• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
04 Маусым, 2014

Қордағы қазыналар

422 рет
көрсетілді

Қазақтың қазынасын көргенде талай жұрттың ауызының суы құриды. Менделеев таблицасындағы элементтердің бәрі табылатын жерасты байлығы ұшан-теңіз. Бірақ біз оны айтып отырған жоқпыз. Ол байлықтан да зор қазына бар, ағайын. Жақында сол құндылықты әркімнің өзі барып тамашалауына мүмкіндік туғызылып отыр.  Астана қонақтары мен елордалық тұрғындарға «Астана Опера» мемле­кеттік опера және балет театры маусым айында ерекше бір бағалы сый әзірлеп отыр. Театр мұражайы қорынан «Сахна шежіресі» атты көрмеге керемет бұйымдар қойылмақ. Соншама елең еткізетіндей бұл қандай шара? Мысалы, аты аңызға айналған дәс­түрлі әнші Ғарифолла Құрманға­лиев­тің есімін естігеніміз болмаса, өзін көрген емеспіз. Сол сияқты, күні кеше дүниеден озған Роза Бағ­ланова, Ермек Серкебаев, Әзірбайжан Мәмбетов, Еркеғали Рахмадиев, Роза Жа­манова Мыңжасар Маңғытаев, Дәурен Әбіров сияқты әрқайсысы бір-бір тау тұлға­лар туралы кейінгі жас ұрпақ өте көп нәрсе білгісі келеді. Бұл тізім ары қарай Сара Көшербаева, Бақыт Әшімова, Васи­лий Яковенко, Сұлтан Байсұлтанов, Бибі­гүл Төлегенова, Нариман Қаражігітов, Әлі­бек Дінішев, Қорлан Қалиламбекова, Рахима Жұбатұрова, Нұржамал Үсенбаева, Гүлжан Тұтқыбаева, Майра Мұхамедқызы, Жәмила Баспақова болып жалғасып кете барады. Әлгі көрмеге аты аталып отыр­ған әртістердің киген тарихи театрлық костюм­д­ері мен түрлі фотолары, мұражай дүниелері қойылмақ. Әлемдік деңгейдегі театрлар тәжірибесінде жиі кездесетін мұндай жоба бұдан былай отандық театрдың да дәстүрлі өнегесіне айналып, өткенге, тарихқа деген үлкен құрмет пен ізетті қалыптастырмақ. «Астана Опера» мұражайының мең­геру­шісі Априза Құсайынованың айтуынша, бұл үшін көп тер төгуге тура келген әрі мұншама мол қазынаны жинаудың өзі оңайға түспеген. «Костюмдер, тұрмыстық бұйымдар, жұмыс құралдары әртістердің өмірі мен өнерінен сыр шертіп қана қой­майды, сонымен қатар олар туралы жан-жақты мағлұмат алуға болатын естелікке, шежіре-жәдігерге толы. Бұл заттардың әрқайсысынан өткен күндер белгісін сезіну қиын емес. Бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен опера мен балетке байланысты барлық тарихи экспонаттар жиналуда. Оған қаншама адамдар қамтылуда. «Театр қоры үшін костюмдерді, мұражай құ­жаттарын, фотоматериалдарды жи­­настыруды биылғы жылдың ақ­панында қолға алдық. Абай атындағы опера және балет театры мұндағы әріптестеріне Қазақстанның опера және балетінің белгілі тұлғалары бейнеленген 11 картинаны және аса көрнекті әртістеріміздің сахнада киген костюмдерін құрметпен сыйға тартты. Біз тек жекелеген солистердің дүниесін ғана емес, жалпы осы саланың қалыптасуына атсалысқан қайраткерлер жайында қызықты мағлұматтардың бірін қалдырмай жинауды мақсат етіп отырмыз. Бүгінде қорымызда 21 театрлық костюм мен мыңнан астам фотомұражай құндылықтары сақтаулы. Алда күтіп тұрған жұмыстар әлі де шашетектен», – дейді мұражай меңгерушісі. Көрмеге келушілер үшін «Астана Опера» сахнасында Қазақстанның халық әртістері мен басқа да танымал опера және балет жұлдыздары өнерінен тамаша тартулар әзірленуі өскелең ұрпаққа тағылымды мұра болып қалары сөзсіз. Жетіқара ҚОҢЫР. АСТАНА. Суретті түсірген Ерлан Омаров.