Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшелері Комиссия төрағасы Қуаныш Сұлтановтың басшылығымен «Астана қаласы әкімдігінің Мамандандырылған балалар үйі» мемлекеттік коммуналдық мекемесіне барып қайтты.
Туған кезінен бастап 4 жасқа дейінгі балалар толық мемлекет тарапынан қамтамасыз етілетін Балалар үйіне барудың мақсаты осы мекемедегі балалардың өмір сүру жағдайымен, олардың Қазақстан Республикасының Конституциясымен және қолданыстағы заңнамалық актілерімен, Қазақстанның бала құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық міндеттемелерімен, атап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары туралы конвенциясымен кепілдік берілген құқықтарының сақталуымен танысу болды.
Балалар үйінің тәрбиешілерімен, педагогтарымен, психолог мамандарымен және медицина қызметкерлерімен, басқа да қызметкерлерімен әңгімелесу барысында Комиссия мүшелері балалардың үйлесімді даму, денсаулығын сақтау және білікті медициналық көмек алу конституциялық құқықтарының қамтамасыз етілуі, Қазақстан мен басқа шетел азаматтарының балаларды асырап алу мәселелеріне ерекше көңіл бөлді.
Балалар үйіне барғанда жиналған материалдар Комиссияның арнайы баяндамасына енгізілетін болады.
Бұл іс-шара Президент Әкімшілігінің және Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның 2014 жылға арналған жұмыс жоспарларына сәйкес және Балаларды қорғаудың халықаралық күніне орай жүргізілді.
«Егемен-ақпарат».