Қазақ поэзиясына екінші дүниежүзілік соғыстан кейін соны леп, өзгеше өрнек қосып, оны шырқау биікке көтерген санаулы саңлақтардың бірі – Сырбай Мәуленов. Кезінде заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Сырбайдың өзіне ғана тән қысқа жырларында әдемілік пен нәзіктік бар. Олар күйшінің домбырасынан шыққан күй секілді жан дүниеңе еніп кетеді», десе, қабырғалы қаламгер Әбіш Кекілбайұлы: «Сырбай – қазақ әдебиетінің классигі» деп бағалаған. Биыл ардақты ақынның туғанына 100 жыл толды. Соған байланысты айтулы тұлғаның туған жері –Қостанай облысы мен Астана және Алматы қаласында бірқатар іс-шара өтті. Осы орайда ақынның ұлы, белгілі ғалым, Ресей жаратылыстану академиясының академигі, гуманитарлық ғылымдар саласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Қасым Мәуленовпен кездесіп, әкесінің өмірі мен өнегесі туралы әңгіме өрбіттік.
– Сырбай Мәуленов балаларына арнаған бір өлеңінде «Менің жеті балам бар, Жеті арқа тірер асқарым бар, Менің жеті далам бар, Менің жеті аспаным бар», деп жырлаған. Енді ақынның өмірін жалғаған сол жеті баласы туралы білгіміз келеді?
– Біз – жеті ағайындымыз, үлкеніміз – Дүйсен кезінде еліміздің Қаржы және жергілікті өнеркәсіп министрліктерінде абыройлы қызмет атқарды. Одан кейінгі ағам Жеңістің мамандығы инженер. Өкінішке қарай, осы екі ағам да өмірден өтіп кетті. 2014 жылы заң ғылымдарының докторы, профессор, полиция полковнигі, танымал криминолог, отбасымыздың кенжесі Ғазиз інімнен айырылдық. Қазір төртеуміз ғана қалдық. Ағам Бейбіт те кезінде Қазақ КСР-нің мемлекеттік бас жоспарлау комитетінде еңбек етті. Бүгінде бизнеспен айналысады. Үлкен апам Бақытжамал да Бас жоспарлау комитеті мен Президент аппаратында істеді. Содан кейінгі Сақыпжамал әпкем экономика ғылымдарының кандидаты, профессор. Қазір жетеумізден тараған әке-шешеміздің немерелері мен шөберелері де үлкен әулетке айналды. Оның есімі осы ұрпақтарымен мәңгі жасайды деп сенемін.
– Әкеңіздің отбасындағы орны мен тәлім-тәрибесіне тоқталсаңыз?
– Әкем қарапайым, мінезі жұмсақ, жайлы адам болатын. Балаларын бәзбіреулердей «өтірік» жақсы көрген емес. Жасандылықты ұнатпайтын. Бізге деген мейірімі ерекше еді. «Біздің әулеттен бір академик шығар ма екен, осы», дейтіні бар-тұғын. Сондайда анам: «Несі бар, ақын бар, енді академик те болар», деп айтатын. Бейбіт ағам өмірге келгенде әкем: «Төр алдында орным дайын ба деп, жас Мәуленов келеді есік ашып», деп «Мәуленовтер келе жатыр» атты өлеңін жазыпты. Қысқасы, біз оған шабыт сыйлап, қанаттандырдық. Төсек тартып жатқанында да: «Ажал шіркін берсе де бір күн елес, Маған батып келуі мүмкін емес. Жеті жүрек өлуі мүмкін емес, Жеті жанар сөнуі мүмкін емес», деп рухын түсірген емес. Байқауымызша, балаларына арналған сүйіспеншілігінен ағыл-тегіл жыр туатын.
