Бұл арада мынаны атап айтқан жөн – «Интергаз Орталық Азия» АҚ 1997 жылдың шілде айында құрылған. Компания өзінің концессиясына берілген Қазақстанның газ тасымалдау жүйесін тікелей басқаруды жүзеге асырады және «ҚазТрансГаз» АҚ («ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес кәсіпорны) құрамына кіреді. Компания елімізде жылдық өткізу қабілеті 190 млрд. текше метрге дейінгі, ұзындығы 14 мың километрден асатын магистральдық газ құбырларының негізгі желісін бақылайды.
Балаларды қорғаудың халықаралық күні мерекесінде «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы «Дар» және «КZ» қоғамдық қорларымен бірлесіп Астанада тұратын тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларының балдырғандарына арнап «Бақытты бала» деген атпен қайырымдылық шарасын өткізді.
Әне-міне дегенше жыл сайын балалар асыға күтетін мереке де келіп жетті. Баланың бәрі бірдей емес пе? Барлығы да сыйлық алғысы, мерекеде алаңға шығып, мәз-мейрам болып ойнағысы келеді. Жалпы, дүниеде үлкендер үшін баланы қуантудан асқан қандай мәртебе бар десеңізші! Міне, «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы да бүлдіршіндерге қамқорлығын аянып қалмай, 2 миллион теңгеден астам ақша жұмсап, қуаныш сыйлауды мақсат етті. Бөлінген қаражатқа жеткіншектердің ой-өрісін, ойлау қабілетін дамытуға бағытталған кітаптар, ойындар, шығармашылық жиынтықтар және спорттық керек-жарақтар сатып алынды.
– Біздің қайырымдылық қызметіміздің басты мақсаты – бала жүрегін қуанышқа бөлеу. Оларды өздеріне керек нәрселерді алып беру арқылы ғана қуантуға болады. Сол үшін біз шынайы көмек көрсетіп отырмыз, – дейді «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры Серік Сұлтанғали шара барысында.
Жыл басынан бері «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы 300 миллион теңгеден астам сомаға демеушілік және қайырымдылық көмек көрсетіпті. Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, оның ішінде Ақмола облысында және өңір орталығы Көкшетау қаласында тұратын 50 соғыс ардагерінің әрқайсысына 50 мың теңгеден ақшалай сыйлық табысталды және де газ саласының ардагерлеріне көмек көрсетіп көрегендік жасапты. Компания қазақстандық спортшыларды қолдауға жыл сайын шамамен 100 миллион теңге бөледі. Акционерлік қоғамның ендігі жоспарында балалар үйлеріне көмек көрсету жөніндегі қайырымдылық қызметті одан әрі жалғастырып, барынша кеңейту міндеті тұр. Міне, тапқан табысының белгілі бір бөлігін қайырымдылық пен демеушілікке бөліп жүрген компанияның күні кеше атқарған шаруасының бір парасы нақ осындай.
Марат АҚҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан».