• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Дәстүр 05 Желтоқсан, 2022

Сахнада – салт-дәстүр

488 рет
көрсетілді

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Еркеғали Рах­ма­диев атындағы Мемлекеттік акаде­миялық филар­мониясының Камералық хоры «Тал бесіктен – жер бесікке…» атты театрлан­дырылған қойылым ұсынған еді. Сах­налық туындыға деген ал­ғашқы әсер резонанс тудырып, жоғары бағаға ие болды. Сол қойылым араға жыл салып, күні кеше ғана «Астана Опера» театрының Күләш Байсейітова атын­дағы камералық залында көрсетілді.

Қазақтардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі сан түрлі салт-дәстүрлерге, отбасылық, тұрмыстық әдет-ғұрыптарға толы. Осының бәрі рухани өмірінде көрініс тапқан ежел­гі халықтың күрделі және бі­регей этникалық мәдениетін қалыптастырады.

Қазіргі хор өнері халық музыкасы мен ұлттық классика дәстүрлеріне, «Тал бесіктен – жер бесікке...» қойы­лымы да қазақтың дәс­түрлі әдет-ғұ­рыптарына негізделген. Қойылымда ұлттың дана­лы­ғын, кеңпейілділігін, қо­нақжайлығын, философиясы мен дүниетанымын ашатын салт-дәстүрлер мен әдет-ғұ­рып­тардың өзіндік кешені дра­­матургиялық тұрғыда құ­рылған.

Хор әртістері ұлттық киім­­де, ұлттық нақыштағы өлең­­дерді көркемдеп оқып, Дәулеткерейдің «Қамажай», «Қо­салқа» (өңдеген Е.Кора­бейникова), «Қуырмаш» (өң­деген Ә.Әбдінұров), Е.Ха­сан­ғалиевтің «Келші, келші, ба­лашым», Құрманғазының «Бал­бырауын» (өңдеген Е.Абылай), «Он алты қыз» (өңдеген Ғ.Бе­рекешов) және т.б. хор­ға арнап өңделген қа­зақ­тың халық әндері мен қа­зақ­ком­позиторларының шы­ғар­маларын орындады. Кон­цертке Камералық хордың орын­даушылары Жұбаныш Зе­това, Индира Айтберген, Абылай Ерболат, Еркебұлан Әб­діқалықов, Мәди Айтасов, Бақытгүл Шәкім, Ғазиза Жү­сіпбекова, халық әні бөлімінің әртіс­тері – Данияр Мұқан, Сәу­лежан Тағзия, Өзгеріс Шерікбай қатысты. Жетіген пар­­тиясын «Сарыарқа» халық му­зыкасы ансамблінің әртісі Қарагөз Гасимова орындады.

Камералық хордың көр­кемдік жетекшісі және бас дирижеры – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Гүлмира Құттыбадамова, дирижер – Данара Ташатова, концертмейстер – Гүлден Базыкен. Айта кетейік, Камералық хор – халықаралық байқаулар мен фестивальдердің же­ңімпазы, атап айтсақ, «World Choir Ga­mes» екі алтын медалі (Лат­вия, 2014), «Шабыт» XVII ха­лықаралық шығармашыл жас­тар фестивалінің бас жүлдесі, «Budapest International Choral Celebration» халықаралық хор фестиваліне қатысу (Мажарстан, 2015), «The Heart of Chorus – 2019» халықаралық фес­ти­валінің бас жүлдесі (Қытай, 2019) және т.б. бар. Осы жеңіс­тер­дің барлығы ұжымның кә­сі­билігі мен шеберлігін айқын көрсетеді.