Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Біз әділетті мемлекет, әділетті экономика және әділетті қоғам құрамыз. Осы қағидаттар менің сайлау алдындағы тұғырнамамда нақты көрініс тапты. Мен оның әр сөзіне, әр сөйлеміне терең мән бердім. Сайлауалды бағдарламам – бұл ұзақ ой-толғау мен ізденістің нәтижесі. Тіпті, жүрегімнен шықты десем, артық айтқандық емес. Халықтың бастамаларға қолдау білдіріп, үлкен үміт күтіп отырғанын білемін», деді Мемлекет басшысы.
Президент тұғырнаманың әрбір тармағы толық орындалатынын, ол үшін барлық күш-жігерін жұмсайтынын айтты. Осыған байланысты арнайы Жарлыққа қол қойылады. Бұл Жарлық нақты іс-шаралардың жүзеге асуын қамтамасыз етеді.