Қарашаның қытымыр аязы өңірде жерасты жылу құбырларының әбден ескіріп кеткенін еске салды. Аудан орталықтарындағы жылу желілерінің де жай-күйі оңып тұрған жоқ. Биыл орталықтан жылитын тұрғын үйлер мен мектептердің іші азынап кететін жағдайлар жиі кездесіп жатыр.
Құбырлар 90 пайызға тозған
Рудныйда 30 қараша күнгі сақылдаған сары аязда магистральды жылу құбыры жарылып, 9-шағын ауданда орналасқан көпқабатты 33 тұрғын үй мен осы шағын аудандағы мектеп, колледж және балабақша жарты күн бойы жылусыз қалды. Абырой болғанда, жарылған құбыр сол күні кешкі сағат 21:00-ге дейін бүтінделіп, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға көп кешікпей жылу берілді.
Қала тұрғындары тоң астында жатқан жылу тамырларының бұлайша сыр беруі жиі қайталанатынын айтады. Шаһарға жылу таратып тұрған құбырлардың бойында жылына шамамен 300-дей апат тіркеледі екен. Құбыр жарылған күннің ертеңінде «Рудный жылу желілері» ЖШС-ның басшысы Арман Жүнісовке кіріп, қаланың жылу маусымына дайындығы, жылу жолдары мен қазандықтардың жай-күйін сұрап білдік.
Арман Қапарұлының айтуынша, қаланың жылу желілері бұрын Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігіне қарап келген. Мемлекет меншігіне 2020 жылы ғана өтіпті. Бүгінде кәсіпорынның балансында Рудный, Железорудный бекеті мен Қашар кентін қоса қамтып жатқан 36,6 шақырым магистральды жылу құбыры бар. Ал осы бас құбырдан ғимараттарға, үйді-үйге дейін жылу жеткізетін ішкі құбырлардың жалпы ұзындығы 146,17 шақырым болады.
Жер астында жатқанына 70 жылдан асқан металл құбырлардың бәрі бүгінде әбден жұқарып, тозығы жетіп тұр. Ескі құбырларды жаңарту жұмыстары осыдан екі жыл бұрын ғана, яғни жылу құбырларына жауапты мекеме мемлекеттің меншігіне өткен соң ғана барып қолға алына бастаған.
– Жылу желілері мемлекет меншігіне өте салысымен, 4 жоба іске асырыла бастады. Оның біреуі толық аяқталды. Биыл Рудный қаласының магистральды жылу желілерін жаңаладық. Келесі жылы Қашар мен Горняцкий елді мекендерінің магистральды және ішкі құбырларын, Рудныйдағы тұрғын үйлердің арасын жалғайтын жылу желілерін ауыстыру жұмыстарын бастаймыз. Бұдан өзге мекемеге қажет құрал-жабдықтарды сатып алу жөнінде тағы бір жоба әзірлеп отырмыз. Мұның бәрін қосқанда, 5 жобаға 7,7 млрд теңге қаржы кетеді. Бүгінге дейін бұл жобаларға облыс бюджетінен бөлінген 4,5 млрд теңге игерілді, – деді «Рудный жылу желілері» серіктестігінің басшысы.
Былтыр металл бағасы бірнеше есе қымбаттап кеткен соң, аталған жобаларға бастапқыда бөлінген қаржы көлемін қайта қарауды талап еткен мердігерлер өз міндеттерін атқарудан үзілді-кесілді бас тартып, құбыр жаңарту жұмыстары біраз уақытқа дейін тоқтап қалған.
– Біз қымбатшылыққа байланысты 2022 жылдың басында 4 жобаны қайта қарап шығып, түзету енгіздік. Түзетіліп, толықтырылған жобалардың бәрі мемлекеттік сараптамадан өтті. Екі жоба бойынша бюджеттен бөлінген қаржыны алдық. Қалған екеуіне бөлінген қаржы 2023 жылдың алғашқы тоқсанында түсіп қалар деп үміттеніп отырмыз, – деді А.Жүнісов.
Аталған төрт жоба бойынша Рудный қаласында ұзындығы 43 шақырым магистральды құбыр жаңартылуға тиіс. Былтыр соның 3,5, биыл 14 шақырымы жаңартылған. Ал қалған құбырларды ауыстыру жұмыстары келесі жылға қалып отыр. Осылайша, жауапты серіктестік соңғы екі жылдың ішінде Рудный мен оған қарасты екі елді мекендегі ұзындығы 182 шақырымнан асатын магистральды жылу құбыры мен одан ғимараттарға тарап кететін ішкі құбырлардың 10 пайыздайын ғана жаңартып үлгерген.
Бүгінде Рудный қаласы мен Қашар, Железорудный кенттерін қоса алғанда, жылу құбырларының 70 пайыздан астамы тозып кеткен. Дәл осы қарқынмен қаржыландырылатын болса, ескі құбырларды ауыстыру жұмыстары тек 20 жылдан кейін ғана толық аяқталады екен.
