• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
03 Маусым, 2014

Оқиғаға орайлас ой

310 рет
көрсетілді

Серік ПІРӘЛИЕВ, Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор. Алмағайып заманда алға бастар  жол іздеген талай-талай алпауыт елдердің тығырыққа тіреліп отырғаны –  шындық. Дүниежүзілік экономикалық дағдарыс, халықаралық саясаттағы  шиеленіс, рухани-мәдени дамудағы іркіліс көптеген халықтарды, олардың саясаткерлерін алаңдатады. Осындай қысталаң сәтте тың жол  іздеу үдерісі еуразиялық кеңістікте де әлдеқашан басталған болатын. Өйткені, мынау жаһандану заманында мүдделері ұқсас, халықтары етене таныс, геосаяси жағдайлары жақын мемлекеттердің  уақыт сынына бірлесіп қана төтеп бере алатындығын ойы алғыр, көреген  саясаткерлер түсіне бастаған еді. Бірақ, осы ойды жүзеге асыратын  нақты бағытты Қазақстан мемлекетінің кемеңгер басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бірінші болып нұсқағаны – тарихи шындық. Тоқсаныншы жылдары-ақ біздің Елбасымыз бұл идеяны М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған дәрісінде жалпақ жұртқа жария қылған. Соны лепке, ойға қонар оралымды  ұсынысқа мемлекет басшылары, әр елдің саясаткерлері елең еткенімен, бұл бағытта елеулі істер қолға алына қоймады. Әркім өз халқының қамын, өз елінің ғана ертеңін ойлаудан аса алмады.  Н.Ә.Назарбаевтың еуразиялық елдердің ортақ мүддесін ойлап, ортаға салған ойтүрткісін жете бағаламай келді. Сөйтіп, арада жылдар озды. Уақыт өткен сайын  Қазақстан Президентінің кемел ойынан  шыққан көреген идеясының дұрыстығы айқындала түсті. Енді, міне, Прези­ден­тіміз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен осы бір елдер арасын жақын­датар, береке, бірлікке шақырар, ұжымдасып, ұлы мақсатқа ұм­тыл­дырар құнды құжатқа Қазақстанның бас қа­ласында қол қойылды. Демек, Елбасымыздың сарабдал саясаты, саңлақ ойы салтанат құрды. Қайырлы болғай! Еуразиялық интеграциялық үдерістерді кеңейтуді көздейтін, барлық мемлекеттердің мүд­делері ескерілген Еуразиялық эконо­микалық одақ туралы шарттың біздің егеменді елімізге де берері мол екеніне кәміл сенеміз. Ең алдымен, бұл құжат аясында атқарылар істердің еліміздің ертеңі – жастарға тікелей қатысы бар деп ойлаймын. Бастысы – қайратты, қарымы мол жастар үшін жұмыс орындары көбейеді, жас мамандардың да сүйікті ісімен айналысуына мүм­кіндік молаяды. Білім алу кеңіс­тігі кеңиді. Талапты жастар Еура­зиялық одаққа мүше елдердің кез келген қаласында еркін жүріп, тұрып, білім ала алады, ғылыми жұмыспен айналысуларына кең жол ашылады. Көршілес елдердің, олар арқылы басқа жұрттардың да рухани құндылықтарын, ғылыми жетістіктерін, мәдениеті мен әдебиетін,  өнерін жетік білуге зор мүмкіндіктер алады. Менің ойымша, Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылуы – жарқын болашақтың кілтін қолға алу. Енді осы игілікті дұрыс пайдаланып, әркім өз саласында аянбай еңбек етуі тиіс. Алматы.

Ел қуаты артады

Ләззат НҰРДАУЛЕТОВА, №17 мектептің құқық және қоғамтану пәнінің мұғалімі. Президент Нұр­сұл­тан Назарбаевтың осыдан 20 жыл бұрын айтқан идеясы сан кедергіден өтіп күні кеше Ас­та­нада Қазақстан, Ре­сей, Беларусь мемлекеттері пре­зи­денттерінің Еуразиялық одақ құруға қол қою рәсімімен жүзеге асты. Бұл біз үшін ғана емес Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болған үш елде тұратын миллиондаған халық үшін үлкен қуаныш. Мұны ел экономикасын өркендетуге ашылған жарқын жол деп түсінген дұрыс. Онда еш саясатсыз таза экономикалық қа­рым-қатынас болады. Сон­дықтан, бүгінгі қоғамның қоз­ғау­шы күшінің бірі бизнесмендер әлемдік рынокқа ашылған жолды тиімді пайдаланар деп үміт артамыз. Тек заңнама шеңберінде адал да таза еңбек мұ­ратқа жеткізетінін есте ұстаған ләзім. Осынау игілікті те­ле­дидардан көріп отырып бір байқағаным, аталған үш ел басшылары көңілді болды. Жарқын жүздерінен ел үшін атқарылған жақсылықтың нышаны білініп тұрды. Тәубе! Өркениет жолында дамыған елдердегідей біздің елде де табыс көзі үсті-үстіне ашылса – халқымыз бай да қуатты тұратыны хақ. Елде баршылық мол болса құба-құп. Сондықтан ешқандай күдіксіз Елбасына артқан сенімімізді бұрынғыдан да арттырып Елбасымызға ілесе білсек нұр үстіне нұр. Талдықорған.

