Биыл жазда Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласында «PetrolValvesKazakhstan» атты жаңа кәсіпорын ашылған болатын. Елімізде мұнай-газ саласында, басқа да бағыттарда кеңінен қолданылатын түрлі клапан өндірісін жолға қойған жаңа компанияның тыныс-тіршілігімен таныстық.
Клапан – немістің klappe (көпше түрде klappen) сөзінен алынған қақпақ, бекітпе деген мағына беретін сөз. Мұндай клапанның баламасы бүгінде тіршіліктің барлық саласында кеңінен қолданылады. Ал мұнай-газ саласына қажетті өндірістік клапандар немесе бекіту арматуралары – күрделі әрі жоғары технологияны талап ететін қондырғы. Қазақстанның өндірістік саласында мұндай тетіктер негізінен шетелден жеткізіледі. Соның ішінде италиялық және америкалық компаниялардың өнімдері әлемдік фаворит саналады екен.
«Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген қазақ мақалы бар. Еліміздің экономикасын қара нардай сүйреп келе жатқан мұнай-газ саласына аса қажетті осы тетікті Қазақстанда өндіру, ең болмаса осы жерде құрастыру туралы ой әуелі италиялық компанияларға келіпті. Сөйтіп, 2019 жылы екі ірі италиялық компания бірігіп, «Petrolvalves Kios Kazakhstan» ЖШС-ның өндірістік бөлімшесін ашқан еді. Клапандарды өндіру және оған сервистік қызмет көрсету бойынша біріккен компанияның ғұмыры ұзақ болмады. Бұл жерде шетелден әкелінген бөлшектерді құрастырып, жергілікті нарыққа шығару жоспарланған еді. Алайда іс алға баспай, өндіріс жабылып қалды.
Негізі «PetrolValves S.P.A.» – 1954 жылдан бері ерекше жабдықтарды, соның ішінде күрделі әрі жоғары технологиялы шар клапандарды, түрлі өлшемдегі қақпақ клапандарды шығаратын ірі компания. Бұл әлемнің осы саладағы үздік ондығына кіретін кәсіпорын. Қазақстандағы Қарашығанақ, Қашаған кен орындарында негізінен осы компанияның өнімі қолданылады. Соңғы 20 жыл ішінде Қазақстандағы түрлі тапсырыс берушіге 45 мыңнан астам клапан жеткізілген. Тетікті арматураға болашақта да сұраныс көп болмақ. Шетелдік мамандардың есептеуінше, алдағы 20 жылда тағы 400 мыңдай клапан қажет болады екен.
– Біз әлемге әйгілі италиялық компаниямен серіктес болып, біріккен кәсіпорын ашу үшін бір жылға жуық уақыт жұмсадық, – дейді қазақстандық «Merlion Development Group» ЖШС директоры Динар Хамиев. – Сөйтіп, биылғы маусым айында Қазақстан тарапынан «Merlion Development Group» ЖШС 50,1% үлесімен және Италия тарапынан «Petrol Valves S.P.A.» компаниясы 49,9 үлесімен құрылтайшы болып, «PetrolValves Kazakhstan» атты біріккен кәсіпорын дүниеге келді.
Келісімшарт бойынша «PetrolValves S.P.A.» компаниясы бастапқы кезеңде жоғары технологиялы жабдықтарға және жергілікті 20 маманды оқытуға 7 млн еуро көлеміндегі инвестиция жұмсаған. Қазақстандық серіктесі Ақсай қаласында өндірістік база ашып, жүйелі жұмысты жолға қойған. Сөйтіп, клапандарды құрастыру ғана емес, кейбір детальдарды осы жерде жасауға кіріскен.
– Біз кейбір детальдарды өзіміз өндіріп жатырмыз. Штог, клапан ішінде шар отыратын ершік секілді бөлшектер ақсайлық жұмысшылардың қолынан шығуда. Біздің межеміз – биыл жыл соңына дейін 500 дана, ал келер жылы 2 500 дана клапан жасап шығару, – дейді Динар Болатұлы.