Әкем бізге барлық адамға қайырымды болып, қамыққан жанға қамқорлық танытуды үйретті. Сондай-ақ жастарға жылы сөйлеп, оларды көтермелеп отыратын. Оның бойымызға сіңірген адами асыл қасиеттері өмірімізді әлі күнге дейін нұрландырып келеді. Отан, ұлт, ел секілді ұлағатты ұғымдарды бәрінен биік ұстады. Қаламдастары бас қосқанда оларды күлкіге көміп, айналасына шуақ шашып жүретін.
– Шығармашылықпен қай кезде айналысушы еді?
– Ол кісі бір орында отырып дағдыланбаған адам еді. Ұзақ ойланып жүреді де бір күні ақтарылып жазып тастайды. Ондай сәттерде тордағы арыстандай теңселіп, үйді жалғыз өзі толтырып отыратын. Сол кезде өлең таудан аққан тас бұлақтай төгіледі. Өленді екпіндетіп, тасқындатып оқитын. «Қазақ әдебиеті» газетінде Әлия деген машинистка істеді, соны шақырып диктовка жасайтын. Мен ол кезде 6-7 жастағы баламын. Үйдегілердің бәрі мені қызық көріп сөйлетеді. Әлия апайдың төбесі анадайдан көрінгеннен «раз, два, запятая апай келе жатыр» деп алдынан жүгіріп шығамын. Шығармашылықпен тынымсыз айналысты. Кейде жазған өлеңі ұнамаса жыртып тастайтын. Анам сол жыртылған қағазды жинап алып, оны ерінбей бір-біріне желімдеп, біраз күндер өткесін әкеме көрсетеді. Шын мәнінде, әкем өлеңдерінің алғашқы сыншысы анам болды. Оның шешеме түнде жазған өлеңін оқып отырғанын бала күнімізде талай көрдік. Біз осындай бір-бірін қадірлеп, аялаған ата-ананың мейіріміне қанып өстік.
– Сырағаң туралы естеліктерде оның көпшіл, ақжарқын, әзілқой болғандығы баяндалады. Әкеңіздің араласқан ортасы мен жақын достары жайында айтсаңыз?
–Ата-анамыз Алматыға 1953 жылы көшіп келген. Ол кезде біздің отбасымызда бес баламен бірге Алмагүл әжеміз тұрған. Бас-аяғы сегіз адамға тіршілігі қайнаған қаладан баспана оңай болмайды. Бірақ алған бетінен қайтпайтын анам Никольск базары маңындағы бұрынғы Мечников көшесінде орналасқан жер үйдің жертөлесінен орын табады. Үйдің иесі Катя есімді апай. Біз осында он жылға жуық тұрдық. 1955 жылы сол жертөледе мен өмірге келсем, 1958 жылы кенже інім Ғазиз дүние есігін ашты. Бұрын мұнда сазгер Әбілахат Еспаев тұрған көрінеді. Есім енді кіре бастағаннан көз алдымда қандай оқиғалар қалды дегенде, әр аптаның соңына қарай, яғни жұма сайын әкемнің достары – Мұзафар Әлімбаев, Әди Шәріпов, Жұбан Молдағалиев, Әбу Сәрсенбаев, Қуандық Шаңғытбаев, Садықбек Адамбеков, Балғабек Қыдырбекұлы, Ғаббас Жұмабаев, Сафуан Шәймерденов, Қасым Тоғызақов, Серік Қирабаев, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Қабдыкәрім Ыдырысов, Ғафу Қайырбеков, Жәрдем Тілеков, Әнуар Әлімжанов, Тұманбай Молдағалиев, Шерхан Мұртаза және тағы басқа қаламгерлер біздің үйге қонаққа келеді. Тіпті кейбірі дүйсенбіге дейін қонып қалады. Анам олардың жейдесін жуып, аяқ киімін тазалап, ал біз шалбарын үтіктеп, дүйсенбіде жұмысқа шығарып саламыз. Анамның жайған дастарқанынан дәм татқан осы ақын-жазушылардың көбі кейін қазақ әдебиетінің классиктеріне айналды. Ол Торғай өңірінен өзінен кейін шыққан жас қаламгерлерге жанашыр болды. Туған жері де Сырағаң деп төбесіне көтеріп, қадір тұтты. Тірлікте дүние емес, дос жинап, өмірдің өлшемі мен қадірін достықпен бағалады. Соның арқасында үйімізден халқымыздың жақсы-жайсаңдары үзілген емес. Солардың қолдарына су құйып өстік. Одан жаман болғанымыз жоқ. Біз үшін бұл өнеге, тағылым мектебі болды. Бұдан асқан университет жоқ дер едім. Қазақтың тұғырлы тұлғаларының батасын алғанымызды мақтаныш көремін. Бүгінде әкеміз жаққан отты өшірмей келе жатқанымыз солардың шарапаты деп ойлаймын.
