• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Маусым, 2014

Басты мақсатымыз – бұқаралық спортты дамыту

296 рет
көрсетілді

Астанада Қазақстан футбол федерациясының кезекті конференциясы өтті. Жиынға облыстық футбол федерациялардың өкілдері, ҚФФ атқару комитетінің мүшелері, премьер-лига мен бірінші лига футбол клубтарының өкілдері қатысты. Кездесуде екі мәселе қаралды. Атап айтқанда, өткен маусымның нәтижесі қорытындыланып, феде­рацияның футболды дамытудағы алдағы жоспарлары талқыланды. Былтырғы футбол маусымы Қазақстан футболының 100 жыл­дық мерейтойына тұспа-тұс келіп, соның аясында көптеген ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, өз тарихында бірінші рет Астанада УЕФА конгресі өтіп, Қазақстан Еуропа футболының орталығына айналды, әлем елдері елордамыздағы іс-шараға көз тігіп, құлақтарын түрді. Сонымен қатар, Қарағандының «Шахтері» Қазақстан футболының тарихында тұңғыш рет Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алды, - деді кезекті оныншы есепті конференцияны ашқан Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков. Өз кезегінде ҚФФ-тың бас хат­шысы Аллен Шайжүнісов соңғы есепті кезеңде құрама коман­даларымыздың алға нық қадам басқанын атап өтті. Жалпы, осы аралықта Қазақстан ұлттық құрамасы он ресми және жолдастық кездесуді жоғары дәрежеде өткі­зіпті. 2014 жылдың ақпан айын­да ұлттық құрамамыздың бас жаттықтырушысы болып белгілі маман Юрий Красножан таға­йын­далды. Ал әйелдер ұлттық құра­масы 7 ресми ойын өткізіп, өз тобында бесінші орынды иемденді. Қазақстан жастар құрамасы «Еуро-2015» іріктеу додасында сәтті өнер көрсетуде. Олар бүгінге дейін өз тобында Беларусь, Армения және Исландия құрамаларын ұтты. Халық арасында футболды кеңінен насихаттау шаралары да сәтті жалғасуда. Бүгінде елімізде 13 футбол орталығы жұмыстарын жүргізуде. Оның екеуі биыл ашылған (Қызылорда және Семей). Болашақта еліміздің барлық өңірін футбол орталықтарымен қамту ісі жоспарланған. 2013 жылғы фут­бол маусымында әуесқой коман­далар арасында ел кубогы және Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылды. Сондай-ақ, шағын футболдан ардагерлер мен студенттер арасындағы чем­­пионаттар өтті. Қазақстан футбол федерациясы Білім және ғы­лым министрлігімен бірігіп, 2014 жылдың мамырынан бастап Сту­денттер ұлттық лигасын қолға ал­ды. Бұл лига еліміздің барлық өңір­­лерін қамтуды мақсат етіп отыр. Осыдан басқа, 2013/2014 жыл­­ғы футбол маусымында 21 жас­­қа дейінгі дайындық топтары ара­­сында Қазақстан чемпионаты өткізіл­ді. 2013 жылғы маусымда Алма­тының «Қайрат» футзал клубы Еременко кубогының иегері атанды. Дәл осы доданың элиталық кезеңінде Қарағандының «Тұлпа­ры» да ойнады. Қазақстан футбол төрешілері­нің кәсіби біліктіліктерін арт­ты­руға байланысты шаралар да сәтті жұмыс жасауда. Жас арбитрлар мектебі әр өңірде кеңінен дамып, 2013 жылы сол мектептердегі төре­­шілердің саны 150 адамға жетті. Тіпті, жоғары дәрежедегі ойынд­ар­ға төрелік атқаруға жолдама алып жатқан түлектерінің саны да едәуір артты. Футбол мамандарын дайындау жүйесі де құрылуда. Бірінші кезекте бұл жобаның жүзеге асуы Қазақстан футбол федерациясының 2014 жылдың қаңтар айында Санкт-Петербург қаласында Ресей, Беларусь, Украина, Латвия және Литва елдерімен Ынтымақтастық техникалық меморандумға қол қоюына байланысты болып отыр. Елімізде Кәсіпқой футбол менеджерлерін дайындауға арнал­ған «CFM» УЕФА семинарын өткізу мәселесі де келісіліп қойды. Атқарылған жұмыстарды қоры­тындылай келе Әділбек Жақ­сыбеков алда отандық футболды дамытуға арналған жаңа тапсырмалар мен мақсаттарды іске асыру керектігін айтты. «Оның жақын аралықтағы нәтижесі – Қазақстан ұлттық құрамасының Еуропа чемпионатының іріктеу додасында сәтті өнер көрсетуі болуы тиіс. Бұл турнирде ұлттық құрамамыз Голландия, Чехия, Түркия, Исландия және Латвия құрамаларымен кездеседі. Ал клубтық футболымызды жақсы дамып жатқанының көрінісі – «Ақтөбенің» Чемпиондар лигасында, «Астана», «Қайрат», «Шах­тер» командаларының Еуропа лигасы сәтті өнер көрсетуі болуы керек», деді ол. Қазақстан футбол федерация­сы кезекті конференциясының қорытындысында бірқатар ұйым­дастырушылық шешімдер қабыл­данды. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан».