Таразда есірткіні аса ірі көлемде сақтаған жергілікті тұрғын ұсталды. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, күдікті 7 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Тараз қаласының 33 жастағы тұрғынын ұстады. Ұсталған адамды жеке тінту кезінде полицейлер есірткі заты - каннабис шайыры бар 44 байлам тауып, тәркіледі.
Ұсталған адамның тұрғылықты жерін тексеру барысында қызметтік-іздестіру итінің көмегімен есірткі заты бар 2 жиынтық табылды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 628 грамнан асты. Ұсталған адам кінәсін мойындап, Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған факті бойынша «Аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын заңсыз сақтау» Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Аталған баптың санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.