• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
03 Маусым, 2014

Ақпараттар ағыны

230 рет
көрсетілді

* Биылғы жылдың 5 айында «Жұмыспен қамту» бағдарламасы бойынша 40 мыңнан астам азамат жұмысқа орналасты. Бұл туралы кеше мәлімдеген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жыл соңына дейін өзін өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыздар мен аз қамтамасыз етілген адамдар қатары 154 мыңға жететінін айтты. * Павлодарда биыл аймақтық технопарк ашылатын болды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Дүйсенбай Тұрғановтың айтуынша,  қазіргі таңда жергілікті жоғары оқу орындары мен өнертапқыштар әртүрлі салаларда 200-ге жуық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Ал жаңа орталық  қызметі жеке-жеке ғылыми идеялар мен әзірлемелерді шоғырландыруға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге және зама­науи инновациялық технологияларды енгізуге бағытталады. * Оңтүстік Қазақстанда студент-жастар Еуразиялық одақ туралы ойларын ортаға салды. Облыстық мемлекеттік педагогикалық инс­титутта өткен бұл жиында аймақ бас­шысы Асқар Мырзахметов жас толқынның көптеген сұрақтарына жауап бере келіп, оларды бұқа­ралық мәдениетті көтеру, жо­ға­ры адамгершілік қасиеттерді қа­лып­тастыру сияқты бүкіл қоғам болып атқаратын шараларға белсене ат­салысуға шақырды. * Қазақстандағы алғашқы АЭС Курчатов қаласында салынады. Ұлттық ядролық орталық таратқан ақпаратта бұл стансаның еліміз шығыс өңірінде бой көтеруіне онда қуат көздеріне деген сұраныстың жылдан жылға артып келе жатқаны негізгі себеп болды. * Қызылордада «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында құны  1 млрд. 715 млн. теңгені құрайтын 13 жоба жүзеге асырылуда. Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыс орталығында  жыл басынан бері кәсіпкерлер қатары 300-ден аса субъектімен толығып, олардың 26309-ды құрағанын айтып отыр. * Алматыда 2 мыңнан аса бүл­дір­шін балабақшамен қамтылады. Жалпы, биыл мұнда 18 мемлекеттік балабақшаның құрылысы жоспар­ланған. Олардың 16-сы жыл ішін­де беріледі. Қалалық білім басқар­масының басшысы Рахат Шимашева  қалған 640 орындық 2 балабақшаның 2015 жылдың еншісінде тұрғанын жеткізді. * Кеше «Астана-Шымкент» ба­ғытындағы жаңа жолаушылар пойы­зы жолға шықты. Құрам «Тальго» жүрдек вагондарынан жасақталған. Онда 22 вагон бар. Болат жолдың кө­лігі Астанадан Шымкентке дейін 15 са­ғат 35 минутта жетсе, қайтар жол­ды 16 сағат 01 минутта көктей өтеді. * Қостанай облысының 356 оқушысы жазғы демалыстарын мектеп орман шаруашылықтарында өткізеді. Облыстық білім беру басқармасының бастығы Ү.Төртқараеваның айтуына қарағанда, олар осы мезгілде еңбек және экологиялық тәрбие алады, орман алаптарын тазалау, туған өлкенің табиғатын зерттеу жұмысымен айналысады. «ҚазАқпарат», BNews.kz, Аltaynews.kz, Alau.kz, Egemen.kz хабарлары бойынша дайындалды.