• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 07 Желтоқсан, 2022

Берекелі ақбас сиыр

455 рет
көрсетілді

Ел ішінде төрт түлік малдың басын көбейтіп, ақ-адал еңбегімен босағасына береке байлап отырғандар аз емес. Малсақ қауымның осы бір өнімді ісі өзгеге үлгі болуға әбден лайықты.

Жақсының жалпақ даласы мал бағуға біршама қолайлы өлке. Терісаққан төңірегі қара отқа тұнып тұр. Терісаққан ауылының тумасы Сейілбек Жолдыбаев 2007 жылы «София» шаруа қожалығын құрған. Ауқымды істі бірден қолға алмағаны да белгілі. Әуелі қабырғасымен кеңескен. Қарап отыруға болмас, тырбанып тіршілік еткен ләзім. Бірақ салмағы бесбатпан шаруаны қай тараптан өрістеткен дұрыс, қолынан не келер еді, қай істі бас­таса қайтарымы болады деген сан алуан сауал түн ұйқысын төрт бөліп, тынышын әбден кетірген. Ақыры атакәсіп мал бағуды жөн көрді. Оның ішінде де бейнеті бесбатпан қара мал. Солтүстікте қыс ұзақ. Қара мал табандатқан жеті ай бойы қолға қарап, қорада тұрады. Қыруар жемшөп қажет. Ал оны да­йындау үшін техникаң сақадай сай болуы әрі жайылым мен шабындықтың да жет­кілікті болуы шарт. Міне, осы мә­селелерді егжей-тегжейлі ой елегі­нен өткізген Сейілбек мал баға қалған күнде тұқымын асылдандыру керек деп шешті. Кешегі кеңес зама­нында бұл төңіректе қазақтың ақбас сиыры бағылатын. Мыңдаған мал­ды бағыты белгісіз «бартердің» жұт­ып қойғаны да шындық. Талай кеңшар­лар тақырға отырып қалды емес пе?!

Әуелі аздан бастаған. Әйтсе де, ойына алған шаруа оңынан оңға­ры­лып, тепкен тасы өрге домалай бас­тады. Енді бір сәт оның серпін берген себебін айта кетелік. Шаруа қо­жалығының басшысы мал тұқымын асылдандыруға ден қойған. Онда да бағым-күтімін, ерекшелігін, ең бас­тысы, артықшылығын жақсы білетін қазақтың ақбас малы. Негізінде мал баққан қазақ қауымы төрт түлік малын табиғи сұрыптаудан өткізіп, төл туындысына айналдырды десек артықтығы жоқ. Бір ғажабы, мал да табиғатына тартады екен. Мәселен, оң­түс­тікте, әйтпесе шығыста бағыл­ған сиырлар бойшаң әрі ірі болып келе­ді. Табиғаты қаталдау, қуаң аймақ­тарда өсірілген сиырлардың денесі шағындау болғанымен, табиғаттың қатал сынына төзімді. Ал ақбас сиыр малшының маңдай терін ақ­тайтыны даусыз. Оқырманға түсі­нік­ті болуы үшін төл малымыз тура­лы бір ауыз сөз айта кетсек артық болмас. Кейіпкеріміздің айтуына қара­ғанда, қазақтың нағыз ақбас қара малы түсі қызыл, бауыры мен сирағы ақ болады. Кеудесі кең, мейлінше етті, аяқтары қысқа әрі берік келеді. Малмен көзін ашқан қауымның айтуына қарағанда, әбден жетілген бұқасының орташа салмағы 800-900 кило төңірегінде. Сиырының өзі 450-500 кило салмақ тартса керек.

– Жеті-сегіз айлық торпақтар 200 килоға еркін жетеді, – дейді шаруа қожалығының басшысы Сейілбек Жолдыбаев. – Мен қаңтар айында төл аламын. Сонда бұзауларым күзге дейін әбден көтеріліп, бойына ет жинап, өсіп қалады. Атам қазақ «мал баққанға бітеді» деп тегін айтпаған. Мал басы көбеюі үшін сол малдың ішінде өзің жүріп, бейнетін белден кешсең ғана берекенің ауылы жа­қындайды. Ілкіден қалған ғибрат осы.

Бағзы заманнан бері төрт түліктің жайын біздің жұрт жетік білген. Кейбір тарихи шығармаларда Алаш даласында көк шалғыны белден келетін жайылымда өскен қазақ­тың қара малының еті Ресейдің базарларында жақсы бағаланғаны жазылған. Иен даланың төсін төрт түлік толтырғаны да анық. Мәселен, Торғай өңірінде 1895 жылы бір адамға шаққанда 13 бас сиырдан келген. Міне, осындай құтты өңірде қазір де азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін төрт түлікті өз төлі есебінен көбейтіп, мыңғыртып өсіруге әбден болады. Ол үшін тек ынта мен жігер болсын деңіз. Бағымындағы мал басын асылдандырамын деп алға ұмтылған шаруа қожалығының басшысы соңғы он жылдың ішінде бес мәрте асыл тұқымды бұқа сатып әкеліп, табынға қосты. Бұл тарапта мемлекеттен көрсетіліп жатқан көмекке де дән разы. Өйткені әр бұқа үшін субсидия ретінде шығынының дені өтеліп тұр.

– Қазір мал бағамын деген адамға барлық жағдай жасалған, – дейді Сейілбек Жолдыбаев. – Тек ерінбей еңбек ете білу керек. Сонда ғана ырыс үйіріледі.

Қолдағы қара малдың тұқымын асылдандыру үшін герефорд тұқым­дас бұқа да әкелген. Малсақ жан­ның айтуына қарағанда, ақбас екеуінің арғы тегі бір. Қан араласқанның кесірі жоқ, қайта будандасқан тұқым өсімтал келмек.

– Ақбас сиыр – нағыз қазақтың төл малы. Біздің табиғатқа әбден жерсінген, қысқа төзімді. Қақаған аязға қыңбайды. Тек өткір желдің өтін­де қалмаса болғаны. Төлдері де тез аяқтанып кетеді. Бұзаулары да ерте­рек ет жинайды. Мал азығының кез келген түрін жей береді. Ең басты­сы, еті мол болғандықтан, еңбегің өтеледі. Етті бағыттағы мал өсіріп отыр­ға­нымызбен, сүтін де сауып, қажеті­мізге жаратудамыз. Осы арада ақбас сиырлардың сүт көлемі аздау болғанымен, құнарлылығы мен май­лылығы жоғары екенін айта кету керек. Әрине, шаруашылықты ұйым­дас­тырудың өзіндік қиыншылық­тары да, қолбайлау болатын тұстары да баршылық. Мәселен, әріге бармай-ақ өз ауданымыз туралы әңгіме өрбітер болсақ, ең алдымен жайылымдық және шабындық жерлердің аздығын айтуға болар. Бірақ қазір мемлекет тарапынан бұл мәселеге қатты көңіл аударылып жатыр. Бұрынғыдай бай­тақ жерді бауырына басып, не өзінің, не өзгенің кәдесіне жаратпай, босқа иемденудің тамырына балта шабылады екен. Дұрыс емес пе, жер бос жатпауы керек. Ол – игіліктің бастау көзі. Берекесін ел көрсін. Бірақ осы арада ел ішінде еңбекке ұмтылыс, адал еңбегімен жанын жалдап күн көремін және сол еңбегіммен жалпы қоғамға пайдамды тигіземін деген ұмтылыс болуы керектігін сыналап айта кетсем, артықтығы болмас деп ойлаймын. Екі қолға бір күрек таба алмай қаңтарылып отырған жастарды көргенде қынжылатынымыз рас. Ақыл айтуға әркім де шебер, бірақ құрғақ ақыл қырға шығармайды. Адам өзгеге өнеге көрсету үшін өзі еңбек етуі керек.

Шаруа қожалығының бағымын­дағы жүзге жуық қара малға әбден жететін жайылым және шабындық жері бар екен. Мал суаруға қажетті құдықтарын қазып алыпты. Жаз бойы көрші шаруашылықпен бірлесіп мал бағады. Бір-бірінің шаруасына қолғабыс көрсетеді. Ел ішінде отырған соң онсыз тағы болмайды. Ең бастысы, елдің бағымындағы мал тұқымы сәл де болса осындай еңбекқор, тындырымды адамдардың арқасында жақсарып келеді. Демек, табыс та мол болмақ. Асыл тұқымның аты асыл емес пе?!

 

Ақмола облысы,

Жақсы ауданы