– Тұғырлы тұлғаның шығармашылықпен алаңсыз айналысуына анаңыз үлкен үлес қосты. Ол кісі де текті жерден шыққаны мәлім.
– Дұрыс айтасыз. Әкем өлең жазудан басқа үйдің тіршілігіне қол ұшын тигізген емес. Барлығын мамамыз атқарды. Анамыз Күлжамал әкеммен танысқанда Қостанайдағы Ы.Алтынсарин атындағы мектептің 10-сыныбында оқитын он жеті жастағы қыз, папам Қостанай облыстық газетінің Федоров ауданындағы меншікті тілшісі болыпты. Екеуі көңіл жарастырып 1941 жылы шаңырақ көтереді. Келесі жылы үйдің тұңғышы Дүйсен өмірге келді. Сол жылы өз еркімен сұранып майданға аттанды. Әкем қандай қиындық көрсе де оны мамамыз үнемі қолдап отырды. Ол ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған ағасы Қалидың ұлы Әмірдің қызы. Осы үшін өткен ғасырдың 40-шы жылдары әкемді қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері «халық жауының күйеу баласы», деген жала жауып, біраз әбігерге салады. Бәрібір ол кісі өз ұстанымынан айнымайды. Өйткені оның анама деген махаббаты, құрметі ерекше еді. Олар бір-бірін өте жақсы көрді. Бала күнімде әкемнен атамыз Тай туралы көп сұрайтынмын. Ал шешемнің әкесі, туған-туысы жайында отбасымызда артық әңгіме айтылмайтын. Жабық тақырып саналды. Нағашы атам Әмір 1929 жылы Қостанай округіндегі көтеріліске қатысқаны үшін түрмеге жабылған. Атамның одан кейінгі тағдыры қалай болды екен деген сұрақ мені жиі мазалады. Әмір Қалиевтің ақталғандығын растайтын, 1997 жылдың 29 қазанында мөрі басылып, біздің қолымызға тиген ресми құжатта оның 1941 жылдың 8 қарашасында қамауға алынғаны, 1942 жылдың 9 желтоқсанында КСРО-ның НКВД жанындағы ерекше кеңес шешімі бойынша Қылмыстық кодекстің 58-бабы, 10-тармақшасымен еңбекпен түзеу лагеріне (ИТЛ) 10 жылға айдалғаны, ал 1943 жылдың 16 мамырында НКВД-ның Ивдельск лагеріне (Свердловск облысы) жер аударылғаны туралы жазылған. Бірақ атам жазасының қысқартылғанын білместен, темір тордың арғы жағында, яғни 1945 жылдың 3 қаңтарында қайтыс болды. Әмір атамыз қатысқан Қостанай даласындағы көтеріліс сол дәуірдегі кеңес өкіметіне бағынғысы келмеген қазақтың рухын көрсетсе керек. Бұл көтеріліс Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының есімімен де тығыз байланысты. 1934 жылы анамды ата-анасы Қостанайдан Алматыға жібереді. Сөйтіп, шешем 1937 жылға дейін Ахмет атамыздың қолында тұрады. Сырқат Ахмет пен оның зайыбы Бадрисафаның жанында болып, екеуіне күтім жасайды. Шешем бала да болса сол кездегі НКВД жендеттерінің ұлт ұстазының үйіне жиі-жиі тінту жүргізгенін кейін айтып отыратын.
Анам барлық саналы ғұмыры мен жүрегінің жылуын әкем мен балаларына ғана арнады. Ол кісі әкеммен отасқан 52 жыл ішінде тек қана құрмет көрді дей аламын. Әкемнің арқасында баспаған тауы, бармаған жері жоқ. Анамның дастарқанынан қазақтың ақын-жазушылары ғана емес, С.Норавчатов, С.Михалков, Н.Тихонов, В.Кожевников, Г.Некрасов, М.Кәрім, С.Құдаш, Б.Кербабаев, М.Тұрсынзаде, Д.Кугультинов секілді сол кездегі одаққа танымал әдебиет алыптары да дәм татты.
Жалпы, талантты адамдар өмірде қарапайым, ұсақ-түйекпен ісі жоқ, пендешіліктен биік тұрады. Шаруаға да онша қыры болмайды. Әкем дәл сондай еді. Өмірі газға от жағып, шәйнек қойып көрмеген. Дүкенге де барып, өзіне бір киім сатып алмаған. Соның бәрін шешеміз істеді. Оны күнделікті күйбең тіршілікке араластырған жоқ. Көрнекті жазушы Сәбит Мұқановтың үйіндегі Мәриям әжеміз көзі тірісінде анам туралы: «Күлжамал туралы айтсам, жүрегім нұрға толып кетеді. Ол әйелдің әйелі ғой. Әйелдің жақсылығы – еркектің бағы. Ең алдымен сол бақ отбасында орнауы керек. Отбасыңның өмірі қалпында болмаса, мейлі сен патша болсаң да ешқашан бағың жанбайды. Кім өлмейді дейсіз. Бірақ соның орнын ұстап отыратын орманның иесінің бәрі Күлжамалдай болсайшы. Сол үшін де Күлжамалға алғысым шексіз», деп айтқан сөзінен анамыздың қандай жан болғандығын білесіз.
– Ақын поэзиясында соғыс тақырыбы кеңірек қамтылған. Әкеңізбен майдандағы күндері туралы әңгімелестіңіз бе?
– Ол кісінің өмірі жеңіл болды дей алмаймын. Түрлі қиындықты басынан өткерді. Оның замандастарының жастығын соғыс жалыны шарпыды. Бірақ соғыс туралы сыр ашпайтын. Офицерлік курстан өткен соң оны саяси нұсқаушы шенімен Волхов майданына, қоршауда қалған Ленинградты азат етуге жібереді. Әкемнің шығармашылығында майдан лирикасы ең алдыңғы орындарда тұрды. Оның бірқатар поэмалары сол соғыс даласында, нақтырақ айтсақ, Ленинград түбіндегі Синявин майданында жазылды. 1987 жылы Свердловск қаласына (қазіргі Екатеринбург) кандидаттық диссертациямды қорғауға бара жатқанымда: «Мүмкіндік болса Ақ өзенге баруға уақыт тап, нақ сол өзеннің бойында біздің бөлімше құрылған», дегені бар-ды.
Әкем Волхов майданында соғысып, Ленинградты қорғауға атсалысты. Атқыштар ротасы командирінің орынбасары, кейінірек саяси жетекші қызметін атқарды. Ұрыс кезінде қатты жарақаттанған. Бірде оның архивінен 1942 жылдың 22 қазаны деп көрсетілген хат тауып алдым. Майданда жүргенде кеңес әдебиетінің классигі Николай Тихоновқа хат жазыпты. Сол хатқа келген жауап екен. «Мен жап-жас қазақтың ақыны қолына қару алып, біздің сүйікті Ленинградты қорғап жүргеніне қуаныштымын. Біз сізбенен әлі-ақ қоршаудан босатылған қалада кездесіп, фашизммен болған соғыс туралы өткен шақта әңгімелеп, өлең оқып отыратын боламыз», – депті Николай Тихонов.
