«Оңтүстік», «Шығыс», «Астана» өңірлік қолбасшылықтарында, Әскери-теңіз күштерінде, сондай-ақ елорданың десанттық-шабуылдау құрамасында әскер қатарын жаңа толықтырғандардың ант қабылдау рәсімдері өтті. Салтанатты іс-шарада 2600-ден аса сарбаз Отанға адал болуға ант берді.
Іс-шараларға әскери бөлімдердің жеке құрамы, жергілікті атқарушы органдар, қоғам өкілдері, қарулы күштер мен жергілікті қақтығыстарға қатысқан ардагерлер, жас сарбаздардың туыстары мен жақындары қатысты.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында 1600-ден аса сарбаз ант берді. Таразда салтанатты іс-шара «Жеңіс» қалалық саябағында өтті. Әскер қолбасшысы, генерал-майор Мереке Күшекбаев сарбаздарды осындай елеулі күнмен құттықтады.
– Бауыржан Момышұлы атындағы механикаландырылған құраманың жауынгерлері Жеңіс саябағында, батыр ескерткішінің жанында Отанына адал болуға ант беруі жауынгерлік дәстүрдің жалғасып келе жатқанын білдірсе керек. Отан алдындағы қызметтеріңді абыроймен атқарасыңдар деп сенемін, – деді генерал-майор Мереке Күшекбаев.
Ақтаудың әскери-теңіз базасында да осындай салтанатты іс-шара теңізші жауынгерлердің сапқа тұруымен басталды. Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарынан шақырылған матростар бір ай ішінде теңізшілердің тіршілігін үйреніп, кемедегі қызмет негіздерімен және теңіз терминологиясымен танысып үлгерді.
– Әскерге Павлодар облысынан келдім. Әрине, армияның өмір ырғағы мүлде бөлек, бәрі күн тәртібі және ережелерге сәйкес жасалады. Әскери-теңіз күштеріне келгеніме қуандым. Теңізші болу – жауапкершілігі мол және қызықты. Мұндағы ерекше дәстүрлерді командирлер де таныстырып жатыр, – деді матрос Аяз Масықбаев.
Көптеген сарбаздың ата-аналары мен жақындары салтанатты ант қабылдау рәсіміне қатысуға келді. Кеше ғана бозбала боп келген балаларының келбетінен есейгенін байқадық деп айтып жатты.
– Бүгін ұлдарымыз үшін маңызды күн – ант беру сәтін көрдік. Бұл, әсіресе, десант жауынгерлер үшін үлкен жауапкершілік пен абырой. Әскердегі борышыңды өтеу ер азаматтар үшін өзіне деген сенімділікке тәрбиелейтін тамаша өмір мектебі болары анық, – деді Павлодардан елордадағы десанттық-шабуылдау құрамасына шақырылған Абзал Саматтың анасы Гүлжанат Хамитова.
Командирлер іс-шараға келген қонақтарды сарбаздар қызмет ететін жағдаймен таныстырып, олардың әскери қызмет төңірегіндегі сұрақтарына жауап берді.
Жалпы дайындық курсынан кейін әскери қызметшілер түрлі мамандықтарды үйрене бастайды. Оларға штаттық қару-жарақ пен әскери техника бекітіледі.