• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Желтоқсан, 2022

Жылу құбырындағы апат

308 рет
көрсетілді

Сақылдаған сары аязда Рудный қаласында жылу құбыры жарылып, көп қабатты 33 тұрғын үй, оған қоса сол маңайда орналасқан мектеп, колледж және балабақша жарты күн бойы жылусыз қалды.

30-қараша күні қаланың 9-ша­ғын ауданындағы №6 және №4 тұрғын үйлердің маңында жылу магистралы жарылғаны туралы суыт хабар тарап кетті. Сол күні сағат 16:43-те апатты жою жұмыстарын тиісті мекемелер бақылауына алғанын жария еткен қалалық әкімдік: «Тұрғын үйлер мен Гагарин көшесіндегі №17 жалпы білім беретін мектеп екі сағатқа жылыту жүйесіне қайта қосылды. Дәл қазір жарылған құбырдың су кетіп жатқан тұсын анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Мектептегі ауа температурасы 18-20 градус жылы, екінші ауысымда оқитын жоғарғы сыныптардағы сабақтар қысқартылды. Жағдай толық бақылауда», деп мәлімдеді.

Сағат 17:30-да қала әкімді­гі­нің тұрғын-үй ком­му­нал­дық шаруашылық бөлімі жылу желісіндегі жа­рықтың анықталғанын, «Рудный жылу желілері» ЖШС-нің апаттық бригадалары құбырды жедел бүтіндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлады.

Жарылған құбырды жөн­деу жұмыстары кешкі сағат 21:00-де толық аяқ­та­лып, 9-шағын аудан­дағы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер біржола тұрақты жылу жүйесіне қосылды.

Тұрғындардың айтуынша, қа­ладағы жылу құбыр­ла­рының істен шығуы үйреншікті көрі­ніске айналып бара жатқан көрі­неді. Осы күзде «Рудный жылу же­лілері» серіктестігінің мамандары да жылу жол­дарының әбден тозып кет­кенін мәлімдеген. Шағын шаһарда жылу беретін құбырлардың бойында жылына шамамен 300-дей апат тіркеледі екен.

 

Қостанай облысы,

Рудный қаласы