«Аспан астындағы мұражай» атанған Маңғыстау көне дәуір кереметтерімен де көпшілікті таңғалдырады. Тек тарихи-мәдени нысандар немесе өзіндік табиғат ерекшеліктері емес, Маңғыстауда әлемдік ғылыми қауымдастықтың қызығушылығын тудырып, зерттеу нысанына айналатын ежелгі дәуір жәдігерлері жиі табылады. Болашақта қор мұнан да зор жәдігерлермен толыға түсетініне сенім мол.
Ә.Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ежелгі Тетис құпиялары» палеонтологиялық көрмесі ашылып, көз тартып, көңіл тамсандыратын небір керемет жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды. Миллиондаған жылдар бұрын тіршілік еткен плезиозаврдың жақ сүйегі, ихтиозавр, қазба тасбақа қаңқасының бөлшектері, ежелгі дельфин сүйектері мен акулалардың тістері, өзге де қызықты экспонаттар қойылған көрмеде ежелгі Тетис мұхитының түбінде өмір сүрген алып бауырмен жорғалаушы – эласмозаврдың қайта құрастырылған қаңқа сүйегі басты жәдігер болды.
Музейде суретші-қалпына келтіруші болып үш жылдан бері қызмет етіп жүрген қызметкер А.Бисембаеваның айтуынша, палеонтологтер алдымен 850 миллион жыл бұрын тіршілік еткен жануардың мойын омыртқасын ғана тапқан, ұзындығы 6 метрге созылатын элласмозаврдың толық қаңқасын қайта қалпына келтіру жұмыстары 5 айға жуық уақыт алған. МГУ аспиранты, палеонтолог Н.Зверьковтің бағамдауынша, 2017 жылы Шетпе маңынан табылған эласмозавр қаңқасының бір бөлшегі дүние жүзінде сақталуы бойынша төртінші орында тұрған құнды жәдігер. 2019 жылы ресейлік палеонтологтердің қазба жұмыстары нәтижесінде Сулы Қапы маңынан ихтиозавр қаңқасы табылған еді. Көрмеде қазба нәтижесі – палеонтология жаңалықтары көрермен назарына ұсынылды.
Көрмені тамашалаушылар өз таңданыстарын жасыра алмады. Ал әлі даңғыл жолға түсіп кете алмаған, бірақ болашағы зор ғылым саласы саналатын палеонтологияға қызығатын жастар да аз емес екен. Мектепте жүріп-ақ, Маңғыстау даласына экскурсияға шығып, жетекшілерімен бірге қазба жұмыстарына қатысатын, өз жеке қорына бірнеше жәдігерлерді топтастырып үлгерген оқушылар да бар. Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі аталған көрме арқылы өз келушілеріне тағылымды шара, көтеріңкі көңіл, рухани кеш сыйлай алды.
Маңғыстау облысы