• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Қараша, 2022

eGov Mobile қосымшасына жүгінеді

338 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин мемлекеттік қызметтерді смартфон арқылы көрсету бағытындағы жұмыс нәтижелерімен таныстырды.

Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес 2025 жылға қарай мемлекеттік қызметтердің 100%-ы eGov Mobile мобильді қосымшасында қолжетімді болады. Осы жылдың соңына дейін мемлекеттік қызметтердің 80%-ын «смартфон арқылы көрсетуге» көшіру жоспарланып отыр. Биыл eGov Mobile мобильді қосымшасының көмегімен 11 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді.

2022 жылы «ҰАТ» АҚ eGov Mobile мо­бильді қосымшасында QR-код арқылы құжаттарға қол қою мүмкіндігін іске асырды. Бұл механизм Отбасы банкінің жалдамалы тұрғын үйін субсидиялауға ұсынылған өтінімдерге қол қою үшін, сондай-ақ Жоғарғы соттың жеке каби­нетінде (sud.kz) талап-арыздар мен арыздарға қол қоюға және авторизация­дан өту үшін пайдаланылады.

Сонымен қатар биыл eGov Mobile қосымшасында бала туу және бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін проактивті қызмет түрін алу механизмі әзірленді. Проактивті қызметтің ыңғайлылығы – барлық хабарламаның нөмірге SMS арқылы да, мобильді қосымшадағы PUSH арқылы да келуі. Бұл қызмет халық арасында танымал, бала туу жөніндегі проактивті қызмет іске қосылған сәттен бастап 270 мыңнан астам адам оны сәтті пайдаланды.

«Бала туғаннан кейін бір тәулік ішінде ақпараттық жүйе медициналық мекемеден хабарлама алып, баланың ата-анасына eGov Mobile-ға пуш-хабарлама немесе 1414 телефон нөміріне SMS-хабарлама жібереді. Онда қызметті алу үшін сілтеме көрсетіледі, сол сілтемеге өту арқылы қызмет түрін алуға болады. EGov Mobile сілтемесіне өтіп, баланың тегін, атын, әкесінің атын толтыру қажет, бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемді алу үшін банктік шоттың нөмірін көрсетіп, қызмет түрін алуға қол қою керек. Ата-аналар құжаттарды ресімдеуге уақыт кетірмей, баласына көбірек уақыт бөле алады», деді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин.

Сондай-ақ осы жылдың желтоқсан айында eGov Mobile-де «Цифрлық мәлі­меттер» жаңа бөлімін іске қосу жоспарланып отыр. Сервис мәліметтермен, анықтамалармен алмасудың ың­ғай­лы­лығын арттыру мақсатында әзір­ленетін болады. Мәселен, пайдаланушы цифрлық құжаттар пакетін қолдана алады, ал жұмыс беруші қызметкердің мәліметтері мен мәліметтерінің жиын­тығын цифрлық нұсқада сұрата алады.

«Жақын арада «анықтама берудің» жаңа тәсілін қолдануды жоспарлап отырмыз. Бұл – өмірлік жағдайлар бойынша цифрлық мәліметтерді «бөлісу» форматына көшу. Мысалы, жұмысқа орналасу жағдайында азамат қосымшада біз жинап берген құжаттар пакетін пайдалана алады. Сонымен қатар ол құжаттарын тікелей eGov Mobile-да бөлісу арқылы жұмыс берушіге жібере алады», деп атап өтті «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин.

EGov Mobile мобильді қосым­ша­сында 641 мемлекеттік қызмет қол­жетімді, оның ішінде 167-сі eGov.kz пор­талындағы қызмет пен сервис, 474-сі қызмет e-license порталында жеке тұл­ғаларға арналған кіші түрлері. Қосым­шаның көмегімен ай сайын  1,2 млн-ға жуық мемлекеттік қызмет көрсетіледі.

EGov mobile мобильді қосым­шасы­ның «Цифрлық құжаттар» сер­висінде 20 құжат бар (жеке куәлік, Қазақстан азаматының паспорты, жүр­гізуші куәлігі, вакциналау паспорты, ПТР тест және туу туралы куәлік және т.б.). Іске қосылған сәттен бастап тек «Цифрлық құжаттар» сервисі 12 млн рет пайдаланылды. Цифрлық құжаттарды талап ету орны бойынша ұсынуға болады. Сондай-ақ президент сайлауындағы сайлау учаскелерінде дауыс беру кезінде цифрлық куәлікті пайдалануға болады.