Шетелде жүрген қазақстандық қылмыскерлер ұсталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек брифинг барысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ҚР ІІМ Интерпол Ұлттық орталық бюросының қызметкерлері шетелдік әріптестерімен бірлесіп өткен аптада шетел мемлекеттерінің аумағында халықаралық іздеуде жүрген бірқатар қылмыскерлерді ұстады. Мәселен, Германияның Унтершлейсхайм қаласында астаналық полиция департаменті Telegram арқылы психотроптық заттарды сатқаны үшін іздеуде жүрген 22 жастағы қазақстандықты ұстады. Ресейдің Владивосток қаласында Шымкентте ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген 36 жастағы еліміздің азаматы ұсталды», деді министрлік өкілі.
Сондай-ақ оның айтуынша, Испанияда «Questra Holdings, Questra World, Atlantic Global Asset» ЖШС қаржылық пирамидасын құрып, оны басқарған Ресей Федерациясының 35 жастағы азаматы ұсталды. Чехия астанасы Прагада аса ірі көлемде алаяқтық жасаған «АЗИЯ АВТО – БИПЕК АВТО» компаниялар тобының жетекшілерінің бірі ұсталды.
Қазіргі уақытта барлық айыпталушылар қамауда, оларды Қазақстанға экстрадициялау мәселесі шешілуде.