Атырау мұнайшылары балалар шығармашылығына қолдау білдірді
Әр бала ашылмаған бір әлем секілді. Олардың әрқайсысының өзіндік таланты бар. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегенді халқымыз талантты балаларды қолдауға байланысты айтқан-ау, сірә. Атыраудағы отандық мұнай-газ өнеркәсібінің қарашаңырағы – «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы биыл алғаш рет мұнайшылар балалары арасында «Менің бақытты балалық шағым» атты шығармашылық байқау ұйымдастырды. Бұл байқауға жеті мен он жас аралығындағы 36 балғын қатысып, әрқайсысы өздерінің талантын әр қырынан көрсетті. «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Сүлеймен Шотықбаевтың айтуынша, балалардың шығармашылық байқауын ұйымдастырудағы басты мақсат – жас таланттарды тауып, олардың таудай талабын ұштауға қолдау білдіру. Осы игі мақсатты көздеген кәсіпорын басшылығы тарапынан құрылған қазылар алқасына балалар өз еңбектерін «Менің туған жерім», «Менің досым», «Мен тұратын көше» тақырыптарында көркем шығарма, өлең және фотоөнер жанры түрінде ұсыныпты. Мәселен, Исатай ауданының Аққыстау ауылындағы Абай орта мектебінің бірінші сыныбын үздік аяқтаған Аманер Арон «Туған жерім мен елім, достық туралы ойымды үш шумақ өлеңге сыйғыздым. Бұл менің тырнақалды шығармам болса да қазылар алқасы жоғары бағалады. Бәлкім, болашақта осы талабымды әрі жалғастыратын шығармын», дейді. Аманердің әкесі де, анасы мұнай саласында еңбек етеді. Өзі де болашақта мұнайшы мамандығын игеріп, елдің өркендеуіне үлес қосуды мақсат тұтады екен. Аманердің ауылдасы Жанерке Күншығар да ел экономикасына «қара алтындай» табиғи байлықты игерумен лайықты үлес қосып жүрген мұнайшы әулетінде дүниеге келгенін мақтан етеді. Атасының мұнайшылық жолын жалғастырған әкесі мен шешесінің еңбекқорлығын үлгі тұтатын Жанерке өз шығармасына қазақтың ұлан-ғайыр даласын ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған бабалар аманатына адалдық танытып, табиғи байлықты ел игілігіне жаратудың маңызын ашып көрсеткен. Тағы бір талапты өрен Жадыра Қуандық өзінің Мөлдір есімді досы туралы ойын мөлдіретіп қағазға түсіріпті. Бала күннен шынайы достықтың қадірін түсінген Жадыра Мөлдірдей құрбысының биязы мінезіне, қиналған жанға қолұшын созуға ұмтылып тұратын мейірбандығын көпке үлгі еткісі келеді. Ал Ақерке Әбішқызы өзі тұратын ауылдың жасыл желекке көмкерілгенін қалайды. Ол бұл арманын көпшілікке ортақ проблема ретінде көтеріп, табиғатты аялауға, қорғауға шақырады. Байқауға қатысқан балалардың бір тобы жас ерекшеліктеріне қарамастан, мұнайлы Атыраудың күнделікті тыныс-тіршілігі мен табиғатын қылқаламынан туындаған еңбектеріне арқау етіпті. Мұнайлы өңірдің бүгінгі келбетін қас-қағым сәтте фотоаппарат объективіне ілген балалар және бар. Мұның бәрі әрине, қазылар алқасының назарынан тыс қалған жоқ. Балалардың шығармаларын саралаған қазылар алқасы «Үздік туынды» номинациясын балалардың жас ерекшеліктеріне орай үш топта анықтады. Нәтижесінде «Үздік туындының» бірінші жүлдесі Жадыра Қуандықова, Думан Ерназарұлы мен Айдын Кітапқалиға беріліп, оларға ноутбук сыйға тартылды. Ал екінші жүлдеге ие болған Аян Рахметқали, Ақерке Әбішқызы мен Нұрсұлтан Мұсаға фотоаппарат берілді. Үшінші жүлденің иелері Аманер Арон мен Динара Мүсілім және Мейірбек Төреғалиевтар планшеттің иесі атанды. Бұлардан бөлек Жанерке Күншығар, Әсем Әнуарова, Алтынбек Жайнарбеков, Диназ Жақанова және Жұлдыз Әсемованың шығармашылық қабілеттері «Жақсы жұмыс» номинациясында арнайы жүлдемен аталып өтті. Балалардың еркін шығармашылыққа талпынысына кәсіпорын басшылары бейжай қараған жоқ. Сол себептен болар, «Ембімұнайгаз» бұл байқауды енді жыл сайын өткізуге ұйғарым жасап отыр. Сөйтіп, алдағы жылдан бастап, шығармашылық байқауға тек мұнайшылардың ғана емес, өзге кәсіп иелерінің талантты балаларын қатыстыру да қарастырылмақ. Кәсіпорын бас директорының орынбасары Рысты Тасмағамбетова шығармашыл балалардың таудай талабын «Балалардың өз ойларын еркін білдіруі, жан-жағында болып жатқан құбылыстарға баға беруге талпынуы, отансүйгіштік, достық пен ынтымақты шығармаларына арқау етуі қуантады. Кейбірі өңірдегі өткір проблемаларға көпшілік назарын аударуға тырысты. Бұл – біздің ортамызда отаншыл, белсенді буын өсіп келе жатқанының айғағы», деп бағалады. Отандық мұнай өндіруші кәсіпорын жыл сайын балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға қолдау білдіріп келеді. Мәселен, жақын арада мұнайшы отбасыларының 1000-нан астам баласын Алматы және Көкшетау өңірлеріндегі жазғы лагерьлерде демалдыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, 1200 баланы көршілес Ресей мен Түркиядағы сауықтыру орындарына жіберуді ойластырған «Ембімұнайгаздың» бұл қадамынан өзге кәсіпорындар үлгі алса дейміз. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.
•
04 Маусым, 2014
«Менің бақытты балалық шағым»
4076 рет
көрсетілді