Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында елорда әкімдігі ұйымдастырған «Үздік жас отбасы» байқауы өтті, деп жазады Egemen.kz.
Балалар жылына арналған іс-шаралар аясында Астанада жас отбасылар арасында байқау ұйымдастырылған. Байқауда барлығы 53 отбасы бағын сынап, оның 10-ы алдын ала іріктеу нәтижелері бойынша ақтық жарысқа жолдама алыпты.
Финалға қатысушылар интеллектуалды және шығармашылық сұрақтарға жауап беріп, шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Кіші сержант Қазбек Сембеков жары Ақеркемен бірге барлық сынақтардан сәтті өтіп, ерлі-зайыптылар көрермендерді вокалдық және сахналық талантымен баурап алды.
«Үздік жас отбасы» байқауының қорытындысы бойынша әскери қызметшінің отбасы бірінші орынға ие болып, 500 000 теңге көлемінде тұрмыстық техниканы сатып алуға сертификат алды.