• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 02 Желтоқсан, 2022

Екібастұздағы апат: Қаланың экс-әкімі пікір білдірді

407 рет
көрсетілді

Екібастұзда жылу желілерін ауыстыру және қайта жаңғырту жұмыстары көптен бері жүргізілмеген. Қаланың бұрынғы әкімі Нұржан Әшімбетов жылу электр орталығындағы апатқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Шынымен, Екібастұзда үлкен апат, үлкен мәселе туындады. Бұл мәселе бірден туа қойған жоқ, яғни жылу желілері мен Екібастұз жылу стансасының иелері бір кездері оларды кешен ретінде сатып алған. Бүкіл активтің ішінде «Екібастұз ЖЭО» мен «Екібастұз жылу желілері» кәсіпорны ең ескі және ең рентабельді шаруашылықтар саналады. Инвесторлар немесе меншік иелері бұған мән бермеген сияқты. Олар инвестициялық субсидиялар мен тарифтерді есептесе керек, бәрін жаппай сатып алды», деді Нұржан Әшімбетов Telegram арналарының бірінде жарияланған видео үндеуінде.

Н.Әшімбетов Екібастұз қаласының әкімі болып 2018 жылдың тамыз айында тағайындалғанын еске салды.

«Бірінші мәселе муниципалды шаруашылықта туындады. Қаланың коммуналдық меншігіндегі су желілері қазір сенімгерлік басқаруға берілген екен. Ал жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде жылумен жұмыс істейтіндер өз жұмыстары мен жобаларында су желілерін ауыстыруды ескермеген. Яғни, су желілерін сол ескі науаға қалдырып, желілерін бөлек тартып алған. Спутниктік жылу құбырлары жоқ, су желілері жалаңаш қалып қойған. Содан кейін біз бұл мәселені шештік. Келесі жобаларға су құбыры желілерін есепке алу мен жаңғыртуды енгізу керек деген мақсат қойдық», деді қаланың бұрынғы әкімі.

Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, жоба қорғалған.

«Бірлескен жобаларды қолға алдық, су құбырын ауыстыруға бюджеттен қаржы бөлінді. Осы мәселелердің бірқатары жойылды. Енді, шамасы, келешекте мен қызметтен кеткеннен кейін жылу желілерін ауыстыруды тоқтатты. Осы аралықта жылу желілерін ауыстыру, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмеді деп ойлаймын», деді Н.Әшімбетов.

Брифинг барысында Павлодар облысы әкімінің міндетін атқарушы Олег Крук Екібастұз қаласын жылумен, сумен және электрмен қамту жағдайына тоқталды.

27 қарашаға қараған түні Екібастұзда бірнеше қазандық бірден тоқтады.

Таңертең мамандар 8 және 14 қазандық агрегаттарын іске қосып жатқаны белгілі болды. Жөндеу бригадалары ұйымдастырылды. Жағдайға Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов пен Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин де түсініктеме берді. Олардың айтуынша, жылу жүйелерінде 10 бүліну орны анықталған.

Энергетика министрлігі жылу желілерінің зақымдануы Екібастұз ЖЭО қазандықтарының тоқтап қалуына себеп болғанын хабарлады. Нәтижесінде қалада төтенше жағдай жарияланды.

Қазақстан Республикасының Президенті Үкімет пен Павлодар облысының әкімдігіне жақын күндері Екібастұздағы жағдайды қалыпқа келтіруді, қалада күрделі жағдайдың туындауына жол бергендерді жауапкершілікке тартуды тапсырды.

1 желтоқсан сағат 08:00 жағдай бойынша No 6, 8,9,12,14,15 алты қазандық жұмыс істейді; резервте төрт қазандық бар (5,7,11,13). 132 көпқабатты үйге жылу беру қалпына келтірілді, 5А, 5Б және 6 шағынаудандарындағы 114 жеке тұрғын үй және 13 әлеуметтік нысан, 17 көпқабатты үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған.