Көкшетауда Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының жанынан ашылған тұңғыш қуыршақтар театры кішкентай көрермендерін көл-көсір қуанышқа кенелтті.
Аумағы ат шаптырым театр фойесін кішкентай көрермендердің сыңғырлаған күміс күлкісі толтырып, төңіректі шаттыққа бөлеп тұрды. Алдымен, тұңғыш қуыршақ театрының ашылу рәсімі өткізілді. Ақжарма тілектер айтылып, шашу шашылды. Көрермендер залына өткен кішкентай бүлдіршіндердің назарына Нина Гернеттің «Балапан қаз» ертегісі ұсынылды. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген бүлдіршіндер таңғажайып тамаша ертегіні көріп отырып, кейіпкерлердің тосыннан қойған сұрақтарына тапқыр жауап бере білді. Осының өзі сахна мен көрермендер залын тұтастырып, ертегі әлеміне еліктіріп әкетіп бара жатқандай. Әр көрермен сиқырлы дүниеге енген.
Жас труппа дуальді оқу жүйесі бойынша арнайы келген Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттерінен құралған. Топ жетекшісі әрі «Балапан қаз» ертегісінің қоюшы режиссері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Серікбай Мақұлбеков. Кішкентайлар көңілінен шыққан балапан қаз – Ақерке Даму, кірпі – Арсен Балтабай, Нұрлыбек Тілеулес, түлкі – Диас Шәріп.
– Ертегімен есейген жақсы. Қойылым жас көрермендеріміздің көкірегіне ой салары сөзсіз. Сонда рухани кемелденудің алғашқы баспалдағын басатын болады, – дейді қоюшы режиссер Серікбай Мақұлбеков.
Ізетті ұл-қызды ізгілік әлеміне жетелейтін қуыршақ театрының алғашқы көрермендеріне бұл сый тегін жасалды. Бүлдіршіндер бұдан былай да әдемі әлемнің ажарымен қауышып, көкіректерін рухани сәуле нұрымен жарық етпек.
Көкшетау қаласы