• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Қараша, 2022

«Балық мектебі» жобасы

780 рет
көрсетілді

Мектеп бітірген түлектен бастап, университеттен шыққан жас маманға дейін балық шаруашылығымен айналыса алады. Мұндай мүмкіндікті Алматы облысындағы «Балық мектебі» ұсынады. Бұдан бөлек мектеп түлектері өңірде ашылған жаңа балық шаруашылығында тәжірибе алмасып, жұмысқа орналаса алады.

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауда­ны­ның Есік қаласында жылына 120 тонна форель өсіретін жаңа  балық шаруа­шылығы ашылды. Бүгінде бассейндерге 100 мың форель шабағы жіберілді.

Шаруашылық басшысы Марлен Тұр­сын­әлінің айтуынша, жобаға жұмсалған қаржының көп бөлігін мемлекет қай­тарады. Жалпы, жобаны іске асыру үшін 80 млн теңгеге жуық жеке инвестиция салынған. Дайын өнім 2023 жылдың екінші тоқсанында сатылымға шығады деп күтілуде.

«Көптен күткен алғашқы шаруашы­лығымызды ашып жатырмыз. Мұндай шаруашылықты еліміздің әр бұрышынан ашуға болады. Себебі еліміздің әр өңі­рінде болуы керек. Қазір мемлекеттік бағ­дарлама жүріп жатыр. Осы шаруа­шылыққа жұмсалған шығынның 25 пайы­зы инвестициялық субсидия арқылы қай­та­рылады. Басқа шығындардың да көп бөлігін мемлекет өтеп береді», деді кәсіпкер.

Сонымен қатар Марлен екі жыл бұ­рып «Балық мектебі» жобасын бас­тап, кәсіпкерлер және балық өсіру­мен айналысқысы келетіндерге шаруа­шы­лықты үйретуді қолға алған болатын. Осы уақытқа дейін 205 адам білім алған. Мектеп бітірген 30 түлек Алматы, Ақтө­бе, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жам­был және Жетісу облыстарында өздерінің балық өсіру шаруашылығын ашқан.

«Осындай шаруашылықты ашқысы келетін азаматтарға «Балық мектебі» жобасы бар. Кәсіпке кететін шығын, оны қалай жүргізу керек, мемлекеттен қандай көмек бар және оны алу үшін қандай құжаттар керегін осы жобаның аясында түсіндіріп береміз», деді М.Тұрсынәлі.

Сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіп­­керлер палатасының АӨК депар­таментінің директоры Ербол Есенеев Қазақстандағы балық шаруашылығының жағдайын баяндады. Оның айтуынша, сырттан 40 мың тонна балық келеді. Бұл өзімізде өндірілетін мөлшерге жуық­тайды және оны елімізде өндіруге мүмкіндік зор.

«Қазақстанда орташа есеппен 50-55 мың тонна балық өндіріледі, бұл өте аз. Салқындатылған және мұздатылған балықтың импорты 40 мың тоннаны құрайды, оның сомасы – 110 млн доллар. Мұнша балықты елімізде де өндіре аламыз және өндіруіміз керек. Өйткені әлеуетіміз жоғары. Мәселен, тауарлы балық пен балық өсіру бойынша су айдындарының жалпы ауданы – 125,8 мың га. Бүкіл Лихтенштейн мемлекетінің аумағымен салыстыруға болады. Сол себепті Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мұндай жобаларды әрдайым қолдайды», деді Е.Есенеев.

Еске сала кетелік, балық шаруашы­лығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасының индикаторлары мемлекеттік қолдау шараларына ғана емес, сондай-ақ осындай кәсіпкерлердің белсенді қызметіне бағытталған.