• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
03 Маусым, 2014

Қазыналы оңтүстік мұнаралы Маңғыстауға сәлем берді

439 рет
көрсетілді

Туған ел, туған жер туралы сөз саптағанда «ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған жер» дейміз. Бәріміз айтамыз. Қазақ даласының төрт тарабындағы қандастар түгел. Бұл бізге қазақ даласының қай қиырының да қазақ баласына жат емес екендігін ұқтырады. Бабалар бірге қорғаған жерді, балалар неге бірге қызықтамасқа?! Қандастар арасында әлі кездеспей қалмайтын үш жүзге, төрт тарапқа бөліну – бекершілік, біз қазір «ел, мемлекет, ұлт, қазақ» деп сөйлейтін кезеңге келдік. Ұлан-ғайыр дала төсіндегі әр аймақ лайықты дамумен қатар, өзге өңірлердегі туыстарға барып, танысып, тәжірибе алмасып, бірінде жоқты бірі толтырып, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қарым-қатынас жасаса, мұның берері көп болмақ. Бұл үрдіске Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласындағы облыстар арасындағы ақпараттар мен мәдени жетістіктер алмасуды арттыру, өзара облыс аптасын өткізу туралы айтуы қозғау салып отыр. Осы мақсатта Маңғыстау өңіріне белгіленген «Оңтүстік күндерін» өткізу үшін Оңтүстік Қазақстан облысы делегациясы келді. Жері сулы-нулы, халқы ұлттық салт-дәстүрді берік сақтаған, топырағынан халқымыздың небір мықты марғасқа перзенттерін түлеткен, бүгінде тәуелсіз елдің іргелі аймақтарының бірі ретінде даму жолына түскен оңтүстіктің, шырайлы Шымкенттің өкілдерін маңғыстаулықтар құшақ жая қарсы алды. Достық, туыстық сезімі тербеген пойызбен Маңғыстау облысының аумағына енген оларды алдымен Бейнеу вокзалында осы аудан әкімдігінің өкілдері мен тұрғындар күтіп алды. Бейнеудегі танысым айтқандай, бұрын бірін бірі мүлдем танымаса да, алыстан келген туыстарын күтіп алғандай мәре-сәре табысып, жадырай амандасып, жамырай танысып, дәм ұсынып, арқа-жарқа қауыша кеткен қандастар пойыз тоқтаған аз ғана уақыттың өзін мағыналы, мәнді-сәнді «алтын уақытқа» айналдыра алған. Жағалай Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе кентіне келгенде де осы жағдай. Ал Ақтау қаласы, кәрі Каспий 3 мың шақырымнан астам жолды артқа тастап, ауыл шаруашылығы өнімдерін сықай толтырып, қоржын-қоржын мәдени жәдігерлерін арта келген, өнерден шашу шаша келген қонақтарға құшағын ашты... «Қазыналы оңтүстіктің» ақ дәмі Пойызбен жүріп-тұрған жанға белгілі, Шымкент шекарасына енген соң-ақ сатылымдағы жеміс-жидек, көкөніс түрлері молыға түседі. Бағасы да арзан. Шелек толтыра алдыңа тосатын Түлкібастың алмасының өзі неге тұрады?! Ал, Маңғыстауда басқаша... Жері шөл өлкеде азық-түлік түрлерінің 80 пайызға жуығы сырттан әкелінеді. Осыны жақсы білетін оңтүстіктегі ағайын көл-көсір өнімі мен дарқандығын Ақтаудағы азық-түлік жәрмеңкесінде көрсетті. Мұнда картоп, сиыр, күркетауық еттері, қияр мен қызанақ, алма, минералды және шырын сулар, жұмыртқа, сүт өнімдері мен бал түрлері Ақтаудағыдан сәл төмен бағамен сатылды. Базар нарығы, жол қашықтығы, өнімдер бағасы – бәрі назарға алынған. Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Т.