Қатарда өтіп жатқан футболдан әлем чемпионатының алғашқы аптасы аяқталып, плей-оффқа шыққан құрамалар белгілі бола бастады. Азия құрлығында екінші рет өткізіліп жатқан әлемдік додада Сары құрлық өкілдері бірінен соң бірі сенсация жасап жатса, жарыс қожайыны Қатар екінші турда да сәтсіздікке ұшырап, келесі кезеңге өте алмайтыны белгілі болды. Ал Франция құрамасы ең алғашқылардың бірі болып плей-офф сатысына жолдама алды.
Әлем чемпионаттарының тарихына көз жүгіртер болсақ, Қатар құрамасы жарысты ұйымдастырушы ел ретінде топтық кезеңнен шыға алмаған екінші мемлекет атанды. Алғашқысы – Оңтүстік Африка құрамасы болатын. 2010 жылы ОАР-да өткен құрлық біріншілігінде де жарыс қожайындары топтық кезеңнен әріге аса алмаған еді.
Бірінші турда Эквадордан 2:0 есебімен жеңілген Қатар екінші турда да Сенегал құрамасына жол берді – 3:1. Осылайша, екі матчта да соқыр ұпай олжалай алмаған алаң қожайындары әлем чемпионатында сәтсіздікке ұшыраған алғашқы құрама болды. Сондай-ақ «А» тобындағы екінші матчта Нидерланд Эквадордың осал тұсын таба алмады – 1:1. Десе де екінші турдан кейін «қызғалдақтар» елінің құрамасы Эквадормен бірге турнир кестесінде 4 ұпаймен алғашқы екі орынды бөлісіп тұр. Сенегалдың еншісінде үш ұпай бар.
Азия аймағынан қатысып жатқан өзге елдердің нәтижелеріне тоқталар болсақ, алғашқы турда азулы Аргентина құрамасын тізе бүктірген Сауд Арабия құрамасы екінші турда Польша футболшыларымен кездесіп, 2:0 есебімен жол берді. Бұл матчта Петр Зелиньский мен Роберт Левандовский мергендігімен көзге түсті. Топтағы екінші ойында Аргентина Мексиканы жеңіп, алғашқы үш ұпайына қол жеткізді. Месси қатарынан екінші матчта да мергендігімен көзге түскенін айта кетейік. Екінші тур матчтарынан кейін «С» тобында Польша 4 ұпаймен көш бастады. Үш ұпайы бар Аргентина мен Сауд Арабиясы екінші және үшінші орындарды бөлісіп тұр. Мексика бір ұпаймен көш соңында қалып қойды.
«В» тобында бақ сынап жатқан Иран футболшылары бірінші турда Англия құрамасынан оңбай жеңілсе де (6:2), екінші турда тез ес жиып үлгерді. Иран бұл матчта әлем чемпионатына 1958 жылдан кейін алғаш рет қатысып жатқан Уэльс құрамасымен кездесіп, «Ахмед бин Әли» стадионында өткен тартысты кездесудің соңғы минуттарында жеңісті қарсыластарынан жұлып әкетті – 2:0. 90-минутқа дейін бірде-бір голды тамашалай алмаған жанкүйерлер 90+8 және 90+11-минуттарда екі бірдей тамаша голдың куәсі болды. Кездесудің 86-минутында Уэльс құрамасының қақпашысы Уэйн Хеннесси қызыл қағазбен жазаланып, алаңнан қуылды. Бұл – биылғы әлем біріншілігінде футболшыларға көрсетілген алғашқы қызыл қағаз.
Англия мен АҚШ құрамалары арасындағы екінші ойында екі ел футболшылары тең нәтижеге разы болысты – 0:0. Бірінші турда Иран қақпасына алты гол соққан ағылшындар бұл матчта АҚШ қақпасынан саңылау таба алмады. «В» тобындағы екінші тур ойындарынан кейін төрт құрамада да келесі кезеңге шығу мүмкіндігі сақталып қалды. Англия турнир кестесінде 4 ұпаймен көш бастап тұрса, кейінгі орындарға Иран (3 ұпай), АҚШ (2), Уэльс (1) құрамалары жайғасқан. Бұл топтың үшінші тур матчтары 29 қарашаға жоспарланған.
Бір айта кетерлігі, Англия әлем чемпионаттары тарихында осымен 12 мәрте қарсыластарымен 0:0 есебімен тең ойнады. Ал АҚШ құрамасы алғаш рет тең нәтижесіне қол жеткізді.
Франция қатарынан екі турда да 100 пайыздық нәтиже көрсетіп, 32 құраманың ішінде бірінші болып плей-офф кезеңіне жолдама алды. «D» тобында сынға түсіп жатқан «үш жолақты» елдің футболшылары бірінші турда Аустралияны 4:1 есебімен тізе бүктірген болса, кеше Мбаппенің дублі арқасында Данияны сан соқтырды – 2:1. 61-минутта әлем чемпионатына қатысып жатқан ең қымбат футболшы Мбаппе есепті ашқан болса, арада жеті минут өткенде Дания футболшысы Кристенсен таразы басын теңестірген-ді – 1:1. Ал матчтың 86-минутында Гризманның пасынан кейін Мбаппе Шмейхельді қапы қалдырып, командасына маңызды үш ұпай сыйлады. «D» квартетінің екінші жұбында Аустралия құрамасы Тунисті бір гол айырмасымен тізе бүктіріп, әлем чемпионатындағы алғашқы жеңісін тойлады – 1:0. Бұл топта Франция мерзімінен бұрын келесі кезеңге жолдама алып қойса (6 ұпай), екінші жолдамаға Аустралия (3), Тунис (1) және Дания (1) құрамалары таласады.
Сондай-ақ бірінші турда Қатардағы әлем чемпионатының басты фавориттері саналған Бразилия, Португалия, Бельгия құрамалары жеңіске жетті. «Пентакампеондар» алғашқы турда Сербиядан басым түссе (2:0), Роналду бастаған Португалия Гананы жеңді – 3:2. 60-минутта пенальтиден гол соққан Роналду қатарынан бесінші әлем чемпионатында мергендік танытқан тарихтағы бірінші футболшы атанды. Бельгия Миши Бачуайдың голы арқасында чемпионаттағы алғашқы үш ұпайына қол жеткізді.