Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті 2022 жылдың 6 желтоқсанынан бастап базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейіне дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Шешім инфляциялық қысымды төмендетуге және инфляциялық күтулерді тұрақтандыруға бағытталған. Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов неліктен мұндай шешім қабылданғанын түсіндіріп, қабылданған шаралар қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және экономика субъектілерінің жинақтау белсенділігін қолдауға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, маусым айынан бастап теңгедегі депозиттердің артуы байқалады. Депозиттердің жалпы көлемі тарихи максимум – 30 трлн теңгеге жетті. Депозиттердің долларлануы биылғы ең жоғары деңгей – ақпандағы 38,4%-дан қазан айының соңында 35,3%-ға дейін төмендеді.
«Валюта нарығы өз балансын таба бастады. Сәуір айынан бастап Ұлттық банк шетел валютасын сату бойынша интервенциялар жүргізген жоқ. Біз экономикадағы дисбаланстардың жинақталуын болдырмайтын икемді бағам белгілеу режімін ұстануды жалғастырып келеміз. Жалпы, баяулауға қарамастан, кредит беру оң аймақта. Сараланған саясат банктердің экономикаға несие берудің оң өсу қарқынын сақтауға мүмкіндік береді. Мәселен, қазан айында экономикаға берілген кредиттер халық пен бизнеске теңге арқылы несие ұсыну есебінен жылдық мәнде 21,5 трлн теңгеге дейін, 24,9%-ға өсті, ал жыл басынан бері 16,1%-ға өсті. Базалық мөлшерлеме жөніндегі шешім осы процестерді нығайта түседі және ортамерзімді кезеңде инфляция бойынша мақсатқа қол жеткізуге ықпал етеді», деді Ғ.Пірматов.
Оның сөзіне қарағанда, 24,1%-ға дейін жеделдеген азық-түлік өнімдері бағасының өсуі инфляцияға ең көп үлес қосуда. Базалық инфляция әлі де жоғары деңгейде қалыптасып келеді.
«Айлық мәндегі инфляция туралы айтатын болсақ, биылғы қараша айында бұл алдыңғы 2 аймен салыстырғанда 1,4%-ға дейін баяулағанына қарамастан, көп жылғы орта деңгейден асып, жоғары деңгейде қалып отыр. Халықтың инфляциялық күтулері тарихи ең жоғары деңгейге жақын. Биылғы қараша айында инфляцияны медианалық бағалау 18,2% болды. IV тоқсанда кәсіпорындардың инфляциялық күтулері де рекордтық мәнге жетіп, 17,6% болды. Тауар жеткізу жолдарының бұзылуына байланысты тұрақсыз инфляциялық күтулер қысқа және ұзақмерзімді тауарларды тұтынуды ынталандырып, тұрақты инфляциялық қысымға алып келді», деп түсіндірді.
Ол сыртқы сектордың негізгі факторлары ретінде геосаяси жағдайдың белгісіздігін және әлемдік азық-түлік бағасының жоғары деңгейін атап өтеді. Бұл факторлар алдағы уақытта шешім қабылдау кезінде сүйенетін негізгі қисын болмақ.
«ФАО индексі биыл қазан айында іс жүзінде өзгеріссіз қалды. Бұл ретте астық бағасы өткен аймен салыстырғанда 3%-ға көтерілді. Базалық сценарийде азық-түліктің сыртқы бағасының біркелкі төмендеуі күтіледі, бірақ олардың деңгейі жоғары болып қалады. Жаһандық экономиканың баяулауы жалғасуда. Халықаралық валюта қорының соңғы болжамдарына сәйкес әлемдік экономиканың өсу қарқыны осы жылы 3,2%-ға дейін баяулайды. 2023 жылы баяулау жалғасады, өсу қарқыны 2,7%-дан аспайды. Әлемнің көптеген елінде инфляция жеделдеп, бірнеше онжылдықта ең жоғары көрсеткіштерге жетіп отыр. Көптеген елде инфляцияның шарықтау шегіне жетуі 2023 жылғы бірінші тоқсанда, ал оның нысаналы мәндеріне қайтып оралуы 2024 жылдың соңына қарай күтілуде. Осыған байланысты болашақта сыртқы ортаның дезинфляциялық сипатта болатынын күтеміз», деді Ұлттық банк төрағасы.