Астанада Қазақстан футбол федерациясының кезекті конференциясы өтті.
Жиынға облыстық футбол федерациялардың өкілдері, ҚФФ атқару комитетінің мүшелері, премьер-лига мен бірінші лига футбол клубтарының өкілдері қатысты.
Кездесуде екі мәселе қаралды. Атап айтқанда, өткен маусымның нәтижесі қорытындыланып, федерацияның футболды дамытудағы алдағы жоспарлары талқыланды.
Былтырғы футбол маусымы Қазақстан футболының 100 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келіп, соның аясында көптеген ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, өз тарихында бірінші рет Астанада УЕФА конгресі өтіп, Қазақстан Еуропа футболының орталығына айналды, әлем елдері елордамыздағы іс-шараға көз тігіп, құлақтарын түрді. Сонымен қатар, Қарағандының «Шахтері» Қазақстан футболының тарихында тұңғыш рет Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алды, - деді кезекті оныншы есепті конференцияны ашқан Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков.
Өз кезегінде ҚФФ-тың бас хатшысы Аллен Шайжүнісов соңғы есепті кезеңде құрама командаларымыздың алға нық қадам басқанын атап өтті. Жалпы, осы аралықта Қазақстан ұлттық құрамасы он ресми және жолдастық кездесуді жоғары дәрежеде өткізіпті. 2014 жылдың ақпан айында ұлттық құрамамыздың бас жаттықтырушысы болып белгілі маман Юрий Красножан тағайындалды. Ал әйелдер ұлттық құрамасы 7 ресми ойын өткізіп, өз тобында бесінші орынды иемденді. Қазақстан жастар құрамасы «Еуро-2015» іріктеу додасында сәтті өнер көрсетуде. Олар бүгінге дейін өз тобында Беларусь, Армения және Исландия құрамаларын ұтты.
Халық арасында футболды кеңінен насихаттау шаралары да сәтті жалғасуда. Бүгінде елімізде 13 футбол орталығы жұмыстарын жүргізуде. Оның екеуі биыл ашылған (Қызылорда және Семей). Болашақта еліміздің барлық өңірін футбол орталықтарымен қамту ісі жоспарланған. 2013 жылғы футбол маусымында әуесқой командалар арасында ел кубогы және Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылды. Сондай-ақ, шағын футболдан ардагерлер мен студенттер арасындағы чемпионаттар өтті. Қазақстан футбол федерациясы Білім және ғылым министрлігімен бірігіп, 2014 жылдың мамырынан бастап Студенттер ұлттық лигасын қолға алды. Бұл лига еліміздің барлық өңірлерін қамтуды мақсат етіп отыр. Осыдан басқа, 2013/2014 жылғы футбол маусымында 21 жасқа дейінгі дайындық топтары арасында Қазақстан чемпионаты өткізілді.
2013 жылғы маусымда Алматының «Қайрат» футзал клубы Еременко кубогының иегері атанды. Дәл осы доданың элиталық кезеңінде Қарағандының «Тұлпары» да ойнады.
Қазақстан футбол төрешілерінің кәсіби біліктіліктерін арттыруға байланысты шаралар да сәтті жұмыс жасауда. Жас арбитрлар мектебі әр өңірде кеңінен дамып, 2013 жылы сол мектептердегі төрешілердің саны 150 адамға жетті. Тіпті, жоғары дәрежедегі ойындарға төрелік атқаруға жолдама алып жатқан түлектерінің саны да едәуір артты.
Футбол мамандарын дайындау жүйесі де құрылуда. Бірінші кезекте бұл жобаның жүзеге асуы Қазақстан футбол федерациясының 2014 жылдың қаңтар айында Санкт-Петербург қаласында Ресей, Беларусь, Украина, Латвия және Литва елдерімен Ынтымақтастық техникалық меморандумға қол қоюына байланысты болып отыр. Елімізде Кәсіпқой футбол менеджерлерін дайындауға арналған «CFM» УЕФА семинарын өткізу мәселесі де келісіліп қойды.
Атқарылған жұмыстарды қорытындылай келе Әділбек Жақсыбеков алда отандық футболды дамытуға арналған жаңа тапсырмалар мен мақсаттарды іске асыру керектігін айтты. «Оның жақын аралықтағы нәтижесі – Қазақстан ұлттық құрамасының Еуропа чемпионатының іріктеу додасында сәтті өнер көрсетуі болуы тиіс. Бұл турнирде ұлттық құрамамыз Голландия, Чехия, Түркия, Исландия және Латвия құрамаларымен кездеседі. Ал клубтық футболымызды жақсы дамып жатқанының көрінісі – «Ақтөбенің» Чемпиондар лигасында, «Астана», «Қайрат», «Шахтер» командаларының Еуропа лигасы сәтті өнер көрсетуі болуы керек», деді ол.
Қазақстан футбол федерациясы кезекті конференциясының қорытындысында бірқатар ұйымдастырушылық шешімдер қабылданды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».