• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Маусым, 2014

Кәсіпкерлік көкжиегі кеңеюде

419 рет
көрсетілді

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев жұмыс сапарымен Оңтүстік Қазақстанда болды. Облыс бизнесмендерімен арнайы кеңес өткізіліп, онда кәсіпкерліктің өзекті мәселелері талқыланды. Кеңесті аша отырып Тимур Асқарұлы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан алты айда атқарылған нақтылы істерге тоқталды. Ұйымдастыру және кадрлық жұмыстар тиянақталды. Республикалық деңгейде жоғары билік органдарымен тығыз байланыс орнатылды. Мемлекеттік шешімдер қабылдауда бизнестің орны мен рөлі жан-жақты ескерілуде. Заңдар мен заңнамалық құжаттарға бес жүзден астам өзгерістер мен түзетулер ендірілді. Ендігі жерде өңірлік деңгейдегі жұмысты түбегейлі түрде жандандырып, ширата түсудің маңызды екені белгілі, деді Т.Құлыбаев. Осы орайда ОҚО кәсіпкерлер палатасына жүктелер міндеттер үлкен. Бизнесті дамытудың өңірлік картасын қалыптастырып, заманауи ізденістермен жұмыс істеу керек. Облыста кәсіпкерлікке жан-жақты көңіл бөлінеді. Дегенмен, барлық жердегідей әлі де кедергілер көп. Біз облыс әкімдігімен бірлесе жұмыс жүргізудің механизмдерін айқындадық. Мемлекеттік бағдарламалар мен маңызды жобаларды жүзелеудің неғұрлым тиімді жолдарын қарастырамыз. Мемлекеттік сатып алу, жер қойнауларын пайдалану, адам капиталын дамытып, кадрлар даярлауды уақытқа икемдеу, жергілікті өндірісшілерге кең жол ашу – міне, мұның бәрі еліміздің ЕАЭО-ға кіруіне байланысты жаңа мазмұнға ие болатыны аян. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының атқарушы төрағасы Абылай Мырзах­метов жаңа бағдарламалар мен жобалар туралы айта келіп, әсіресе, ауыл ша­руа­шылығының өзгеше басымдық сипат алатынын атап көрсетті. Несие, кепілдік, бизнес-жоспарлар жөніндегі қиындықтарды білеміз, деді ол, осы мәселелер жөнінде Түркия тәжірибесін зерттеп қайттық. Нақтылы ұсыныстар берілді, нәтижелер де болады. ОҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Жеңісбек Дулатов облыстағы бизнесін жаңа бастаған кәсіпкерлермен жұмыс, әр ауданның айрықша бағыттары, шағын және орта бизнестің даму барысы жөнінде баяндады. Кеңес соңында облыс әкімі Асқар Мырзахметов Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі атқарылған тірліктерге қысқаша тоқталып, индустрияландыру картасына байланысты жобалар Шымкентте ғана емес, барлық аудандарда жүзеленіп жатқанын әңгімеледі. Кеңесте қозғалған өзекті мәселелер жөнінде өз көзқарасын білдіріп, облыс тарапынан қосылар үлестерге тоқталды. «Егемен-ақпарат».