Әкем сол бір жапырақ қағазды соғыс жылдары төс қалтасынан тастамапты. Осы тілдей хат офицердің жауға қарсы күш-қайратын еселеп, ынтасын қайраған секілді. Кеудесін қуаныш кернеген әкем классиктен келген хатты батальон комиссары Александр Любимовқа көрсетеді. Өзінің айтуынша, сонда комиссар қатты қуаныпты.
Ол 1949 жылы Мәскеуде Николай Тихоновпен жүздеседі. Соғыс аяқталғасын Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің апталығы өтеді. Оған елімізден Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин және жас ақын Сырбай Мәуленов бастаған ақын-жазушылар делегациясы барады. Мәскеу біздің зиялы қауым өкілдерін жылы қарсы алады. Олармен бірге үнемі Леонид Соболев, Николай Тихонов, Сергей Щипачев, Платон Вершигора болады. Әдебиет пен өнер апталығының бір күнінде қаламгерлер теплоходпен серуенге шығады. Арқалы өнер адамдары өзара әңгіме-дүкен құрып, шабыттана өлең оқып, шығармашылық сәттің көрігін қыздырады. Әкем Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановтың жанында отырған Николай Тихоновтың қасына баруға біразға дейін батылы жетпей, ақыры жақындап барып, өзін баяғы хат жазған солдатпын деп таныстырып, майдан хатын ұсынады.
– Тірі екенсің ғой, солдат! – деген Николай Тихонов орнынан тұрып, қуаныштан ұшқын атқан жанарын көпке бұрып, әлгі хатты бәріне көрсетеді. – Сен үшін қуаныштымын! Сондай от-суды кешіп өтіп, бүгінгі күнге аман-есен жеткенің үшін қуаныштымын! Және мына хатты да сақтапсың.
Тихонов сәл үнсіз қалып, сосын:
– Хатымды сонша уақыт көзіңнің қарашығындай сақтаған екенсің, өзіңе қайтарайын. Менің өзіңе деген сыйлығымды да қоса ал, – деп сол жылы жарық көрген «Грузин көктемі» атты кітабын сыйлаған.
– Әкеңіздің қандай асыл қасиеттерін жиі есіңізге аласыз?
– Мен әкеммен өте рухани жақын болдым. Ол мені Қазақстанның халық жазушысының көмекшісі деп атайтын. Соғыстан алған жарақатынан сол қолы мүлде жарамсыз болатын. Сондықтан сегіз жасымнан бастап сақалын қырып бердім. Кейде әзілдеп мені «севильский цирюльник» деп те айтатын. Ол маған кез келген ойды қағазға шашыратпай әдемі түсіре білуді үйретті. Университетте алғаш сабақ бере бастағанда тарихқа қатысты, маған қажет деректерді іздестіріп, әдеби мәліметтер мен сілтемелерді тауып беріп отырды. Бірде «сенің кандидаттық диссертацияң қанша беттен тұрады» деп сұрады. 195 бет екенін айттым. Сонда әзілдеп: «Сен 195 бетті кітапханада отырып, ғылыми кітаптар мен әдебиеттердің көмегімен үш жыл жазасың, ал мен ештеңесі жоқ таза үстелдің үстінде отырып-ақ бір күнде 25-30 бет жазып тастаймын», – деген-ді жылы жымиып. Әрине, ол менің кез келген ғылыми жұмысыма, ғылым жолындағы жетістіктеріме қуанатын. Екеуміз Британ кітапханасы туралы жиі әңгімелесетінбіз. Соның әсерімен бірде Лондонға барғанымда алдымен әйгілі кітапханаға жазылдым. Ондағы өткен бір ай мерзім ішінде әкем ылғи жанымда менімен бірге қолға алған кітаптарымның бәрін парақтап отырғандай әсерде жүрдім. Ол – Байронды, Гетені, Шиллер мен Мицкевичті, Пушкин мен Лермонтовты, Некрасов пен басқа да әлемдік деңгейдегі классиктерді ана тілімізге мөлдіретіп аударды. Бүгінде Сырбай Мәуленовтің кітаптары АҚШ Конгресі мен Британ кітапханаларының сөресінде тұр. Әкемнің өмірден өткеніне отыз жыл болса да онымен жанымның егіз болғандығы соншалық, әлі күнге еске алып, көзіме жас аламын. Бір сөзбен айтқанда, қазақтың ақыны Сырбайдың ұлы екенімді мақтан етемін!
