Әдетте «Апат айтпай келеді» деп жатамыз. Алайда Екібастұз шаһарына бұл жолғы апат айтып жетті. Жетіп қана қойған жоқ, жылу беру саласындағы жүйесіздіктерді әшкере етті. Әйтпесе қоғам белсенділері әбден тозған жылу-энерго орталығы мен жылу құбырларының мәселесін жыл басынан бері айтудай-ақ айтты. Еститін құлақ болмады. Жөндеу жұмыстары кеш басталып, артынша жылуға қосылған уақыттың өзінде де стансада қазандықтарды жамап-жасқау жалғасқанына куә болдық. Осының барлығы түптеп келгенде жылдар бойы зорға шыдаған ескі құбырдан саңылау тауып, аязда атылып шықты.
Президент тапсырма берді
Арқадағы аяз салдарынан орын алған апатқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алаңдаушылық танытты. Президент Үкімет басшысына энергетикалық активтерді мемлекетке қайтаруды тапсырды. Бұл туралы кеше Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай хабарлады.
«Мемлекет басшысы Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа еліміздің қалаларындағы проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырды. Себебі аталған активтерді сапасыз басқару салдарынан жылу электр стансалары апатқа жиі ұшырап, тұтынушыларды электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ете алмай отыр. Екібастұзда орталық жылу берудің тоқтап қалуынан хабардар болған Президент қала тұрғындарының жағдайына алаңдаушылық білдірді. Тұрғындарға тиісті көмек беріледі. Мемлекет басшысының пікірінше, азаматтардың тұрмыс-тіршілігіне қиындық тудыруға және олардың құқын аяқасты етуге жол беруге болмайды. Мемлекет басшысы Үкіметке және облыс әкімдігіне таяу күндері Екібастұздағы жағдайды қалыпқа келтіру, қаладағы ауыр ахуалға жол берген адамдарды жауапқа тарту жөнінде тапсырма берді», деп жазды баспасөз хатшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Шаһарда жексенбі күні жедел штаб құрылып, жөндеу бригадалары жұмысқа шұғыл кіріскенімен негізгі ақау шыққан жерлерді табу бастапқыда қиын болғаны рас. 15 негізгі зақымданған жер анықталып, оның 14-і 28 қарашадағы таңертеңгі уақытқа дейін қалпына келтірілді. Жылу параметрлерін реттеу және айналымдағы су жүйесін сақтап қалу, құбырларды қатырып алмас үшін жексенбі күні түстен кейін көпқабатты 149 тұрғын үйді жылудан толық ажыратуға шешім қабылданды.
Оқиға тіркелгеніне бір тәулік өткен уақытта, 28 қаңтар түнгі сағат бірлерде Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин жылу желілеріндегі апатқа байланысты техногендік сипаттағы жергілікті төтенше жағдай жариялады. Себебі бұл мезгілде 20 көпқабатты тұрғын үй, 5 әлеуметтік және 21 заңды тұлға нысаны әлі де жылусыз отырған еді.
Жылу құбырларын қалпына келтіріп жатыр
Кеше түске қарай қала басшысы жағдайдың тұрақталып қалғанын жеткізді.
– Екібастұз жылу-энерго орталығында барлығы 10 қазандық агрегаты болса, оның алтауы қазір тұрақты жұмыс істеп тұр. Өзгелері резервке қойылған. Шаһардағы 15 жөндеу бригадасы күні-түні жұмыс істеп, аяз салдарынан жарылған жылу құбырларын қалпына келтіруде. Олардың зор еңбегінің нәтижесінде қаладағы жылу жүйесі қалпына еніп келе жатыр. Қазір шамамен көпқабатты 20 тұрғын үй мен 5 әлеуметтік нысан жылусыз тұр. Мамандар үйлердің ішіндегі жылуды реттеп жатыр. Апатқа жылу құбырларындағы бір уақытта пайда болған оннан астам зақымдану себеп болған. Бұл сынақтан аман-есен өтсек, негізгі ісіміз жылу құбырларын жаңарту болатынына сөз беремін. Желілердің 90 пайызы тозып тұр. Тозған құбырларды айқындау үшін әуелі техникалық аудит жүргізіледі, – деді А.Бейсекин.
«Екібастұз жылу-энерго орталығы» ЖШС бас директорының орынбасары Денис Скляров қала бойынша 9 бригада ыстық және суық сумен қамту жүйесін, сондай-ақ жылу құбырларын жылытумен айналысып жатқанын жеткізді. Кейбір аумақтарда жылу құбырларының қатуы тіркелген. Зақымдануларды қалпына келтіруге қаладағы кәсіпорындардың, атап айтқанда, «Богатырь Көмір», «Шығыс» кеніштері мен «Екібастұз жылу-энерго орталығының» 30 техникасы жұмылдырылған.
«Барлығы 100 адамдай жөндеу жұмыстарында жүр. 27 қараша күні ысырап болып жатқан су көлемін 1 200 тоннадан 700 тоннаға дейін төмендете алдық. Алайда бұл біздің нормадан әлі де жоғары. Су жоғалту нормасы 350 тоннадан аспауы керек. Жылу тасымалдағыштардың температурасы цельсий бойынша 76 градусты, айналып келетін судың қызуы 52 градусты көрсетіп тұр», деп хабарлады ол.
Айта кетелік, Екібастұздағы төтенше жағдайға байланысты жергілікті еріктілер көмек көрсету штабын ұйымдастырды. Қала тұрғындары үшін электр жылытқыштар мен жылы аяқкиімдер үйлеріне жеткізіліп берілді. Еріктілер үй-үйлерді аралап, зейнеткерлер, мүгедектер, мұқтаж отбасылар туралы ақпарат жинады. Оларға алғашқы күні 50 жылытқыш құрал апарған. Ал кеше түстен кейін облыс орталығының еріктілері жинаған гуманитарлық көмек жіберілді. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Асылбек Сапарбекұлы М.Жүсіп көшесі, 92/2 мекенжайы бойынша орналасқан Екібастұз қалалық ХҚО жұмысын жалғастырып жатқанын айтты. Қала әкімдігінің қолға алуымен тұрғындарды қабылдауға және тамақтандыруға арналған 900-ге жуық орын ұйымдастырылды. Төтенше жағдай қызметкерлері жылу құбырларын жарып шыққан суды үй аулаларынан сору үшін өздерінің арнайы техникаларын жіберді. Қалада шұғыл желі жұмыс істеп, 12 эвакуациялық пункт құрылды.
Торап тозып тұр
Тұтас шаһарды жылусыз қалдыра жаздаған бұл оқиғаға жұртшылық «Екібастұз жылу-энерго орталығы» ЖШС кінәлі деп санайды. Себебі бұл – өңірдегі ең көне энергетикалық нысандардың бірі. Құрылысы осыдан 70 жыл бұрын Екібастұз ГУЛАГ-ында жазасын өтеген «саяси қылмыскерлермен» қолға алынып, 1962 жылы толық тапсырылған. 1991 жылдан бері бұл орталық бірнеше инвесторды ауыстырып үлгерді. Қолдан-қолға өтіп, ақыр аяғы «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» құрамына енетін «Павлодарэнерго» АҚ меншігіне берілді. Алайда өңірдің энергетика саласындағы бұл алпауыт компания екібастұздық жылу беретін кәсіпорынды оңдырмады. Негізінен бұл станса жылу мен электр энергиясын өндіреді. Одан шығатын барлық қуат қала қажеттілігі үшін жұмсалатынын айту керек. Жеке тұтынушылар мен заңды тұлғалардан жылу мен электр жарығы үшін түсетін төлемақы, төлемақы болғанда ай сайынғы миллиондаған қаражат акционерлік қоғамның қалтасына құйылады. Өкінішке қарай, ол соманы ешкім тап басып айтып бере алмайды.
Екібастұз қаласының тұрғыны, мүлік иелерінің республикалық бірлестігінің басқарушы директоры Александр Разумовский төтенше жағдайдың алдын алуға әбден болатын еді деп санайды. Оқиға жылу тарататын кәсіпорын иелері мен жергілікті билік арасындағы дұрыс байланыстың жоқтығынан, жүйесіздік пен немқұрайдылық салдарынан орын алып отыр.
– Шаһардың тұрғындары қыстың қақаған аязында өз пәтерлерінде тоңып отыр. Алысқа бармай-ақ қояйын, бұл мәселе жайында осы жылдың сәуір айында қала әкімдігіне, жергілікті тұрғын үй-коммуналдық бөліміне, қалалық мәслихат пен «Аmanat» партиясының жергілікті филиалына хат түсірдім. Қаланы дамыту тұжырымдамасына шаһар ішіндегі желілерді жаңарту жұмыстарын қосайық, жергілікті энергия өндіретін компаниялар мен кеніштерден, тау-кен кәсіпорындарынан көмек сұрап, қосымша қаражат табайық деп ұсыныс тастадым. Өкінішке қарай, ұсыныстарыма маңызбен қараған бірі жоқ, барлығы жылы сөзбен шығарып салды. Мені жылу беру мекемесін тексерген республикалық жұмыс тобының құрамына да қоспады. Егер жоғарыдағы ұсыныстарым өткенде, тым құрығанда 500 млн теңге қаражат жиналып, желілердің ең тозып тұрған жерлерін жаңартуға мүмкіндік болар еді. Мен осы қалада туып-өстім. Әкем мен ағам – энергетикалық нысандар мен көмір кеніштерін құруға алғаш атсалысқан азаматтар. Ал өзім «Энергострой» тресінде еңбек етіп, Екібастұздағы ГРЭС-тердің құрылысына, шаһардағы бірнеше шағын аудандағы тұрғын үйлер құрылысына қатыстым. Қала менің көз алдымда өсіп, дамып келеді, – дейді Александр Савельевич.
Еңбек ардагерінің пікіріне қарағанда, жүйедегі апатқа екінші жағынан ПИК-терді таратып, МИБ-ке өту жаңашылдығы да өз әсерін тигізді. Себебі қазір әр үйдің тұрғындары өзінше шешім қабылдап, ортақ жүйені ойлары жеткенше жамап-жасқайды. Үй жертөлелерінде талапқа сай емес ысырмалар (задвижка) пайда болған. Мұның барлығы жылумен қамтушы мекемеге жылу жүйесін нақты нормада реттеуге айтарлықтай қиындық түсірген. Кейбір жерлерде қысым тым көбейіп кеткені себепті ескі құбырлар жарылып, апаттар орын алады.
Жауапсыз монополиядан алу керек
Көмірлі шаһардағы тосын жайт облыс орталығының тұрғындарын да айрықша алаңдатып отыр. Себебі мұндағы ыстық сумен қамту жүйесінде аязды күндері бірқатар кемшілік байқалып қалды. Усолка шағын ауданында орналасқан ЦТП-21 нысанында зақымдану орын алып, салдарынан көпқабатты 12 тұрғын үй мен бір балабақша ыстық судан уақытша ажыратылды. Ал Толстой көшесіндегі тағы бір үйде бұл күні суық су құбыры жарылды.
«Павлодар жылу желілері» ЖШС-ның пайдалануға беру жөніндегі бас инженерінің орынбасары Павел Плетухов қаладағы жылу-энерго орталықтары бүгінде штаттық режімде жұмыс істеп тұрғанымен, жылу желілерінде аязды күндері ақау шығуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
– Павлодар қаласындағы жылу желілерінің 90 пайызы тозғанын анықтап отырмыз. Бұл пайыздық көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Қазіргі сәтте кемі 17 шақырым желіні жаңарту қажет. Қала ішіндегі жылу тораптарындағы тозу көрсеткіштері 80 пайыздан басталады. Жылу маусымы алдында Павлодар қаласының әкімдігі қосымша бригада бөліп, ақау шыққан жерлерді қалпына келтіруге көмектесті. Екібастұздағы жағдайдан ешкім де сақтандырылмаған. Осы жылы қала басшылығымен бірге орамішілік желілерге көп көңіл аударылды, – дейді маман.
Екібастұздың қазіргі ахуалы алаңдатарлық. Қаһарлы қыс басталып кетті. Аяз күшейіп тұр. Энергетика саласының жілігін шағып, майын ішкен мамандар бұл қиындықтан құтылудың жолы кәсіпорынды коммуналдық меншікке тапсыру екенін айтады. Ел билігі 150 мың тұрғыны бар шаһарды жауапсыз монополистің қолында қалдырып қоймайды деп сенеміз.
Бет қатталып жатқанда: Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Олег Крук Екібастұзда әлі де болсын жылусыз отырған 17 тұрғын үй мен 2 әлеуметтік нысан бар деп хабарлады. 18 мекенжайда қатып қалған ыстық су құбырлары жібітілуде. Барлық жылу тораптарының ұзындығы 422 километрді құрайды. Жылуға қала бойынша 689 көппәтерлі үй мен 4395 жер үй қосылған.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы