру жұмыстарын да жүргізіп отырғаны белгілі. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтің айтуынша, қазір Үкіметтің инфляцияны бақылау тәсілін атаулы әлеуметтік көмекке өзгерту мәселесі талқыланып жатыр.

«Осылайша, субсидиялар мақ­сат­ты бола алады, ал тауарларды жеткізу мен өндірістің табыстылығы айтарлықтай серпін алады. Яғни бә­секе мен сұраныс арқылы баға тұрақ­­тандырылуы керек. Ұлттық банк 2023 жылы инфляцияны төмен­дету, 2025 жылдан бастап орта мер­зім­ді мақсаттарды орындау үшін сұра­нысты ұсыныспен теңгерімді ету және экономиканың қызып ке­туін болдырмау үшін базалық мөл­шерлемені көтеру арқылы ақ­ша-кредит шарттарын күшейтіп отыр.­ Төмен инфляция деңгейін тар­­гет­­теп, оған қол жеткізе білу қа­жет. Бұл макроэкономикалық тұ­­рақты­лықты қамтамасыз етіп қана қоймай, шаруашылық жүр­гізу­ші субъектілердің инфляция­лық­ күтулерін мақсатты көрсет­кіш­­­ке жақындатады», дейді А.Баймағамбетов.

Оның сөзіне қарағанда, елімізде сауда саласы тұрақты маржа мен та­быстылыққа ие: баға базалық мөл­шерлеме өзгермесе де өседі. Мәсе­лен, сауда саласындағы нақты сек­тор­дың мониторингі бойынша III тоқ­сандағы сатудың табыстылығы 21,3 пайыз болған. Ұлттық банк­тің бағалауынша, 25 пайыз. Тұрақ­ты сұранысқа байланысты баға өсуі­нің жүктемесі қарапайым тұтыну­шыларға ауыр тиіп отыр. Ұлттық банк өкілі баға мөлшерлемеге бай­­ланысты өсіп отырмағанын, ба­за­лық мөлшерлеменің көтерілуі инфляцияның өсуін қалыптас­тырмай­тынын жеткізді.

«Қазір бөлшек сауданың нақты өсуін шектеп отырған негізгі себеп­тердің бірі – инфляцияның жоғары болуы. Бұл қызметкерлердің жал­ақы­сын индексациялауды талап етеді, жоспарлауды қиындатады, сұ­ранысты тежейді және сайып келгенде, бизнес маржасы мен оның табыстылығының төмендеуіне әке­луі мүмкін», деді ол.

Инфляция өсіміне түрткі бол­ған ішкі негізгі себеп – жоғары инфляциялық күтулер.

– Көші-қон жүйесіндегі қарбалас та белгілі бір деңгейде әсер етті. Соны­мен қатар біршама жаңа тұ­тыну­шы пайда болды. Бұл – жалға алу бағасының айтарлықтай өсуіне, сондай-ақ азық-түлік пен бірқатар қызметке сұраныстың артуына себеп болды. Орташа күтілетін инфляция қазан айында жоғарғы шек саналатын 18,3%-ға көтерілді. Соның әсерінен халық тауарды осы жерден және сол бойда сатып алуға тырысып бақты. Өйткені көпшілік ертең оның қымбаттай түсетініне сенімді еді. Бұл – сұранысты ынталандырады, ал сұраныс тұрақты болса, тұтынушылар бағаны көтеру арқылы шығындарды өте оңай өсіреді. Осы аяда тұтынушылық несиелер көбейді, бюджет шығыстары индекстеліп, жалақы өсті. Бұл да инфляциялық үрдістің күшеюіне жол берді, – деп түсіндірді Ұлттық банк өкілі.

Қазіргі уақытта жеткізу тізбегінің бұзылуы да сауда қатынастарына ауыр салдарын тигізіп жатыр. Үй­реншікті маршруттардан бас тарту керек, жаңа жеткізу желілерін салу керек, ол қымбатқа шығуы да мүмкін. Сол кезде сұранысқа сай тиісті ұсыныс болмай қалуы ғажап емес, бұл өз кезегінде инфляцияның өсуіне алып келеді.

«Осы күнге дейінгі баға өсімінің басым жағы сыртқы факторлармен байланысты. Оның ішінде жекізу тізбегіндегі іркілістер, бағамның ауысу нәтижесі, азық-түлікке, қуат көзіне, қызметтерге сыртқы бағаның жоғары болуы. Бұл тұрғыда әсер етуші негізгі күш – сырттан екенін ұғыну керек. Биыл инфляцияның қарқынды түрде жеделдеуі осыған байланысты болды. Сондай-ақ ин­фляцияның өсу қарқыны ел ішіндегі факторларға да байланыс­ты. Инфляцияның сыртқы бөлігінде лаулап жанған алауды елестетіп көріңізші, оған жоғары инфляциялық кү­тулер, тұтынушылық бағыттағы несиелеу және созылмалы фискальді импульс секілді ішкі факторлар да тамызық болады. Бұлар бол­маса, инфляцияның қарқыны әлде­қайда төмен әрі оны тезірек тұрақ­тандыруға болар еді. Мысалды көп­теп келтіруге болады. Инфляция бар­лық елде өсіп жатыр, алайда оның әр елде қарқыны әрқалай», дейді төраға орынбасары.

Осы ретте инфляциялық күтудің не екенін түсініп алу жөн секілді. Яғни бұл халықтың ертеңгі күнгі қымбатшылықты ойлап алаңдауы. Соған орай әрекет жасап, жос­пар түзуі. Егер халық ертең де қым­бат­шылық болады деп тауарларды бүгін молынан алып тастауға көш­се, онда сатушылар бағаны сөзсіз көте­реді. Өйткені оның тауарына деген сұраныс бар. Кәсіпте де солай. Биз­нес болашақта жоғары инфляция­ны күтетін болса, ол өз жоспарларына күтілетін шығындарды жабу үшін сату бағасына тиісті түзету енгізеді және өзінің инвестициялық жоспарларын белгісіздік деңгейі жоғары ортада құрады. Ертесіне, расымен баға қымбаттайды. Инфляция туады. Сондықтан Ұлттық банк экономикадағы осы процестерді бақылау үшін үй шаруашылықтары мен фирмалардың ғана емес, сонымен қатар кәсіби макроэкономистердің де күтулерін зерттейді.

«Соңғы алынған мәліметтерге сүйенсек, барлық мониторинг субъек­тілерінің күтулері өсті. Үй ша­руа­шылықтары бір жылдан кейін ин­фляция орташа есеппен 18,3% бо­лады деп күтеді. Бұл – бар­лық ба­қылау кезеңіндегі ең жоғары көр­сеткіш. IV тоқсанда фирмалардың квант­талған күтулері 17,6%-ға дейін өсті, бұл да ең жоғары мән. Ма­кро­экономистер де өз болжамдарын ж­аңартты – келер жылғы инфля­ция­ның орташа күтулері 11%-ға дейін жоғарылады. Параметрлер экономикадағы психологиялық ахуалдың инфляцияға бейім екенін, ал инфляция тұрақтанады дегенге халық пен бизнестің сенімі төмен екенін көрсетеді. Осыған байланыс­ты инфляциялық күтуді төмендету үшін күшті, ашық, есеп беретін және тәуелсіз ақша-кредит саясатын жүзеге асыру арқылы сенімге ие болу қажет», дейді А.Баймағамбетов.