Қаланың жылу желілері мемлекеттікі болғанымен, сол жылу мен ыстық суды өндіретін қазандықтар «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту комбинатының меншігінде. Сондықтан қаланың аумағында жылу тұтынып отырған 106 875 тұрғыннан және 997 заңды тұлға мен бюджеттік мекемелерден түсетін қаржының 65 пайызы кен байыту комбинатының қалтасына түседі.
Пәтерге от жағып отыр
Меңдіқара ауданының орталығы Боровской кентінде көпқабатты үйде тұратын жұрт пәтерде пеш жағып отыр. Себебі орталық желіден берілетін жылу мүлде мардымсыз. Тұрғындар мұндай жайсыздықтың көп жылдардан бері жалғасып келе жатқанын айтады. Яғни қыс түссе пәтер жылымайды. Суық үйде жаураған тұрғындар амалсыз пәтерге ағаш отын кіргізіп, пеш тұтатып жылынып отыр. Оның сыртында, әр бөлмеге электр жылытқыштарын қояды. Соның өзінде пәтер ішіндегі жылу температурасы 15 градустан аспайды.
Мәселен, аудан орталығындағы қосқабатты үйдің тұрғыны Роза Шлегель қыс бойы жылу ақысын төлейді және оның сыртында, пешке жағатын отын сатып алады. Айтуынша, ағаштың әр текше метрі 6-8 мың теңгенің аралығында екен.
– Осы үйде тұрып жатқаныма биыл 6 жыл болады. Содан бері қыс түссе бойым бір жылып көрген емес. Үйдің температурасы әрі кетсе 15 градусқа дейін ғана көтеріледі. Биыл амалсыздан жылу құбырына ыстық су айдайтын сорғы қойғыздым. Оның өзін тексерушілер көріп қойып, алып таста деп ескерту жасап кетті. Үй ішіндегі температура сорғысыз 10 градусқа төмендеп кетеді. Жылуға, электр қуатына, отынға қыруар қаржы жұмсаймыз. Нәтиже жоқ, тіпті адам төзгісіз жағдайда тұрып жатырмыз, – дейді жыламсыраған кейуана.
Ал әкімдіктегі жылуға жауапты мамандар тұрғындардың өзін кінәлап отыр. Үйлерін жылыламайды. Пәтерге сорғы қояды, сондықтан жылу бәріне тең бөлінбейді. Бірінің баспанасы жылы, енді бірінікі суық болып тұруының себебі осыда дейді. Әйтсе де әкімдіктегілер орталық қазандықты қайнататын көмірдің сапасыз екенін, мұның сыртында, жылу желісінің де әбден ескіріп кеткенін жоққа шығармайды.
– Жылу желісі 90-95 пайызға дейін тозған. Қазандықтарды түгелдей жаңарту керек. Қазір осы мақсатта жобалық-сметалық құжат әзірлеп, бюджетке сұраным жіберуге қам жасап жатырмыз. Бұл біраз уақыт алатын шаруа, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Николай Гулаков.
Бүгінде Боровской кентінде 7 жылу қазандығы жұмыс істеп тұр. Олардың бәрі өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары салынған. Бұл қазандықтардың біреуін жаңартуға шамамен 500 млн теңге қажет. Яғни пәтерлерге тиісті мөлшерде жылу беру мәселесінің таяу арада шешіле қоятын түрі жоқ.
Балалар тоңып жүр
Қостанайдан 85 шақырым қашықта жатқан Федоров ауылындағы жалғыз қазақ мектебі де күн суытқалы жылымай тұр. Соның салдарынан білім ошағының жанындағы балабақшаға 40 баланың төртеуі ғана барып жүр. Балғындардың көбі суық тиіп ауырып жатыр. Қалған балаларды ата-аналары жібермей отыр. Мектепте оқитын 130 бала қашықтан оқуға мәжбүр. Ата-аналардың айтуынша, балалар мектепте білім алғысы келеді, бірақ салқын болғандықтан үйде отырып, онлайн режімде оқып жатыр.
Федоровтағы қазақ орта мектебінің ғимараты осыдан он жыл бұрын бой көтерген. Содан бері білім ордасы жөнді жылынбайды. Биыл тіпті азынап, сабақ өткізу мүмкін болмай қалған. Бұған дейін көмір жағып келген мектеп қазандығы жуырда жаңғыртылып, көгілдір отынға көшіпті. Газбен жанатын қазандықтың қосылғанына бірнеше күн өтсе де, білім ғимараты жылымай тұр.
– Балам екі күн мектепке барса, 10 күн ауырып қалады. Үш күн мектепке барады, 20 күн ауырып қалады, – дейді осы мектепте білім алатын оқушының анасы Мира Алмасбекқызы.
Аудан басшылығы мектептің жылымауын мердігерден көреді. Әкімнің орынбасары Рамиль Валеев наразы ата-аналарды кеткен кемшілікті біртіндеп жойып, жағдайды қалыпқа келтіреміз деп сендірді.
– Мектеп қазандығы жуырда ғана жаңғыртылып, жылыту жүйесі көгілдір отынға ауыстырылды. Мердігер жұмысты мерзімінде бітірмей, осындай жағдайға тап болдық. Барлығын қалыпқа келтіреміз, – деп уәде етті әкімнің орынбасары.
Қостанай облысы