• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Желтоқсан, 2022

Екібастұзда төтенше жағдай режимі алынып тасталды

409 рет
көрсетілді

Бүгін Екібастұз қаласының әкімі жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы ТЖ режимінің күшін жою туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұған дейін ТЖ режимі Екібастұз қаласы әкімінің осы жылы 28 қарашадағы №3 шешімі негізінде енгізілген болатын. ТЖ жою үшін жергілікті атқарушы органның әкімшілік ресурсы ғана емес, азаматтар, кәсіпкерлік субъектілері, кәсіпорындар мен еріктілер де тартылды. Барлық көппәтерлі тұрғын үйлер жылумен қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар көппәтерлі және жеке жер үйлерде гидравликалық режимді қалпына келтіру бойынша реттеу жұмыстары жалғасатын болады. Сәтбаев, 8 және Мәшһүр Жүсіп 52 көшелеріндегі үйлердің 7 корпусында су мен кәрізді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Жеке сектордың жылумен жабдықтау жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Орталық жылумен жабдықтауға қосылмаған тағы 40 жер үй бар. 8 бригаданың күшімен қаланың жылу трассаларындағы ұсақ ақаулар мен зақымдарды жою жұмыстары атқарылуда.

«Магистральдық және орамішілік желілердегі температуралық параметрлерді теңестіру және реттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Тұрғындар жылумен жабдықтау мәселелерімен «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС апаттық қызметіне тәулік бойы жүгіне алады. Үй-жайларда қажетті температуралық режим белгіленгеннен кейін мектептер мен балабақшалардың жұмысын штаттық режимде қайта бастау жоспарланып отыр», делінген хабарламада.

ТЖ-дан зардап шеккен азаматтардың өтініштері қабылданады. Өтініштер тіркелгеннен кейін одан әрі өтеу үшін залалды айқындай отырып, тұрғын үйді комиссиялық тексеру жүргізіледі. ТЖ аймағында зардап шеккен азаматтардың залалын өтеу «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС есебінен жүргізіледі.

Жылусыз қалған үйлер қараша және желтоқсан айларына жылумен жабдықтау қызметтері үшін ақы төлеуден босатылады, қалған жағдайларда – қайта есептеу жүргізіледі.

ТЖ режимі кезінде тұтынылған электр энергиясының қызметтерін қайта есептеу мәселелері қарастырылып жатыр.