*Ақтөбе қаласында балалардың жазғы демалысына 51,7 млн. теңге бөлінді. Бұл қаражат облыс орталығындағы мектептердің 42 мыңнан астам оқушысына жаратылады. Сондай-ақ, 7 мың оқушыны қамтитын спорттық-аулалық клубтар жұмысы ұйымдастырылады.
* Оңтүстік Қазақстан облысында «Жыл шебері» байқауы мәресіне жетті. Аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтің бастамасымен қолға алынған бұл шараға Шымкент қаласындағы техникалық және кәсіптік білім беретін мекемелердің арнайы пән оқытушылары, өндірістік оқыту шеберлері мен оқушылары қатысып, шеберлікті сынға салды.
● Шығыс Қазақстан облысының әкімі дарынды балалармен арнайы кездесу өткізді. Осы басқосу барысында Бердібек Сапарбаев түлектерге аймақта қандай мамандықтар бойынша сұраныстың жоғары екенін айтты. Оның мәліметінше, өндірісті өңірге түсті металлургия, ақпараттық технология, құрылыс, энергетика секілді салалар үшін мамандар ауадай қажет.
* Ақмола облысында барлық әлеуметтік нысан 15 тамызға дейін дайын болады. Мұны айтқан аймақтың жаңа басшысы Сергей Кулагин аппарат кеңесінде өңірдегі көктемгі дала жұмыстарына бұрынғысынша айрықша мән берілетініне де тоқталды.
* Соңғы күндері қызылордалық 5 жасар вундеркинд елдің аузында жүр. Шынында, қаланың 5 жасар тұрғыны Ерхан Исламбектің математикаға ынтасы мен есте сақтау қабілеті ерекше таңғалдырады. Ол миллионға дейінгі есептерді ауызша шекілдеуікше шағып, шығара береді.
* Талдықорғанда Серік Сәпиев туралы деректі фильмнің тұсауы кесілді. Ілияс Жансүгіров атындағы сарайда өткен шараға атақты боксшының өзі де қатысты. Ал 30 минуттық лентаны оның авторы әрі продюсері Ольга Сапожникова өз қаржысына түсірді.
«ҚазАқпарат», 24.kz, Аltaynews.kz, Alau.kz,
Egemen.kz агенттіктері мен облыстық әкімдіктер сайттары ақпараттары бойынша дайындалды.