Жексенбі күні Қарағандыда велоспорттан өткен Азия чемпионаты мәреге жетті. Осы сында Қазақстан құрамасы 7 алтын жүлдеге ие болды. Сөйтіп, жақында Астанада аяқталған құрлықтық доданы есептегенде ұлттық құрама барлығы 11 алтын медальді жеңіп алды.
Жарыстың соңғы күні Руслан Тілеубаев, Максим Иглинский мен Дмитрий Груздев тас жолдағы топтық жарыста барлық медальдарды иеленді. Олар 204,1 км арналған сында топ жарды. Бұл Азия чемпионатындағы ең қиын қашықтықтағы жарыс болып есептеледі. Осы бәйгеде оза шапқан велошабандоздарымыз жарысқа қатысқан 18 елдің 77 спортшысының арасынан қара үзіп, мәреге бірінші жетті.
Сөйтіп, осы күні Қазақстан құрамасы алтын медальдар санымен бірінші орын алды. Ал жалпы жүлделер саны бойынша еліміз 32 медальді иеленген Оңтүстік Корея құрамасын алға жіберіп, екінші орынға ие болды. Біздің команда Азия додасында 22 медальді еншіледі.
Жалпы, биылғы Азия чемпионаты жақсы деңгейде өтті деуге болады. Астанадағы жарыста отандастарымыз 4 алтын жүлде алса, Қарағанды тас жолдарында 7 рет құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Жарыс кезінде қазақстандықтардан жоғарыда аталған спортшылардан басқа Виктор Окишев, Григорий Штейн, әйелдерден Надежда Генелева, Екатерина Юрайтис чемпиондық атақты иеленді. Ал ұлттық құрамаға соңғы күндері күміс жүлдені Евгений Гидич, Олег Земляков, қола медальді Алексей Волошин мен Мақсат Аязбаев сыйлады.
Осы күндері Қарағандыда таңертең +4С, қатты жел соғып, жаңбыр жауса да отандастарымыз намысты қолдан бермеді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан 45 км қашықтыққа, одан кейін 30 км қашықтыққа арналған сында Дмитрий Груздев (ерлер) пен Виктор Окишев (андер) мәреге бірінші келді. Одан кейін Қазақстан құрамасы бір күнде бір қашықтықта өткен жарыста жүлделі орындардың бәрін алды. 125 км арналған сында Григорий Штейн алтын медальді, Евгений Гидич күміс, Алексей Волошин қола жүлдені иеленді.
Чемпионаттың соңғы күндері Қазақстан құрамасының жасөспірімдері де ағаларынан қалыс қалмады. Қыздар арасында 75 км қашықтыққа арналған бәсекеде Надежда Генелева топ жарса, 23 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы 172,7 км топтық жарыста Вадим Галеев мәре сызығын бірінші болып кесті. Олег Земляков екінші, Мақсат Аязбаев үшінші орын алды. Тағы бір спортшымыз Бақтияр Қожатаев мәреге бесінші болып жетті.
Әйелдер 125,6 км топтық жарыста алтын жүлдеге қол жеткізе алмады. Бұл бәйгеде Қытайлық Тайпей спортшысы Мей Ю Хсяо бірінші орынды, күміс медальді Қытайлық Сяньганның өкілі Хсяо Юан Диао, қола жүлдені кореялық Сангун Гу иемденді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».