Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы (ҚКФЛ) жуырда ғана мәресіне жеткен 2022 жылғы футбол маусымын қорытындылап, ел чемпионатында өнер көрсеткен командалар арасында әр позицияда үздік шыққан футболшылардың есімін жариялады.
ҚКФЛ былтырдан бастап OLIMPBET футболдан Қазақстан чемпионатының үздіктерін анықтауды қолға алған болатын. Оларды чемпионатқа қатысатын клубтардың бас бапкерлері мен команда капитандары арнайы сауалдама арқылы таңдайды. Атап айтар болсақ, ең үздік қақпашыға берілетін Құралбек Ордабаев атындағы сыйлыққа биыл Қарағандының «Шахтері» мен Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Игорь Шацкий ие болды. Биылғы Ұлттар лигасы турнирінде үздік ойынымен көзге түскен Шацкий қатарынан екінші жыл аталған сыйлықтың иегері атанды. Сондай-ақ ол ел біріншілігінде 21 матч өткізіп, оның бесеуінде қақпасына гол жіберген жоқ. Кейінгі орынға «Ақтөбе» қақпашысы Стас Покатилов ие болса, үздік үштікті «Қайрат» командасының өкілі Данил Устименко қорытындылады.
Сейілдә Байшақов атындағы ең үздік қорғаушы аталымында «Астана» мен Қазақстан ұлттық құрамасының футболшысы Тимур Досмағамбетов үздік деп танылды. 33 жастағы қорғаушы биылғы маусымды «Шахтер» клубында бастап, жазда «Астана» құрамын толықтырған болатын. Досмағамбетов чемпионатта 23 ойынға қатысып, 9 мәрте мергендігімен көзге түсті. Сонымен қатар ол 2022 жылы Қазақстан құрамасы сапында 8 матч өткізіп, бір нәтижелі паспен көзге түскен-ді. Кейінгі орындарды чемпионаттың 25 матчында 7 гол соққан Әлібек Қасым және «Тобыл» мен Қазақстан құрамасының қорғаушысы Александр Марочкин түйіндеді. Марочкиннің «Тобыл» сапында – 28, Қазақстан ұлттық құрамасында 8 кездесуде алаңға шықты. Былтырғы маусымда аталған жүлдені Сергей Малый жеңіп алған еді.
Ал үздік жартылай қорғаушыға берілетін Вахид Масудовтың есімімен аталатын жүлдені Қостанайдың «Тобылы» мен Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысы Асхат Тағыберген жеңіп алды. 32 жастағы жартылай қорғаушы биыл қатарынан екінші рет үздік атанды. Былтырғы маусымда Тағыберген чемпионатта 24 матч өткізіп, 8 гол соғып, 5 нәтижелі пастың авторы атанған-ды. Сонымен қатар Қазақстан құрамасының сапында 7 ойын өткізіп, әріптестеріне 2 нәтижелі пас асырған болатын.
Биылғы үздіктер тізімінде «Астананың» хорватиялық легионері Марин Томасов екінші орынға ие болды. Елордалық команданың легионері кезекті нәтижелі маусымды өткізіп, чемпионатта барлығы 25 матчқа қатысты. Маусым қорытындысы бойынша ол 15 гол соғып, 9 нәтижелі пастың авторы атанды. Үздік үштікке Шымкенттің «Ордабасы» командасының ойыншысы Эльхан Астанов енді. 22 жастағы футболшы чемпионаттағы барлық
ойында алаңға шығып, 7 мәрте мергендік танытып, 6 рет нәтижелі паспен көзге түсті.
Чемпионаттың үздік шабуылшысына берілетін Сергей Квочкин атындағы сыйлық «Астананың» португалиялық легионері Педро Эужениоға бұйырды. 2022 жылғы футбол маусымның қорытындысы бойынша Эуженио барлық жарыста 24 гол соғып, 5 нәтижелі пастың авторы атанды. Өзінің үздік өнерімен ол командасының ел чемпионы атануға сүбелі үлес қосқанын айта кетейік. Сонымен қатар португалиялық ойыншы чемпионаттың үздік сұрмергені ретінде де Евстафий Пехлеваниди атындағы сыйлықтың иегері атанды. Сауалдамада екінші орынды «Қайраттың» шабуылшысы Жоао Пауло иеленсе, «Астана» клубы мен Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов үздік үштікті түйіндеді. Былтыр Сергей Квочкин атындағы сыйлықты «Қайрат» шабуылшысы Артур Шушеначев жеңіп алған еді.
Сонымен қатар Анатолий Ионкин атындағы «Маусымның ең үздік жас ойыншысы» жүлдесін «Ақтөбе» мен Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Максим Самородов иеленді. 20 жастағы ойыншы биылғы ел біріншілігінде қатысқан 22 ойында 3 гол соғып, 5 нәтижелі пастың авторы атанды. Тізімдегі екінші орын «Қайраттың» футболшысы Әділет Садыбековке, үшінші орын «Тараз» командасының жас шабуылшысы Абылайхан Жұмабекке бұйырды.
Ал «Ақтөбе» клубымен ел біріншілігінің күміс жүлдегері атанған Андрей Карпович Леонид Остроушко атындағы ең үздік бапкер аталымында үздік шықты. Карпович бір жыл ішінде «Қызылжар» және «Ақтөбе» клубтарында жұмыс істеді. Сонымен қатар ол маусым, тамыз және қыркүйек айларында әріптестері арасында өткен сауалдамада жеңіске жетіп, бір жыл ішінде 3 рет айдың үздік бапкері атағын жеңіп алған болатын.