Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов бастаған қазақстандық делегацияның Венгрияға ресми сапары барысында Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Асхат Дауылбаев Венгрияның Мемлекеттік әділет министрі Роберт Репашимен және Венгрияның Бас прокуроры Петер Полтпен кездесті.
Тараптар екі елдің құқық қорғау органдарының арасындағы өзара әрекет көпжақты және екіжақты түрде де жемісті жүзеге асырылып отырғандығын қанағаттанушылықпен атап өтті.
Осы сапар барысында Қазақстанның Бас прокуроры мен Венгрияның Мемлекеттік әділет министрі екі елдің қылмыстылықпен күрес, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету ісіндегі ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Қазақстан Республикасы мен Венгрия арасындағы қылмыскерлерді ұстап беру және сотталған адамдарды беру туралы шарттарға қол қойды. А.Дауылбаев еуропалық елдермен мұндай шарттарды жасасу еуропалық мемлекеттер тарапынан Қазақстанның құқықтық жүйесіне деген сенімінің артуының, біздің мемлекетіміздегі адамның құқығы мен бостандығын қорғаудағы кепілдемені қамтамасыз етудің жалпыға бірдей халықаралық стандартына жауап беретін тетіктердің құрылуының дәлелі екендігін ерекше атап өтті, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.