Үйлесімділік қашанда жақсылыққа бастайды

Борис КАМЫНИН, «Ақтөберентген» АҚ стратегиялық даму жөніндегі директоры. Біздің кәсіпорын бұ­рыннан да тәуелсіз мемлекеттерге өнім­дерін өткізіп жүрген өн­діріс орны еді. Біз Кеңес Одағы кезін­де өнім­дерімізді Еуро­па елдеріне дейін шыға­рып жүрдік. Одақтас респуб­лика­лар­дың экономикалық байланысы үзілгеннен кейін бірқатар өнді­ріс орындарының тұралап қалға­ны шындық. Кешегі Беларусь, Ресей, Қазақстан арасындағы Еуразиялық эко­номикалық одақ туралы шартқа қол қою үлкен маңызды оқиға. Экономикалық күрделі уақыт­та өзінің төте жолын тапқан Қа­зақ­стан бейбітсүйгіш үрдісін жалғас­тырды. Бірігудің, бірлесудің қа­шан­да ілгері күнге апаратынын Ресей, Беларусь, Қазақстан бас­шы­ларының кездесуі дәлелдей түсті. Біздің рентген зауытының өнімі қашанда сұранысқа ие. Біз соңғы кездері медициналық кешендерді рентген аппараттарымен қамтамасыз етуге көштік. Еура­зия­лық одақтың келі­сім­дері өндірісті жаңа мүм­кіндіктерге бастай­ды. Бүкіл еліміз бойын­ша бірден-бір рент­ген аппаратын шыға­ратын кәсіпорын ре­тін­де біз экспорттық мүм­гіндігімізді пайдалана аламыз. Кәсіп­орын жұмысшылары Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт­қа қол қойылуын шын ниеті­мен қолдайды және біздің ықпал­дас­тығымыздың тиімділігін аңғарады. «Ақтөберентген» зауыты өнімдерін Еуропаға, қала берді Ресейге шығарады. Біз сонымен мақтана аламыз. Біздің кәсіпорында тұңғыш рет он алты қималы томограф шығарылды. Біздің зауыттан шық­қан жылжымалы медициналық кешен көршілес елдерімізге де жіберіледі. Еуразиялық одақ­ шартына қол қойыл­ған­нан кейін «Ақтө­бе­рентген» зауытының бойына да қан жүгіретініне сенемін. Ақтөбе.

Интеграция – тұрақты даму кепі лі

Қылышбай БИСЕНОВ, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор. Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев көтер­ген бастама өз нәтижесін берді. Елордамыз Астанада Қазақ­стан, Ресей, Беларусь мемле­кет­терінің басшылары Еуразиялық экономикалық одаққа қол қой­ды. Президентіміз ұсынған еура­зиялық интеграция идеясы – Еуразия халықтарының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан тату көршілестік және өзара сыйластық дәстүрлеріне негізделген. Сондай-ақ, көршілес мемлекеттердің экономикалық ықпалдастығын белсенді де сатылы түрде одан әрі кеңейтудің сара жолы. Президент Нұрсұлтан Назарбаев жүзеге асырған көпвекторлы саясаттың формуласы бір жағынан, Қазақстанның табиғи байлықтарына, географиялық жағдайына, қуатты адам капиталына, екінші жағынан, Еуразия мемлекеттерімен интеграцияны сатылы әрі жүйелі түрде тереңдете жүргізуіне мүмкіндік туғызады. Еуразиялық одақ еліміздің өз тауарларын сыртқы нарыққа шығару арқылы экономиканы жаңа деңгейде жаңғыртудың тиімді жолы болып табылады. Сонымен қатар, табиғи ресурстарға бай мем­лекетіміздің инвес­ти­циялық тартымды­лығын арттыру ар­қы­лы оңтайлы инвес­ти­ция­лық климатты қалып­тастырады. Қазіргі таңда эко­но­микалық интеграция жаңа, мейлінше тұрақты да әді­летті әлемдік нарықты қалып­тастырудың басты құралы тез өзгеріп бара жатқан бүгінгі дүние «білім экономикасына» көшуге, озық технологияларды ендіру мен таратуға, инновациялық дамудың әлеуеттерін тиімді пайдалануға мол мүмкіндіктер тудыруда. Мәселен, Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің жоғары, орта және кәсіптік білім туралы дип­ломдарды өзара тану туралы келісімі жұмыс істеуде. Еуразиялық экономикалық одақ өз құрамындағы мемлекеттердің орнықты даму траекториясын қамтамасыз ететін болады. Жақын болашақта аталмыш одақтың әлемдік экономика жүйесінде жетекші рөл атқаратынына сенеміз. Елбасымыздың еліміздің Мәңгілік Ел болу жолындағы стратегиялық бағытын және жаңашыл бастамаларын қолдау әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы деп білеміз. Қызылорда.

Өнім сапасы – ортақ мүддеміз

Надежда МАТРЮКОВА, «Баян сұлу» кондитер фабрикасының бас технологы. Біздің «Баян сұлу» кондитер фабри­ка­сы секілді өнім өнді­ре­тін ірі кәсіпорын үшін Еуразиялық эконо­микалық одақтың құ­ры­луы өте қолайлы болды. Кеден одағы құрылғанда да осылай қуанған едік. Себебі, өндірген өнім тұтынушысына жетпесе, кәсіпорын тұралайды, шығынға батады. Ал Ресей мен Беларусь Республикасы біздің кәсіпорын үшін нағыз нарық айлағы болды. Қазір жалпақ Ресейдің түкпір-түкпіріне біздің «Баян сұлу» кәм­питтері барады. Кеденнен ке­дер­гісіз өтеміз. Еуразиялық экономикалық одақ шартына үш ел мемлекеті басшыларының қол қоюы тарихи оқиға болып саналады. Одақ туралы шарт күшіне енетін алдағы жылдан бастап, экономикалық қатынастар бұрынғыдан да бетер жанданатын болады. Ресей нарығы өте кең. Бұл экономикалық одақ нарығынан біз алдымен бәсеке күтеріміз анық. Олардың кондитерлік өнім шығаратын кәсіп­орындарының өнімі Қазақстанға келеді, біз оларға шығарып жатырмыз. Қайда да болса тұтынушы сапалы өнімді ғана таңдайды. Сондықтан сапа үшін күрес бұрынғыдан да күшейе түсері анық. Ал ол үшін біздің кәсіп­орынның ешкімнен де кем түспесі анық. Соңғы жылдары біздің фабрика желілері артып келеді, жаңа өнімдер шығаруды бір сәтке ұмытпаймыз. Озық технология, сапалы шикізат әкелу технологтар мен кәсіпорын басшылығының назарында. Еуразиялық эконо­микалық одақ шеңберіндегі кәсіп­орындардың сапалы өнім үшін бір-бірінен үйренетін тұстары да аз болмайды. Олардағы мамандар мен дизайнерлерді мүмкін біз шақырармыз, біздің де оларға үйретеріміз бар. Экономикалық одақ елдеріндегі әріптестердің ортақ бағыты сапа мен тұтынушы мүддесінен шығу болмақ. Тұты­нушы ұтса, жақсы өмірдің орнығуы деп ұғыңыз. ҚОСТАНАЙ.

Бір-бірімізден үйренеріміз көп

Анвар ШАЙХУТДИНОВ, «ҚайнарМұнайГаз» басқармасының мұнай өндіру операторы. Ресей – біздің ежелден көршіміз ғана емес, экономикалық бай­ланыс орнатқан стра­тегиялық әріптесіміз. Ен­ді міне, Еуразиялық экономикалық одақ шартына қол қойылғаннан кейін Ресеймен және Беларусь Республикасымен экономикалық  байланысымыз бұрынғыдан да жандана түседі. Өзім он жылға жуық мерзімнен бері жұмыс жасайтын отандық компания – «ЕмбіМұнайГаз» ак­ционерлік қоғамы Ресейдегі мұ­най-газ өнеркәсібінің іргелі кә­сіп­орындарымен әріптестік, іскер­лік байланысты нығайтып отыр. Соңғы жылдары әсіресе, Ресейдегі «Татнефть» компания­сымен ара­дағы тәжірибе алмасу жиіледі. Бі­з­дің мұнайшылар көрші елдің мұнай-газ өнеркәсібі саласында жаңадан шығарылған арнаулы техникалар мен технологиялармен кеңінен танысуға мүмкіндік алды. «Татнефть» компаниясына тәжірибе алмасу үшін әріп­тестеріммен бірге мен де барып келдім. Екі ел­дің мұнай өндіру саласында қолданылатын жаңа технологиялар да ұқсас, арнаулы техникалар да бірдей деуге болады. Дегенмен әр елде жер қыртысы әрқилы болып келеді, сонымен бірге, мол мұнай Қазақстан мен Ресейде әртүрлі тереңдіктен алынады. Міне, осындай жағдайда жаңа технологияларды қолданудың сан алуан нұсқаларына қанығу кәсіби біліктілігімізді арттыруға септігін тигізді. Көрші елдің мұнай компания­сынан жетекші мамандар біздің мұнай өндіру әдістерімізбен таны­сып, кей тұстарда бізден үйре­нуге болатынына көз жеткіз­ді. Міне, осылайша, біз – қазақ­стан­дық мұнай­шылар ресейлік әріп­тес­теріміз­ден, олар біздің тәжіри­беміз­ден  үйренуге ұмтылып келе­міз. Екі ел мұнайшыларының осы әріп­тестігі Еуразиялық экономи­ка­лық одаққа мүше болғаннан соң одан әрі беки түсетініне толық сенімдімін. Атырау облысы, Қызылқоға ауданы.
Соңғы жаңалықтар