• RUB:
    4.99
  • USD:
    489.36
  • EUR:
    533.45
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Қараша, 2022

Қазақстанда 400-ге жуық жайлы мектеп салынады

419 рет
көрсетілді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz ОКҚ-ға сілтеме жасап.

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Ұлттық жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мектеп инфрақұрылымын жаңғырту үшін әзірленгенін айтты. Оның аясында 842 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы оқу орындарының ауқымды құрылысы жүргізіледі.

Мәселен, жайлы мектептер қажетті оқу жабдықтарымен, түрлі пәндік кабинеттермен, бейнебақылау және дыбыстық хабарлау жүйелерімен, балаларға арналған жеке шкафтармен толық жабдықталатын болады.

Мұндай мектептер ауылда да, қалада да бірыңғай стандарт бойынша салынады. Оған қоса, онда ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін жағдай жасалатын болады.

Сонымен қатар, министрдің айтуынша, жаңа мектептер үшін мұғалімдерді даярлау және біліктілік арттыру жұмыстары жалғасады. Жалпы 2026 жылға қарай 100 мыңға жуық маман дайындалады деп жоспарланған.

Премьер-Министр «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мектептердегі орын тапшылығын болдырмауға, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге бағытталып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ жаңа білім ордаларында пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалар болады.

«Бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар қарастырылған. Әр блоктың өз асханасы мен спорт залы болады. Мектеп ішінде оқулықтар мен жеке заттарды сақтауға арналған жеке шкафтар орнатылады. Осылайша, оқушылардың ауыр сөмкелерін біршама жеңілдетуге мүмкіндік туады», деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысының айтуынша, сондай-ақ оқушыларға ыңғайлы болу үшін трансформер-парталар мен «ауызсу фонтандары» қойылады. Әр қабатта оқушыларға арналған тынығу алаңдары болады.

Премьер-Министр 2023-2025 жылдары елімізде 401 жайлы мектеп салу жоспарланып отырғанын айтты. Жалпы жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2,6 трлн теңге бөлінді.

«Жобаны іске асыру балалардың жақсы білім алуы үшін қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді. Өңір әкімдері жыл соңына дейін жер учаскелерін бөліп, инженерлік коммуникацияларды жүргізу мәселесін мұқият ойластыруы қажет», деді Әлихан Смайылов. 

Тақырыпты қорытындылай келе, Үкімет басшысы Оқу-ағарту министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, жобадағы іс-шаралардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.