Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Сенат депутаты Икрам Адырбековтің қатысуымен брифинг ұйымдастырылды. Брифинг аясында Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылуына байланысты алдағы уақытта жүзеге асырылатын интеграциялық үдерістер турасында әңгіме қозғалды.
Сенат депутаты өз сөзінде Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ел Президенті көрші елдермен ынтымақтастық пен әріптестікті дамытуды ел саясатының негізгі басымдығы ретінде айқындап бергеніне тоқталды: «Елбасы 1992 жылы қазан айында БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен алғаш рет сөз сөйлеген кезде Еуразиядағы экономикалық кеңістікті қайтадан жандандыру керектігіне назар аударған болатын. Міне, бүгінгі таңда бұл идея, осы ұсыныс нақты түрде іске асты. Президенттің тұрақты ұстанымына сәйкес, өңірлік интеграция елдің тек экономикалық мүддесін ілгерілетуге және дамытуға бағытталатын болады», деді И.Адырбеков.
Оның айтуынша, Қазақстан – халықаралық нарыққа теңіз арқылы шығатын жолы жоқ ел болып табылатындықтан, ішкі шағын нарық елдің экономикалық, ресурстық, транзиттік әлеуетін толық ашуға, пайдалануға мүмкіндік бермейді. Ал Еуразиялық экономикалық одақ бизнестің өрісін кеңейтіп қана қоймай, Қазақстанның 170 млн. халқы бар нарыққа шығуына мүмкіндік туғызады.
Депутат, сондай-ақ, мемлекеттің пәрменді, белсенді экономикалық саясатының нәтижесінде өндірістік инфрақұрылым құрылып, қалыптасқанын, осының нәтижесінде ескі өндіріс орындары қайтадан жаңартылып, бүгінде еліміздің барлық өңірінде жаңа кәсіпорындар салынып жатқанын тілге тиек етті. «Осының негізінде елімізде қысқа мерзім ішінде жаңа кәсіпкерлер, білімді, білікті менеджерлер тобы пайда болды. Бизнес толықтай аяғынан тұрды. Демек, ендігі кезекте интеграция көрші елдермен тең экономикалық ықпалдастық пен ынтымақтастыққа баруға мүмкіндік ашатын болады. Жалпы, Еуразиялық экономикалық одақ – өндіріс саласын дамытудың, отандық тауарды сату нарығын кеңейтудің, ұлттық бизнестің бәсекелестік әлеуетін арттырудың жаңа мүмкіндігі. Қазіргі таңда Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге қатысты жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Демек, Қазақстанның осы ұйымға мүше болуға толықтай мүмкіндігі бар», деді ол өз сөзінде.
Брифинг аясында Сенат депутаты шикізаттық емес саланы қарқынды дамыту үшін инвесторларға қолдау көрсетіліп, жаңа мүмкіндіктер қарастырылатынын да атап өтті. «Парламент осы сессияның аяғына дейін инвестициялық климатты жақсартуға бағытталған жаңа заң қабылдайтын болады. Мәселен, мамандардың зерттеуінше, Қазақстандағы инвестициялық ахуал кәсіпкерлерге салынатын салық жағынан болсын, заң тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер жағынан болсын, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау-көмек пен субсидиялар жағынан болсын, Беларусь пен Ресеймен салыстырғанда тартымды. Қазіргі күннің өзінде біздің кәсіпкерлеріміз осындай қолдау-көмектің нәтижесінде 18-20 пайыз есебінде артықшылыққа ие болуда», деді депутат. «Әрине, бұл ұзақ – мерзімді жоба. Қол қойған шарттың үш елдің парламенттерінде бір кезеңде қаралуы, ратификациядан өтуі қарастырылып жатыр. Осыған байланысты, заң жобасы қыркүйек айында Парламент Мәжілісінің қарауына түседі деп жобалап отырмыз», дей келіп И.Адырбеков осы заң жобасын талқылау кезінде депутаттардың бұл жұмысқа сарапшыларды, мамандарды тартуға да мүмкіндігі бар екенін жеткізді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».