– Биылғы халқымыздың біртуар перзентінің 100 жылдық мерейтойы аясында өткен мазмұнды іс-шараларды айта кетсеңіз?
– Әкем 1993 жылы дүниеден озды. Оның барлық әдеби мұрасына анам бас-көз болды. Тұғырлы тұлға есімін ел есінде мәңгілік сақтау үшін анам Қазақстан Үкіметіне хат жолдады. Сол жылдың 22 қарашасында Министрлер кабинетінің «Халық жазушысы Сырбай Мәуленовті мәңгілік есте сақтау туралы» қаулысы шықты. Нәтижесінде, еліміздің төрт қаласында, атап айтсам, Алматы, Қостанай, Арқалық және Қызылордадан әкемнің есіміне көше берілді. Сонымен қатар Қостанай облысы Жангелдин ауданы Милісай ауылындағы орта мектеп және Қостанай қаласындағы №24 орта мектеп пен Астанадағы №37 мектеп-гимназиясы Сырбай Мәуленов атын иеленді. Осы қуанышты анамыз көзімен көріп, салтанатты жиындардың төрінде отырды. Ол кісі аталған мектептердің ішінен ақын атындағы музейдің ашылуына ұйытқы болды. Жарық көрмеген шығармаларын топтастырып, кітап етіп шығарды. Әкемнің атын ұлықтау – біздің парызымыз. Әкем қайтыс болған жылы оның атынан қор құрдық. Оны өзім басқарамын. Қордың эмблемасынан әкемнің «Лашын» (құс) деген бүркеншік атауы орын алды. Бүгінде өзімде кейбір жекелеген ғылыми мақалаларыма «Лашын» деп қол қоямын.
Биыл арқалы ақынның 100 жылдық мерейтойы жер-жерде қал-қадерінше аталып өтілді. Әсіресе туған жері – Қостанайда «Жыр тұлпары, сыр сұңқары – Сырағаң» атты ғылыми-конференция өтіп, оған ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет пен әкемнің көзін көрген зиялы қауым өкілдері қатысты. Одан кейін Астанадағы Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейінде «Өлеңім – өмірім менің» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Жуырда Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Сыршыл лириканың сұлтаны» атты әдеби кеш өтті. Осы іс-шаралардың барлығына қатысып, папам туралы естеліктермен бөлістім. Бүгінде Сырбай Мәуленов есімін иеленген мектеп-гимназияларда тәрбиелік, ұлағаттық шаралар жүргіземін. Сол білім ұяларының оқушылары республикалық, халықаралық білім байқауларында топ жарып жүргені қуантады. Алдағы таңда осы мектептердің шетелдегі білім беру ордаларымен әріптестік байланыс орнатуды көздеп отырмын. Әкеме қатысты кез келген мәдени іс-шарадан қалмауға тырысамын. Өйткені өзімді әлі күнге әкеммен бірге жүргендей сезінемін...
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Азамат Есенжол,
«Egemen Qazaqstan»