Кәсіподақ қай кезде де жұмысшының құқын қорғаудағы жауапкершілігінен бас тартқан емес. Өйткені, бұл кәсіподақтың міндеті ғана болуымен шектеліп қалмайды. Жұмыс беруші кәсіподақтың талабымен санасады, ал жұмысшы кәсіподаққа арқа сүйейді. Міне, осының дәлелі болса керек, биылғы жыл басында біздің есебімізде 1 аймақтық, 7 облыстық салалық және 1 осыларға теңестірілген комитеттерде 79797 мүше біріктірілді. Біздің құрамымыздағы кәсіподақ мүшелерінің саны соңғы 5 жылғы, яғни 2005 жылғы есеппен салыстырғанда 1044 адамға өсті. Бұл өз мүшелерімізбен арада тұрақты қарым-қатынас орната алғанымызды байқатады.
Рас, біздің сандық құрылымымыз өзгеріске ұшырады. Мәселен, облыстық балық өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті жойылып, агроөнеркәсіп кешені кәсіподақ мүшелерінің саны азайды. Оқудың коммерциялық түріне ауысуына байланысты студенттердің саны үш есеге жуық төмендеді. Біз өз мүшелерімізден айырылып қалудан қашып құтыла алған жоқпыз. Алайда, олардың орнын жаңа мүшелер мен ұйымдардың, әсіресе, мұнай және құрылыс салаларының қосылуы арқылы толықтыра алдық. Осындай жаңа мүшелеріміздің саны айтарлықтай өсіп, 6221 адаммен толықты. Бұлардың арасында әйелдер құрамы 3350 мүшемен толықты. Жастар мен цехтық кәсіподақ ұйымдары 232 бірлікке көбейді. Керісінше, жұмыстан босатылған кәсіподақ қызметкерлерінің саны азайды.
Кәсіподаққа еңбекшілерден өтініш-арыздар жиі түседі. Әсіресе, шетелдік инвесторлардың қатысуымен құрылған бірлескен кәсіпорындарда қазақстандық жұмысшылардың құқын бұзу фактілері ұдайы кездеседі. Мәселен, “Гате Иншаат Таахют Санайи ве Тиджарет” компаниясында кәсіподақ ұйымы болмағанмен, біз ұжымдағы еңбек дауларын реттеуді қажетті деп таптық. Сол себептен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Атырау облысы бойынша департаментіне арыздандық. Біз кәсіпорын басшыларының белсенді қарсылығына қарамастан, кәсіподақ ұйымын құруды, ұжымдық шарт жасақтауды ұсындық. Кейін осы жұмыстардың бәрі де іске асырылды. Шетелдіктер қатысатын көптеген кәсіпорындарда еңбек заңдылықтары мен еңбекті қорғау, ішкі рыноктағы жұмыс күшін сақтау, көші-қон заңнамаларының нормаларын сақтаудағы қоғамдық бақылау жүргізуден де шет қалған жоқпыз. Осыған орай облыс әкімдігі жанындағы комиссия жұмысына араластық. 2006-2007 жылдары осы комиссия отырыстарында “Боннати С.П.А”, “Гате Иншаат Таахют Санайи ве Тиджарет”, “Сенімді құрылыс”, “ЮСС Суппорт Сервисисез”, “Алтиес Петролеум Интернешнл Инк” және басқа шетелдік кәсіпорындардың жұмысы қаралды. Нәтижесінде облыс әкімінің қолдауымен 2007 жылдың соңында осы кәсіпорындарда ұжымдық келісім жұмыстарының басталуымен кәсіподақ ұйымдары құрылды.
Елімізде жаппай қолдау тапқан ұжымдық шарттар жасақталғанда, кейбір жұмыс берушілер, соның ішінде шетелдіктермен бірлескен кәсіпорындар келісім-шартқа Еңбек кодексі тармақтарына қайшы келетін жағдайларды кірістіріп қояды. Бұл, әсіресе, еңбек жағдайы мен оған ақы төлеуге қатысты болып келеді. Ал әлеуметтік пакеттер мүлдем қарастырылмайды. Міне, осыдан кейін отандық қызметкерлермен, жергілікті мамандармен қарым-қатынас барлық уақытта толыққанды әрі ашық бола бермейді. Мұндай келеңсіздіктер еңбек заңдылықтарының көптеп бұзылуына, сөйтіп, қызметкерлердің наразылық акциясына шығуына әкеліп тірейді. Міне, сондықтан шетелдік фирмалар мен бірлескен кәсіпорындардың қызметкерлерін мүшелікке тартып, олардың құқын бұзуға қатысты келеңсіздіктерді қолданыстағы заңдылықтар шеңберінде шешуге тырыстық. Бұл бағыттағы біздің белсенді жұмысымызға облыс әкімдігі тарапынан көп қолдау көрсетілді.
Кәсіподақ өкілдерінің кәсіподақ құрылмаған мекемеге кіруге құқы жоқ. Ал кәсіподағы жоқ мекемелерде еңбек заңдылығы мен отандық жұмысшы құқы бұзылуы мүмкін ғой. Мұндайда не істеу қажет? Қол қусырып отыруға болмайды. Белгілі бір дәрежеде еңбек қатынастарына, жұмысшылардың заңды құқығын сақтауды бақылауға алуға ықпал ету үшін әр түрлі комиссиялар, облыс әкімдігінің мемлекеттік органдарды қадағалау жөніндегі жұмысшы топтары құрамдарына қатысу аясын кеңейттік. Осындай нәтижелі жұмыстардың бірі ретінде Аджип ҚКО компаниясының “Болашақ” зауытының құрылысын жүргізуші мердігер, қосалқы мердігер компанияларымен бірнеше мәрте кеңестер, жиналыстар өткізілді. Сондай жиналыстың бірін облыс әкімі 2009 жылдың соңында өткізіп, еңбек заңдылығының сақталуын қатаң талап етті. Ал кәсіподақ комитетінің төрағалары Аджип ҚКО-ның аймақтық директорымен үш қайтара кездесіп, осының 7 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды. Кәсіподақ құрамына 1250 адам мүшелікке тартылды.
Елімізде көптеген заңдарға түзетулер мен өзгерістер ұдайы енгізіліп келеді. Бұл – өмір талабы. Соңғы жылдары қолданысқа енгізілген Еңбек кодексі тек жұмыс берушілердің ғана емес, біздің де жұмысымыздың заңнамалық базасын түпнұсқасымен өзгертті. Сонымен бірге, жаһандық экономикалық дағдарыс та жұмысымызға шынайы түзетулер енгізуімізге ықпал етті. Өйткені, қаржы дағдарысын желеу ететіндер көбейді. Мұның кері әсері жұмысшыларға тиеді. Мұндай келеңсіздіктің алдын алудың бір шарасы – меморандумға қол қою. Облыстағы қызметкерлер саны 500-ден жоғары 700-ден астам кәсіпорынның жұмыс берушілері мен кәсіподақ төрағалары облыс, аудан әкімдерімен жұмыс орындарын, еңбек заңдылықтарын, дағдарысқа қарамастан, еңбекақы мөлшерін сақтау мақсатында меморандумдарға қол қойды. Бұл құжаттың мазмұны кәсіподақ федерациясымен келісіліп, енді сол меморандум шеңберіндегі талаптар мен міндеттемелердің орындалуына мониторинг жұмыстары жүргізілуде.
Міне, осылайша кәсіподақ федерациясы жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы дәнекер болумен бірге, Қазақстан заңдарының сақталуын ұдайы қадағалайды. Жұмысшы қай кезде де кәсіподаққа арқа сүйейді. Кәсіподақ үнемі жұмысшының құқық қорғауға белсене араласады. Мұны ең басты міндеті деп түсінеді.
Тілекқабыл ҚАБДОЛОВ, Атырау облыстық кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Атырау облысы.