Қорғаныс министрлігі запасқа шығарылған және жабық әскери қалашықтарда тұратын әскери қызметшілердің тұрғын үй мәселелерін шешуді жалғастырып келеді. Алматы өңірлік гарнизонының аудандық пайдалану бөлімінде Қарулы Күштер Әскери инфрақұрылым бас басқармасының өкілдері бұрынғы әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері жөнінде кезекті кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қорғаныс ведомствосының бастамасымен 2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап күшіне енген заңнамадағы өзгерістердің арқасында еңбек өтілі 10 жылдан асқан, дегенмен 20 жылға жетпеген бұрынғы әскери қызметшілер жабық әскери қалашықтардағы қызметтік тұрғын үй алаңын қалдық құны бойынша жекешелендіру құқығын пайдалану арқылы басқа пәтерге айырбастай алады.
Кездесу барысында жабық әскери қалашықтардағы тұрғын үйлерді жекешелендіруге жататын пәтерлерге айырбастау мүмкіндігі туралы түсініктемелер мен мәліметтер де берілді.
Алматыда тұрғын үйге сұраныстың артуын ескере отырып, Әскери инфрақұрылым бас басқармасы пәтер үлгісіндегі екі жатақхананың мәртебесін өзгертті. Тиісті қайта жоспарлау және жөндеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін 16 бір бөлмелі және 15 екі бөлмелі пәтер қоныстануға дайын. Осы үйлерден барлығы 160 пәтерді жекешелендіруге беру жоспарланып отыр.
Бұл бағыттағы жұмыс еліміздің барлық өңірлерінде жүргізіліп жатыр. Қазір Алматыда, Ақтауда, Ақтөбеде, Жезқазғанда, Таразда және Абайда пәтерлер алмасуға ұсынылуда. Айырбастау қоры туралы толық ақпарат Қорғаныс министрлігінің сайтында жарияланған.
Айта кету керек, бүгінгі таңда әскери қызметтен босатылған және жабық әскери қалашықтарда тұратын 700 азаматтың 463-і алмасу құқығын пайдаланды. Қабылданған шаралар бұрынғы әскери қызметшілердің осы санатына тұрғын үйді меншікке алуға және ресімдеуге, ал қарулы күштерге әскери қызмет өткергендер үшін қызметтік тұрғын үй қорын босатуға мүмкіндік береді.