Оспанов өңірдегі ауыл шаруашылығы ахуалында ақпар берді. Жуырда ғана Елбасы Н.Назарбаев осы облысқа іссапары барысында бұл аймаққа елімізді азық-түлікпен қамтуда жүктелетін міндет зор екендігін айтқан болатын. Оңтүстік те үдеден көрінуге тырысуда. Соңғы үш жыл ішінде дәнді дақылдар, мақта, мақсары дақылы, картоп, көкөніс, бақша өнімдері егілетін егістік көлемі 785,7 мың гектардан асқан. – Биыл 163 мың тонна астық, 138 мың тонна картоп, 637 мың тонна көкөніс, 57 мың тонна мақсары, 37 мың тонна жеміс-жидек, 1010 мың тонна бақша өнімдері мен 123 мың тонна жүзім өндірілді. Көлемі 720 гектар жылыжайымыз, көкөніс түрлерін сақтайтын сыйымдылығы 200 мың тонналық қоймамыз бар. 26,8 мың гектар жерде тамшылатып суару әдісін қолданамыз, – деді ол. 20 тонна сиыр және күркетауық еттерін, 10 тонна көкөніс, 10 тонна жеміс, 2 тонна басқа өнім түрлерінен құралған өнімдер сатылғанда 40 миллион теңгеге жуық қаражат құрайды екен. Бірақ, сапар, жәрмеңке мақсаты – сауда жасап, ақша табу емес, ағайынға амандасу, келе­­­шектегі барыс-келіске келісті жол ашу. Мұны жәрмеңке барысында біз тілдесе қалған ақтаулық та, шымкенттік те айтты. Өнермен өрнектелген күндер Оңтүстік – өнерлі мекен, өнерпаздар бесігі. Қазір бұл өңірде мәдениет саласы да даму үстінде. Мәліметтерге сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысында қазіргі таңда 744 мәдениет және өнер мекемелері халыққа қызмет көрсетеді екен. Олардың арасында кітапханалар, клубтар мен мұражайлар, кинотеатр мен кәсіби театр­лар, филармония, «Оңтүстікфильм» және «Оңтүстік цирк» мекемелері, көр­кемсурет галереясы, зообақ пен көрме орталықтары, мәдениет-өнер, ойын-сауық орталықтары, саябақтар бар. Осы сан салалы мәдениет мекемелерінің ішінен Маңғыстауға опера және балет театры, «Оңтүстікфильм» мекемесі, Ш.Қалдаяқов атындағы филармония өнерпаздары мен екі оркестр, Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ-драма мен әзіл-сықақ және сатира театры ұжымдары келді. Келісімен Ақтаудағы Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрына керегесін керіп, көрермендерді маңына жиған «Шырайлы Оңтүстіктің шежіресі» тақырыбындағы кеңейтілген көрме-экспозиция болды. Оңтүстік Қазақстан облысының мұражай қорындағы бірегей жәдігерлерді, кітаптар мен қолөнершілер туындыларын маңғыстаулықтардың назарына ұсынған көрме қазақ тарихы мен мәдениетінде, әдебиетінде алар орны зор шежірелі өлкенің қызғылықты да сырлы тарихын алдымызға тартты. Ұлы Жібек жолы керуен жолы, ежелгі сауда-саттық және қолөнердің қалыптасу-даму жайы, ескі қалалар мәдениетінің дамуы, сондай-ақ көне сәулет ескерткіштерінің салынуы, өзге де көненің күмбірі көрме жәдігерлері арқылы құлаққа жетті. Салтанатты жағдайда ашылған көрме барысында БАҚ өкілдерімен жүздескен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ә.