Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, жазушы Бауыржан Ғұбайдуллиннің «Қараша қаздар қайтқанда...» атты кездесу кеші өтті.
Қадыр орталығының «Елеулі есімдер» атты дәстүрлі жобасы аясында өткен іс-шараға халық көп жиналды. Кеш иесін орталық директоры Бауыржан Халиолла құттықтап, Батыс Қазақстан облыстық Мәдениет басқармасының және Қадыр орталығының атынан Алғысхаттар мен естелік сыйлық табыс етті.
Сахна төріне Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Отан» және «Құрмет» ордендерінің иегері, ақын Ақұштап Бақтыгерейқызы шығып, қаламдас інісі туралы толғана сөз сөйледі. Қаламгерді жерлестері – Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Бақберген Әбуов пен Теректі ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Рауан Сатыбалдиевтер де құттықтады.
Осы кеште Бауыржан Файзоллаұлының жаңа қыры – сазгерлік қабілеті де көпке танылған сәт болды. Әндерді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Қанатқали Қожақов, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты Нұржан Тасболатов пен Дархан Құлбабаев, «BatysStar» тобы керемет орындады.
Кеш барысында жазушы шығармашылығы жөнінде әсерлі әңгіме өрбіді. Әсіресе қаламгердің екі жыл бұрын баспадан шыққан «Биленбеген вальс» кітабы хақында оқырман қауым, жастар бірнеше сұрақ қойды. Автор олардың бәріне ыждағатпен жауап беріп, шығармашылық шеберханасы туралы ой бөлісті.
Бауыржан Ғұбайдуллиннің ұлы Алпамыс Файзолла да әке ізін жалғаған жас ақын, аудармашы. Кеш барысында Алпамыс Астана қаласынан Қадырсарайдың көрермен залына онлайн қосылып, әкеге арнаған өлеңін оқып берді.
Батыс Қазақстан облысы