• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 29 Қараша, 2022

Ағаш өңдеу өндірісінің әлеуеті

678 рет
көрсетілді

Қазақстандағы ағаш өңдеу өндірісінің әлеуеті қандай? Экспорт пен импорттың жағдайы нешік? Саладағы кәсіпорындардың экономикадағы салмағы қандай? Осы сұрақтарға жауап алу үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне журналистік сауал жолдаған едік.

Ведомствоның вице-министрі Марат Қарабаев қол қойған ресми жауап хатта елімізде ағаш өңдеу өнеркәсібінің өндірісі жыл сайын ұлғайып келе жатқаны айтылған. Мәселен, былтыр саланың өнім өндіру көлемі 2020 жылғы деңгейге (26,3 млрд теңге) қарағанда 12,9 пайызға өсіп, 29,7 млрд теңгені құраған. Ал осы жылғы қаңтар-қыркүйекте өндіріс көлемі 22,2 млрд теңгеге тең болыпты. Бұл номиналды мәнде бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 4,1 пайызға жоғары. Есепті кезеңде саланың нақты көлем индексі 95 пайызды құрап, теріс динамиканы көрсеткен.

Ағаш өңдеу өнімдерін ішкі нарықта тұтыну көлемі осы жылдың қаңтар-қыркүйегінде 372 млн долларды құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 4,3 пайызға төмен. Сонымен қатар 2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте елдің ішкі нарығында отандық тауар өн­дірушілер өнімінің үлесі 10 пайызын құрады. Бұл ретте им­порттық өнімнің жалпы тұтыну көлеміндегі үлес салмағы 90 пайызға тең.

Ағаш өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 2021 жылы 746,3 млн теңгені құрады. Ал осы жылғы қаңтар-қыркүйектегі көрсеткіш бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 3 есе ұлғайып, 1,064 млн теңгеге жеткен.

Аталған сала Алматы қала­сында (90 кәсіпорын), Шығыс Қазақстан облысында (44 кәсіп­орын) және Астанада (37 кәсіп­орын) жақсы дамыған. Бұл орман қорының кең көлемімен және ресурстардың қолжетімділігімен, сондай-ақ ауқымды ішкі нарық­тың болуына байланысты. Бүгінгі таңда кәсіпорындар жаңа тауар­лар өндірісін игерді. Нарықта ОСБИ тақталары, ламинатталған панельдер, фанера пайда болды.

Ағаш өңдеу өнеркәсібі өнім­дерінің экспорты 2021 жылы ақша­лай мәнде 7,6 млн долларды, ал заттай мәнде 40,4 мың тон­­наны құраған екен. Осы жыл­ғы қаң­тар-тамызда көрсеткіш 2021 жыл­ғы тиісті кезеңмен салыс­­тыр­ғанда ақшалай мәнде 90 па­йыз­ға ұлғайып, 12,8 млн доллар­ды, ал заттай көрсеткіш 2,7 есе төмендеп, 16,9 мың тоннаны құраған.

Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Литва және Польша қазақстандық өнімнің негізгі тұтынушылары болып саналады.

«Ағаш материалдарының жекелеген түрлерін әкетуді рет­теудің кейбір мәселелері туралы» Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрінің 2022 жылғы 7 маусымдағы бұйрығымен осы жылғы 8 маусымнан бастап «Сіңірілген темір жол немесе трамвай жолдарына арналған қылқан жапырақты тұқымдардан жасалған ағаш шпалдар» кодын қоспағанда, Қазақстан аумағынан ағаш материалдарының жекелеген түрлерін алты ай мерзімге әкетуге тыйым салынды. Осы бұйрық отандық тауар өндірушілерді қолжетімді шикізатпен қамта­масыз ету, Қазақстан аумағы арқылы транзиттік жүк тасымалдарын ұлғайту және Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт шеңберінде халықаралық міндеттемелерге сәйкес ресейлік ағаш материалдарының Қазақстан аумағынан кері экспортына жол бермеу мақсатында қабылдан­ды, деп жазылған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министр­лігінің ресми жауабында.

Ағаш өңдеу өнеркәсібін ынталандыру үшін тиісті шаралар қолға алынған. Атап айт­қанда, өнеркәсіптік-инно­вация­лық жобаларды бірге қаржы­ландыруды қоса алғанда, қаржы­ландыру, лизингтік қаржылан­дыру; қаржы институттары арқ­ылы кредит бе­ру; ин­же­нер­лік-коммуникациялық инфра­құ­рылыммен қамтама­сыз ету; өңдеуші өнеркәсіптің отан­дық тауарлары мен көр­сетілетін қызметтерінің экспортын дамыту және ілгерілету, оларды іске асыруға жәрдемдесу; еңбек өнімділігін арттыруды ынталандыру; өнеркәсіптік гранттар беру секілді мемлекеттік ынталандыру шаралары қарастырылған.

Ресми дерекке сүйенсек, салада 368 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың негізгі үлесі (99 пайызы) шағын кәсіпорындарға (366) және орта кәсіпорындарға (2) тиесілі. Өңдеу өнеркәсібіндегі ағаш өңдеу өнеркәсібінің үлесі шамамен 0,1 пайызға тең.

Ағаш өңдеу өнеркәсібі өнім­дерін өндіру құрылымында ағаш шикізатын бастапқы өңдейтін өнім­дердің үлесі басым. Меншікті шикізатпен қамтамасыз ету 15 пайыздан аспайды. Қолжетімді ұлттық ағаш қоры шектеулі. Осыған байланысты қажетті шикізат көлемінің негізгі бөлігі Ресей Федерациясынан әкелінеді. Импортталатын негізгі тауар позициялары – өңделмеген және өңделген қылқан жапырақты ағаш және аралау немесе бөлу арқылы алынған ағаш материалдары.

Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрлігі Құры­лыс индустриясы және ағаш өңдеу өнеркәсібі басқармасының басшысы Мұхамед Андаковтың айтуынша, Қазақстан орман ал­қабы аз елдердің қатарына жата­ды. Қазіргі уақытта орман қоры­ның ауданы 30,4 млн гектар­ды құрайды, оның 13,3 млн гек­тары орманмен қамтылған. Орман­ды­лық көрсеткіші 4,9 пайызды құрайды. Негізгі ағаш қоры Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына тиесілі.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»