Бектаев оңтүстіктің мәдениет саласында жасалып жатқан жұмыстармен таныстырды. Осы күні Маңғыстау облысы тұрғындары қонақтардың гала-концертін тамашалады. Аптаның әр күніне белгіленген кес­теге сай шымкенттік өнерпаздардың өнер думандары жалғасты. Қонақ кәдені Оңтүстіктегі облыстық опера және балет театрының 116 адамнан тұратын ұжымы сәтті жалғастырды. Республикада үшінші болып ашылған, небәрі 5 жылдық тарихы ішінде Германия, Польша, Түркия, Вьетнам, Ресей, Италия елдеріндегі сахналарда табысты өнер көрсеткен жас ұжым Маңғыстау сахнасына Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсын ұсынды. Қонақтар балаларға базарлық әкелуді де ұмытпапты. «Оңтүстікфильм» меке­­­месі Д.Исабековтің «Мұңлық-Зарлық», «Момын мен қарақшылар», Б.Дәурен­бе­ковтің «Ертегілер еліне саяхат», «Сапа олимпиадасы» анимациялық фильм­дерін сахналады. Даму деңгейі жағы­нан әлемнің алдыңғы қатарлы 30 елінің қатарынан өз орнын табуды межелеген Қазақстанның атынан Оңтүстік Қазақ­стан облысы өнімдерінің Қытай еліне барып олимпиадаға қатысуы туралы қызғылықты анимациялық фильм қазір бала ғана емес, ересектер арасында да кең таралған. Қызғылықты, нанымды суреттелген фильм біздің еліміздің асқақ армандарға деген ұмтылысын танытады, патриоттық сезімге жетелей түседі. Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театры Ф.Буляковтың «Бақ іздеген бейбақтар» қойылымын көпшілік назарына ұсынса, ашылғанына көп бола қоймаған облыстық әзіл-сықақ және сатира театры Т.Әл-Таразидің қазақ тілі­не аударуындағы А.Вампиловтың «Мет­ран­паж деген не?» комедиясын алып келіпті. Маңғыстауда Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрының жұмыс жасай бастағанына он жылдан асып барады. Репертуары жылдан-жылға қалыңдап, тақырып пен жанр ауқымы кеңейіп, көркемдік шеберлік тұрғысында жетіле түскен жас театрдың алған да, алар да асулары аз емес. Жуырда ғана Молдованың Кишинев қаласында өткен халықаралық фестивальда үш бірдей номинация бойын­ша жүлдегер атанған облыстық қуыр­шақ театры да бүлдіршіндердің көңілі­нен шығуға талпынуда. Бірақ, жеті жүзден астам мәдениет ошақтары бар және оған тоқмейілсімей жуырда үлкен көрме орталығы мен облыстық деңгейде орталық кітапхана, қолөнер шеберлеріне арналған үлкен орталық салған, 56 мәдени ошақ күрделі жөндеуден өткен, енді облыстық мұражай мен салт-дәстүрлер орталығын пайдалануға береміз, 210 томдық кітаптар жинағын шығарамыз деп отырған Оңтүстіктің бұл саланы жандандыра түсудегі озықтығы Маңғыстау өңірі үшін үлгі алуға тұрарлық нәрсе. Еліміздегі маңызды үш қаланың біріне, мегаполиске айналуды межелеген шымқала – Шымкент, Оңтүстік Қазақстан облысы туралы сөз қозғалса «халқы көп қой» деген сөзді айта салу әдетке айналған, «Үлкен үйге не керек болса, кіші үйге де сол керек» дегендей, аз халыққа да мәдениет, руханият, өнер керек екендігін ешкім жоққа шығара алмас. Мәдениет пен рухани құндылықтар үшін тұрғындар саны маңызды емес... Жаңаөзенді Шәмші әндері тербеді Қазақтың біртуар перзенті, «қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші – күллі елдің ортақ перзенті. Көзінің тірісінде-ақ солай болған. Маңғыстау да Шәмшіні «ұлым» деген өңірлердің бірі. Киелі өлкеге белгілі ақын Т.Айбергеновпен бірге сапарлап, жаңа әндердің тұсауын ауыл сахнасында кескен Шәмшінің әндері мұнда әлі де сахнаның сәні, той-думанның бағы. Оның әндерін қашан, қайда жүрсе де құлағын айырмай тыңдайтын тыңдармандар қатары сиреген жоқ, ыңылдап айтпайтын қазақ кемде-кем. Шәмші әндеріне шөлдеген көрерменді сазгердің жерлестері – сазгер атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық филармония ұжымы бір серпілтіп тастады. «Шарықтасын Шәмшінің асыл әні» деп ұрандатқан өнерпаздар мұнайлы қала Жаңаөзенге атбасын бұрды. Қонақжайлығымен танымал жергілікті тұрғындар қонақтарын қалаға кіреберісте жаңадан орнатылған стелла маңына дастар­­­қан жайып, шашумен қарсы алды. Автобустарға бөлініп орналасқан өнерпаз­дарға қаланы аралатып, таныстырып «Мұ­найшы» мәдениет үйіне әкелді. Мұнда әжелер ансамблінің қошеметімен ішке енген оңтүстік өңірдің өнерпаздары 450 көрер­менге Шәмшінің әндерін 2 сағат бойы шырқады. Тек ән мен әншінің құрме­тіне шапалақтау үшін қолдары ғана қимыл­дап, тапжылмай отырып тыңдаған жаңа­өзендіктер әншілерге ризашылығын білдіріп тарасты. Іскерлік. Игілік. Ізгілік Оңтүстік Қазақстан облысының Маңғыс­тау облысындағы күндері аясында оңтүс­тік облыстан келген делегацияны Маңғыс­­тау облысының әкімі А.Айдар­­­баев қабылдады. Аймақта жүзеге асырылып жатқан жобалар жайлы қысқаша таныстырған облыс басшысы екі облыс арасындағы байланыстың бұдан әрі де терең жалғасын табатындығына сенім білдірді. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі­нің­ орынбасары Ә.Бектаев, облыс­тың­ ауыл шаруашылығы басқармасы бас­шы­сының орынбасары Т.Оспанов маңғыс­таулықтардың дарқан пейіліне алғысын айтып, екіжақты байланыстарды жал­ғас­тыра түсу тетіктерін ортаға салды. «Оңтүстік күндері» аясындағы шара­лар барысында Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында екі облыстың осы сала мамандары, кәсіпкерлікті қолдау қорлары институттары өкілдері басқосты. Жиында жайы­лымдық жерлерді суландыру мәселесі талқыланып, оңтүстіктегі машина жасау зауытының өкілдері өз өнімдерін таныстырды. Бұл зауыт еліміздегі құдық қазатын қондырғыларды дайындайтын бірден-бір кәсіпорын. 80 жылдан астам тарихы бар өндіріс орнының ауыл шаруашылығы техникаларын әзірлеуде тәжірибесі мол. Таныстырылымда бас­ты назар Маңғыстаудағы өте өзекті мәселе – «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жайылымды сулан­дыруға ұсынылатын жаңа техноло­гиялар мен техникаларға, оның шаруа­лар­ға қолжетімділігіне, қолдануға ыңғай­лы­лығы мен қарапайымдылығына аударылды. ... Мамыражай мамырдың соңғы күн­дерінде Маңғыстауда қонақта болып, ауыл шаруашылығы, мәдениет және өнер бағытындағы екіжақты тығыз байланысқа жол сала келген оңтүстікқазақстандық делегацияның сапарын енді «Жеті қайқы» мен «Бес жүйрік» елінің берендері жалғайтын болады. Олар күздің қоңыр салқынында шырайлы Шымкент шаһарына барып, «Маңғыстау күндерін» өткізеді деп жоспарлануда. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару» тек тарихымыз тап қылған жаугершілік заманның қажеттілігі емес, бұл татулық, бұл береке-бірлік қазақ үшін қашанда керек. Байырғы «бір болу» бізді ел мен жерді қорғауға, сақтауға ұйыстырса, бейбіт күндегі «бір болу» бізді дамуға бастайды... Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы. Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ.