Түнде Жамбыл облысының Шу қаласында жеке үйден өрт шыққан. Нәтижесінде екі бала көз жұмған. Бұл ақпаратты өңірдің төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі растап отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қайғылы оқиға желтоқсанның 2 жұлдызынан 3-не қараған түні орын алған. Шу қаласындағы жеке үйлердің бірінен өрт шығып, қызыл жалын жалпы ауданы 30 шаршы метрді аумақты шарпыған. Үйдегі заттар мен барлық жиһаздар жанып кеткен.
«Өрт сағат 00:10-да оқшауланып, сағат 00:35-те «СПиАСР» мемлекеттік мекемесінің күшімен жойылды. Оны сөндіруге 4 қызметкер және 1 техника жұмылдырылды», деп мәлімдеді ТЖД баспасөз қызметінен.
Құзырлы орган мәліметінше, тілсіз жау ауыздықталғаннан кейін оқиға орнынан 5 және 2 жастағы екі баланың мәйіті табылған.
Айта кету керек, бұл үйде профилактикалық жұмыс 2022 жылдың 22 қазанында жүргізілді - өрт сөндірушілер рейдтік іс-шаралар барысында осы үйге барып, өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндірген.
Осы өрт фактісі бойынша ҚК 292-бабының 3-бөлігі «өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта аталған қылмыстық іс шеңберінде тергеу іс-шаралары жүргізілуде.