• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Маусым, 2014

Санкт-Петербургтен олжамен оралды

323 рет
көрсетілді

Өнерде шекара жоқ. Сол сияқ­­ты рухани байланыстар мен мәде­ни жақындықты да бөліп тастау еш мүмкін емес. Өнердің ұлт пен ұлыс, ел мен жер таңдап, тосырқа­май­тыны – бірнеше ұлт өкілдерін бір сахна төріне, бір байқау аясына тоғыстырып жатады. Санкт-Петер­бург қаласында «Солтүстік Паль­мира» атты ауқымды турнир өтті. Әлемнің 80-ге тарта мемлекетінен таңдаулы спорттық би өнерінің шеберлері қатысып, өзара өнер таластырған халықаралық турнирде ақтаулық «Vega-Dance» спорттық би ұжымының мүшелері топ жарды. «Vega-Dance» би ұжымының бишілер жұбы – Максим Шкурлапов пен Арна Жүсіпова ересектер тобында қарсыластарына мықты бәсекелес ретінде танылған. Еуропалық және латынамерикалық бағдарлама бойынша орындаған билері көрермендер мен қазылардың, бәсекелестердің ыстық қошеметі мен жоғары бағалауына талассыз ие болыпты.  Осылайша 80-ге жуық мемлекет өкілдерінің алдында тәуелсіз Қазақстанды таныта түскен биші жұп халықаралық турнирде екінші орынды иеленіп,  мойындарына күміс алқа тағып, қолдарына күміс кубокты ұстап оралды. Маңғыстау облысы спорттық би федерациясының президенті Светлана Шкурлапованың айтуынша,  аталмыш би ұжымы осыдан екі апта бұрын Алматы қаласында өткен халықаралық  «Kazаkhstan Oреn» фестивалінде  қола медальді иеленген екен. Таяуда «Vega-Dance» би ұжымының бишілері Анвар Намеров пен Анеля Шаймарданова Алматы қаласында өтетін «Kazakhstan International Championship» байқа­уына қатыспақ. Қазақстан мен Ресей арасында өнерден достық жолын жалғап жүрген жастар туған жерге абыроймен оралды. Алда – үлкен мақсат, үлкен жол... Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АҚТАУ.