Айта кетейік, серіктесі әлемдік деңгейдегі компания болғандықтан, мұнда жұмыс сапасына ерекше көңіл бөлінеді. Әр тетік жоғары қысыммен мұқият тексеріледі. Жоғарыда айтылғандай, бүкіл технология, құрал-жабдық және өндіріс басындағы негізгі мамандар Италия елінен келген. Сондай-ақ жергілікті 40 адам қызметке алынған. Өткен қазан айының соңына дейін олар италиялықтардың басшылығымен кәсіби тәжірибеден өткен.
«Бізге техникалық дағдысы жоғары, сызбаларды түсіне алатын мамандар керек. Жаңа іске жақсы бейімделіп, тәжірибеден үздік өткен мамандарды одан әрі тереңірек оқыту үшін Италияға жібереміз. Келісімшарт бойынша, Италияда тек біздің мамандармен айналысатын арнайы адам дайын отыр. Бірлескен кәсіпорнымыздың өндіріс бойынша директоры да италиялық маман. Бұл бізге әлемдік кәсібилік деңгейді сақтау үшін қажет», дейді Динар Болатұлы.
Компания келешекте жергілікті мамандар қатарын 95 пайыздың үстіне жеткізуді көздейді. Сондай-ақ бұл мамандар Қазақстанмен шектелмей, халықаралық деңгейде әлемнің кез келген елінде жұмыс істей алуы керек.
Ақсайлық компания қазірдің өзінде жаңа клапандарды жасаумен бірге, ескірген немесе ақаулы клапандарды жөндеуді де қолға алған. Яғни ескі яки істен шыққан клапанды бөлшектеп, ашып, тозған бөлігін өздері жасап, жөндеп шығарады.
«PetrolValves Kazakhstan» біріккен кәсіпорны 2024 жылы толық күшіне еніп, жылына 3 500 дана клапан өндірісін жолға қоятын болады. Әрине, ең алдымен компания өнімдері қазақстандық тұтынушыларға – Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз т.б. кен орындарындағы мұнай-газ өндіруші компанияларға арналған. Қазірдің өзінде бірнеше компаниямен арада меморандумға қол қойылған. Ең бастысы, сан мен сапа әлемдік деңгейде болып, сенімге ие болу. Болашақта ТМД нарығына да шығу жоспарланған. Айта кететін мәселе, «PetrolValves S.P.A.» компаниясы жоғарыдағы келісімшарттың арнайы тармағында көрсетілгендей, ТМД аумағында екінші біріккен кәсіпорын құра алмайды. Яғни «Merlion Development Group» келешекте үлкен кеңістікті көздеп отыр деген сөз.
Болашақта жобаға сәйкес жылына 5 мыңға жуық клапан өндірісі жолға қойылып, жаңадан 40-50 тұрақты жұмыс орны ашылады. 3 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартылады. Кәсіпорын шығаратын өнімдер Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарына, Ақсай, Атырау, Ақтау қалаларындағы ірі компанияларға жөнелтіледі.
– Әзірге барлығы жоспарымыз бойынша жүріп жатыр. Алғашқы кезеңде алға қойған мақсатымыз орындалып жатыр. Қазірдің өзінде клапанды құрастыру, кейбір бөлшектерін осы жерде жасау жолға қойылды. Бірнеше жылдан кейін екінші кезеңге өткенде клапанның барлық бөлшегін жасап, толық дайындайтын боламыз, – дейді «Petrolvalves Kazakhstan» ЖШС бас директоры Динар Хамиев.
«Бұл серіктестік бізді ілкімді істерге жетелейді. Өндіріс орны мұнай-газ саласын дамытуға үлес қосары анық. Үшжылдық даму жоспары негізінде өндіріс қуаты да кезең-кезеңімен артып отырады. Алғашында жылына 500 клапан құрастырылса, кейін 3 мыңға дейін жеткізу көзделген. Сәйкесінше тұрақты жұмыс орындарын да көбейту міндеті тұр. Шетелдік компания қазақстандық кадрлардың тәжірибесін жетілдіруге күш салады», деген еді «PetrolValves S.P.A.» компаниясының бас директоры Тортелли Криштиану бірлескен кәсіпорынның ашылу салтанаты кезінде.
Жоғары технологиялы мұндай кәсіпорындар ел экономикасын да арттырып, Қазақстанды алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына қосары анық.
Батыс Қазақстан облысы